Кенже бала туралы тақырып іссапарда жүргенде, Макинканың қарттар үйінде болған кезімде ойға оралып еді. Қарсы алдымда жанарымен жер шұқып қазақтың қара шалы отырды. «Сырлы аяқты сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей уақыттың қатал тезі тоздырғанымен, бір кезде екі иығына екі кісі мінгендей аптал азамат болғандығы андағайлап көрініп тұр. Сол азамат бүгінде тағдырдың салған жүгін көтере алмай еңкіш тартқан, еңсесі төмен түскен. Еңсесі ғана емес, рухы да басылып қалғандай. Саусағының ұштары тынымсыз дірілдейді. Әлде жүйке, әлде сарыуайымның салдары.
Жүзіндегі айғыз-айғыз әжім өкінішпен өткен өмірдің терең соқпақтары тәрізді. Жасаураған көзінің аясынан мөлт-мөлт етіп шыққан жалғыз тамшы ұзын кірпіктің ұшынан үзіліп түсіп, терең әжімнің бойымен төмен қарай сорғалап бара жатты. Тағдырына налыған, қас-қағым сәтте өте шыққан қайран да қайран ғұмыр, соңы мағынасыз өмірдің ащы запыраны қиындықты көп көрген кеудеге кептеліп тұрып қалған тәрізді, анық, айқын сөйлей де алмайды. «Өмірдің басы – сайран, соңы – ойран» деген осы-ау, сірә.
Бар айтары – тәубә! Несі тәубә, қай жетістікке тәубә. Асарын асап, жасарын жасап, кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жер басып тірі жүрген сегіз бала асқар тау әкеге қарамай кетіп, қарттар үйін паналап отырғандығы ма? Сол кезде ойыма қазақтың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан кенже баласы дәстүрі оралған.
КЕНЖЕ БАЛА КІМ?
Кенже ұл дегеніміз кім? Кенже бала – отбасының ең кішісі. Ықылым заманнан бері шаңыраққа ие болып қалу, ата-ананы бағу осы кенже баланың маңдайына жазылған парызы мен қарызы еді.
Қазақтың келелі әңгімелерінің көбі дастарқан басында айтылады. Кейін арада біраз уақыт өткен соң бір үлкен шаңырақта мейман болып отырғанбыз. Дастарқан басындағы әңгіменің аужайы ата-ана тақырыбына ойысты.
– Өздеріңіз білесіздер, біз сегіз ағайындымыз ғой, – деді үй иесі Қонысбай.
Әлдебір себептермен отбасынан ажырасқан, қазір уақытша жұмыссыз жүрген кіші інімнің де кемпір-шалдың қолына барып тұруына әбден болар еді. Ата-анамыздың жастары да сексенге таяп қалды. Енді ауылдық жерде мал ұстау, мал ұстағаны былай тұрсын, күнделікті суын тасып ішу, отын жағу оңай емес қой. Әйтеуір, ел іші болған соң, елбесіп-селбесіп күн кешіп жатыр.
– Қазір қай жаққа қарасаң да мұндай көрініс тұнып тұр ғой, – деді төрде отырған Төребек ақсақал, – Біздің елде 12 баласы бар отбасы бар еді. Әлгілердің тоғызы ұл. Солардың барлығы ұясынан қанаттанып ұшқан құстың балапандары тәрізді жан-жаққа тарап кетті де, шүйкедей кемпір-шал құды жетімдер құсап ауылда қалды. Тіпті айтуға ұят. Қазақтың бір ата-ана он баланы асырай алады, ал он бала жиналып, бір ата-ананы асырай алмайды дегені рас сөз. Кей-кейде ойлайсың сонда ата-аналар жанын жалдап, еңбек етіп осы балаларды не үшін өсірді. Күнді түнге, түнді күнге ұластырып табаны тастан таймаған тарланбоз тәрізді уақытпен санаспай еңбек етіп, әрқайсын киіндіріп, ішіндіріп, өресі жеткенше тәлім-тәрбие беріп, оқытып-тоқытқан еңбегінің өтеуі осы болып па?
Ілкі заманда кенже ұл ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай өте қымбат бала болатын. Өйткені, ол осы қара шаңырақтың мұрагері және нақ иесі. Сол есептен де ата-ана оған үлкен жауапкершілік артып, өзінің ақыл-кеңесін айрықша ілтипатпен беруге тырысатын. Өзге баладан гөрі кенже баланы көбірек еркелететін. Әрине, отбасының үлкен балалары да ата-анасына көмек берулері керек. Бірақ негізгі салмақ кенже баланың мойнында.
– Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарайтын біздің отыз үйлі Егіндіағаш ауылында әулеттің қара шаңырағын ұстап қалған ағамның баласы, Мұқыш шалдың немересі Қазыбек қана. Жасымыз жер ортасынан ауғаннан кейін жүріптұру қиын. Сонда да алтын бесік ауылды аңсап, сағынып барамыз. Сағыныштың самалы көкіректегі көп ойды тербеткенде, туған жердің гүлі түгілі жусанын сағынасың. Сондай сапарда ат басын тірейтін жер – осы Қазыбек отырған қара шаңырақ. Атамыз Мұқыштан қалған қара шаңыраққа ие болып қалған Қазыбек інім мен Раушан келінімді осы әрекеттері үшін айрықша жақсы көремін. Келінімнің маңдайынан иіскеп, інімнің арқасынан қағамын. Біздің ауылда бұлардан басқа қара шаңырақтың берекесін қожыратпай қалған кенже бала және жоқ, – дейді белгілі айтыскер ақын, журналист Жұмабай Есекеев.
КЕНЖЕ – ТЕМІРҚАЗЫҚ
Кенже бала жалғыз бір ғана шаңырақтың иесі емес екен. Бір шаңырақ, бір әулет былай тұрсын, бұл дәстүрдің тұтас ауылға қатысы бар. Айталық, әр шаңырақта кенже бала қалып, шаңыраққа ие болып, түтін түтетіп отырса, сол шаңырақтан әлденеше бала өрбімес пе еді. Бала болса шағын ауылдардың түп қазығы болып отырған мектеп те жабылмайды. Елде бас көтерер азаматтар ұйысып, қауымдасып еңбек етсе, тіршіліктің тынысы тарылмайтындығы ақиқат.
Демек, кенже бала ғұрпы әулеттің ғана тағдыры емес, тұтас ауылдың, елдің тағдырына әсер етеді екен. Кенже баланы туған жердің топырағынан табан аудартқан жаппай жұмыссыздықтың салқыны. Жоқшылықтың екпіні мен тепкісі. Егер ауылда жұмыс болып, ай сайын тұрақты жалақысын алып отырса, кенже балалар ата-анасына қамқор болып, әлпештеп бағып, аялап күтіп шаңырағында отырмас па еді. Кенже балалардың өсіп жетілген ұясын тастап, үдере көшуі шаңырақтың ғана емес, ауылдың да қабырғасын қаусатып кетті.
КЕНЖЕ БАЛА – ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ
Кенже баланың қара шаңырақтан ат құйрығын үзіп кетуінің тағы бір себебі келін мен ененің арасындағы қарым-қатынас. Оның да себеп-салдары біздіңше тым әріде жатыр. Бағзы замандағыдай әр шаңырақтан әлденеше баланың өрбуі сирек. Қазір қалалық жерді былай қойып, ауылдың өзінде бір-екі баламен ғана шектеледі. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жұтаңдығынан! Ал психолог мамандардың айтуына қарағанда, жалғыз-жарым өскен балалар өзімшіл. Тек өз қара басын ғана ойлайтын адам болып қалыптаспақ. Ал ондай келіннің көпшілік ортада, жаңа отбасында сыйыса беруі мүлде қиын.
– Моңғолия қазақтарында ұлтымыздың бұрынғы дәстүріне әлі күнге дейін қылаудай кіршік түскен жоқ,–дейді облыстық филармонияның әншісі Гүлжан Ахметова,– жолдасым, жазушы Ерболат Баяттың ата шаңырағына келін болып түскенде қиналғанымды көрсеңіз ғой. Өзінің нақты қайын атасы былай тұрсын төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші атасының атын атауға болмайды. Сөз арасында атаңның атына ұқсас сөз кетіп қалса, ұятқа қаласың. Жалғыз ол ғана емес, сан ғасыр бойы үзілмей жалғасып келе жатқан ата дәстүр мұқият, мүлтіксіз сақталған. Қазақтың қазақтығын танытатын да, қазақты ел қылатын да осы ата дәстүріміз. Шаңырақтың кенже келінін ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың адамдары қалтқысыз сыйлап, құрмет көрсетеді. Кенже келін де өз кезегінде сыйластыққа сызат түсірмеуге тиісті. Кенже келіннің қолынан ет-жақын ағайын-туысты былай қойғанда, көрші-қолаң, ауыл-аймақ ас ішеді. Адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, алыс-берісті реттеп, барлық іс-әрекетке ұйытқы болып отыратын да кенже келін.
Байқал БАЙӘДІЛОВ, Мақала «Жас қазақ» газетінен алынған
Кенже балаға кендеміз
Последние статьи автора