"Діни салада жүйелі жұмыс жоқ"
Сириядағы соғыс қимылдарына қатысып жатқан ИШИМ («Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті», арабша ДАЕШ деп аталып кеткен – ред.) содырлар ұйымы биыл күтпеген жерден Ирактың біраз аумағына бақылау орнатып, «жиһад жолымен халифат құрғандарын» жариялады. Дүние жүзі бойынша бірқатар исламшыл топтардан жақтастар тапқан ИШИМ содырларының қатарына қосылып жатқандардың ішінде жүздеген қазақстандықтың бар екені хабарлана бастады. Азаттық бұл құбылысты зерттеп жүрген саясаттанушы Ерлан Қаринмен Қазақстандағы «діни радикализмнің» сипаттары жайында сұхбаттасты.
Азаттық: - Соңғы уақытта Қазақстанның әр аймағынан ИШИМ-ге қосылып, Сириядағы саяси режимге қарсы соғысып жүрген жүздеген «жиһадшы қазақстандықтар» туралы хабар тарай бастады. Бір байқалғаны – олардың көпшілігі Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарынан шыққан азаматтар. Әсіресе, Жезқазған мен Екібастұз жиі айтылады. Бұл аймақтарда жекелеген адамдардың ИШИМ-нің қатарына тартылу үрдісінің күштірек болу себебі неде деп ойлайсыз?
Ерлан Қарин: - Сіз айтып отырған елді мекендерден азаматтардың Ирак пен Сирияға аттануының негізгі екі себебін айтуға болады.
Сарапшылардың жиі келтіретін себептерінің бірі – осы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері. Бұл қалаларды бұрын «депрессивтік елді мекендер» деп атайтынбыз. Яғни бірқатар сарапшылардың пікірінше, облыстық даму үрдісінен тыс қалып, қаржы жетіспеушілігінен немесе өндіріс орындарының тоқтап қалуы себебінен жұмыссыздықтың, не тағы да басқа әлеуметтік проблемалардың тууына байланысты сол қалалардағы жастар қылмысқа және радикалдық топтарға тартыла бастады. Оның соңы кейбір жастардың Ауғанстан-Пәкістан шекара аймағына, Сирияға кетуіне ұласты. Алайда жастардың радикалдық қозғалыстарға тартылуын тек әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланыстыруға да болмайды. Бәрі бірдей жұмыссыз, немесе жағдайы жоқ отбасылардын шыққан емес. Оның үстіне, аталған елді мекендерге соңғы жылдары үкіметтен көп көңіл бөлініп, қаржы бөлініп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдайлар жасалып жатыр.
Бірнеше "жиһадшы" шыққан Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылының көрінісі. 29 қараша 2013 жыл.
Екінші себепті таза социологиялық құбылыс деп айтуға болады. Өмірдің басқа да салаларында болып жатқан жайттар сияқты таныстық факторы рөл ойнайды. Осы аталған аймақтан Ауғанстан мен Сирия сияқты елдерге кеткен бірінші толқын көбіне өз таныстары мен достарын қатарларына тартады. 2010-2011 жылдардағы «Джунд әл-Халифат» атты ұйымның тарихын зерттегенімде оған қосылған қазақстандықтардың көпшілігі Қазақстанның батыс аймағынан болатын. Олай болу себептері де осы айтқанымдай – өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерімен қатар осы өңірден шыққан азаматтар құрдастыр мен достарын рекрут етіп қатарларына тартқан болатын. Бірінші өкілдер қай өңірден кетсе, кейінгілерін де сол өңірден, таныстарының арасынан тартады.
Қазақстандықтар өз елінде жүргенде ғана радикалдық топтарға қосылып жатқан жоқ, шетелде жүріп осындай топтардың қатарына ілініп кетіп жатқандар бар.
Жергілікті сарапшылардың назарына ілінбей жүрген тағы бір фактор – қазақстандықтар өз елінде жүргенде ғана радикалдық топтарға қосылып жатқан жоқ, шетелде жүріп осындай топтардың («жиһадшы-исламшыл» топтар – ред.) қатарына ілініп кетіп жатқандар бар. Және аз емес. Мысалы биылғы мамырда Алматыда бір 20 жастағы жігіт сотталды. Ол жігіт отбасымен Швецияда тұрып жатып осындай радикалдық топтың ықпалына түсіп, сол жақтан Сирияға аттанып кеткен. Немесе АҚШ-та сапармен болған бір Қазақстанның азаматшасы белгілі бір жағдайлармен сол жақтағы бір кісілердің ықпалына түсіп, Сириядағы радикалдық топтарға көмек ретінде ақша жібергені туралы америкалық құқық органдары анықтаған болатын.
Азаттық: - Соңғы кездері Қазақстан билігі ИШИМ-нің, я басқа да радикалдық-экстремистік топтардың интернеттегі ақпараттық үгіт-насихатын тек тыйым салу арқылы шектеуге тырысып жатқаны байқалады. Мұндай тәсіл «жиһадқа шақыру» идеологиясының, діни-экстремистік идеялардың таралуын тежей ала ма?
Сириядағы соғысқа Қазақстаннан барып қаза тапқан «жихадшы» Әбу Әниса / жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Ерлан Қарин: - Шынында да интернет жиһадқа шақыру идеологиясын насихаттау үшін радикалдық топтардың қуатты құралына айналды. Сирияға Қазақстан мен Орталық Азиядан кетіп жатқан азаматтарға қатысты үлкен бір зерттеуімді аяқтап қалдым. Осы зерттеудегі үлкен бір тарау интернеттегі діни радикалдық үгіт-насихат туралы. Егер 5-10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыратын болсақ, ол кезде діни үгіт-насихат арнайы сайттар арқылы жүргізілетін. Соған сәйкес арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары осындай радикалдық сайттарды бұғаттаумен, тыйым салумен айналысатын. Бірақ қазір жағдай өте қатты өзгерді. Себебі радикалдық топтар сайттарды ғана емес, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін де кеңірек пайдалана бастады. Сайттармен қатар Twitter және Facebook желілерін қолданады. Мен құсаған сарапшыларды қатты алаңдататыны – «ВКонтакте» және «Одноклассники» деген сияқты әсіресе жастардың жиі қолданатын әлеуметтік желілерін пайдаланады. Радикалдық діни идеялар ашықтан ашық, өте көп таратылады. Жақында жергілікті БАҚ жариялаған деректерге сенсек, Қазақстанның бас прокуратурасы осындай кейбір роликтерді алғызып тастау туралы YouTube желісімен келісімге келе алса, «ВКонтакте» желісінің әкімшілігі келіспеген болып шықты.
Twitter мен Facebook тек танысу құралы. Құқық қорғау органдары басқа да факторлармен күресуі керек.
Амал жоқ, құқық қорғау органдары радикалдық топтардың интернеттегі және басқа да арналардағы үгіт-насихатын тежеу үшін күрес жүргізіп келе жатыр. Алайда, менің ойымша, нақты бір жас азаматты қолына қару алдырып жиһадқа итермелейтін Twitter мен Facebook-тің өзі емес. Негізгі себеп ол азаматтың күнделікті өмірінде болып жатқан нақты объективті оқиғалар. Twitter мен Facebook тек танысу құралы. Құқық қорғау органдары басқа да факторлармен күресуі керек. Бірақ бұл мәселелердің кейбірі құқық қорғау органдарының компетенциясынан тыс нәрселер.
Азаттық: - ИШИМ сияқты халықаралық деңгейде танымал экстремистік ұйымдардың немесе Қазақстанның арнайы қызметтері «қатер» ретінде жиі айтатын «Джунд әл-Халифат» сияқты аймақтық деңгейде белгілі ұйымдардың ықтимал террористік әрекеттерімен күрес науқаны елдегі басқа, бейбіт діни азшылық топтардың сенім бостандығын шектеп, қызмет аясын одан сайын тарылтып жібермей ме? Мұны сұрап отырған себебім - «Джунд әл Халифат» туралы жазып бітірген жаңа кітабыңыз бен Сириядағы ұрыстарға қатысушы қазақстандықтар туралы баяндамаңызды әзірлеу кезінде (кітап осы айдың соңында жарияланбақ, ал баяндаманың алғашқы жұмыс нұсқасы 16 қыркүйекте таныстырылмақ - ред.) Қазақстанның бірқатар аймақтарын аралап, көптеген топ өкілдерімен кездесіпсіз. Зерттеуші ретінде не байқадыңыз?
Ерлан Қарин: - Зерттеуімде терроризм стратегиясы мен тактикасын жеке мәселе ретінде алып қарадым. Ал елде болып жатқан діни процестерге терең үңіле алмадым. Бірақ дегенмен бір байқағаным, елдегі қалыптасқан жағдайға әсер еткен факторлардың бірі – діни салада жүйелі жұмыстың болмауы. Ал мемлекет тарапынан жасалған жаңа шаралар елдегі түрлі діни топтардың қарсылығына тап болған сияқты. Енді қазір бұл саясат қайта қаралып, билік жұмсақтау тәсілге көшкендей. Жақында үкіметті қайта құру кезінде Дін істері жөніндегі агенттіктің бір министрлік құрамында жай комитет болып қалуы мемлкекеттің дін саясаты бойынша жүйелі түрде жаңа бір стратегияға көшкенін немесе, діни топтармен қарым-қатынасын жұмсартуға әрекет етуіне ұқсайды.
Петропавлдағы татарлар мешіті. 22 наурыз 2014 жыл
Облыстарды аралап жүргенде байқағаным – кейбір «радикалдық» деп сипатталған діни топтар де-юро заңсыз деп танылғанымен, де-факто өз жұмысын жасап жатыр. Ондай топ мүшелерінің бас қосуына тыйым салынып жатпаған сияқты. Олардың ашық түрде, кең ауқымда үгіт-насихат жүргізуіне рұқсат берілмейді, дегенмен олар өз ішінде қызметтерін атқарып жатыр. Бұл құбылыс билікте осы мәселені шешуге қатысты ізденіс бар екенін көрсетеді. Бірақ бұл ізденістің бір орталығы жоқ сияқты. Құқыққорғау органдарында – бір көзқарас, дін істері комитетінде – басқа көзқарас қалыптасқан, ал әрбір аймақтағы жергілікті билік жергілікті жағдай мен діни топтардың ерекшелігіне қатысты өзінше бір эксперименталдық саясат жүргізіп жатқан сияқты.
Азаттық: - Сұхбатыңыз үшін рақмет!
azattyq.org сайтынан алынған