Бауыржан Сүлейменов: "6 айда 100 000$ табамын!"

BusinessNews.kz сайты бүгіннен бастап, «2030 — 50 қазақстандық кәсіпкермен сұхбат» жобасын бастайды. Бұл жобада елімізге танымал 20 ірі кәсіпкер және көпшілікке әлі таныла қоймаған 30 жас кәсіпкермен сұхбат құрамыз. Алғашқы қонағымызды қабыл алыңыздар.
Бауыржан Сүлейменов – екі ай бұрын 2014 жылдың соңына дейін 100 000 доллар табамын деп мақсат қойып, оны ВКонтакте әлеуметтік желісінде парақша ашып, жария түрде жүргізіп жатыр. Парақшада күнделікті істеген істеріне есеп беруде. Бұл процесс қызықтырған соң, біз де Бауыржанмен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


– Мен өзім Семей өңірінде туғанмын. Жезкент елді мекенінде мектепті бітіргенге дейін тұрдым. 11 сыныпты бітірген соң, Алматыдағы ҚБТУ-ға бағдарламашы мамандығына түстім. Ауылдан Алматыға кеткеніме де биыл міне, он жыл толды.
Мектепте мен коммерциямен айналысқан емеспін. Бірақ жетінші, сегізінші сыныптарда бизнес-жоспар жасағаным есімде. Ол – нан зауытына байланысты болатын. Оның мазмұны қанша нан сатқанда өзін-өзі ақтауға болатыны, қанша нан өткізгенде пайда табатыны туралы есеп жүргізетінмін. Бірақ ондай жоспарды іске асыруға менің ақшам болған жоқ. Ата-аналарым да қарапайым инженер, химик болатын. Мен коммерсанттыққа қарағанда мектеп кезінде дипломат болғанды қалайтын едім. Бірақ мектепті бітіретін соңғы жылдары неге екенін білмеймін, бағытымнан ауытқып, бағдарламашы болғым келді. Бір қызығы – бағдарламашы мамандығына оқуға түскенде не жасау керек екенін білмейтінмін (күледі). Менде ол кезде компьютер де болмайтын.
– Ауылда жүргенде компьютер қолданып па едіңіз?
– Менің досымда интернет желісіне қосылған қомпьютер болды. Бірақ біз онымен не істейтінімізді де білмейтін едік. Солай бола тұра екінші курста мен бағдарламашы болып жұмыс істей бастадым. Кейін бұл мені жалықтыра бастағанда ІТ-менеджерлікке қарай бет бұрдым.


– Ал кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Алматы сияқты үлкен қалада жүрген соң, жан-жағыңдағы жақсы үйлер мен әдемі көліктерді көрген соң, өзің де соған икемделе бастайсың. 2012 жылға дейін жалақыға жұмыс істедім. Жалақыға жұмыс істеу адамды бейқамдыққа тәрбиелейді. Өйткені сенің келесі айда қанша табыс табатының белгілі. Сондықтан бөтен ойсыз жүре бердім. Ал кәсіпкерлік жолымның басталуы 2012 жыл еді. Маған Роман деген жігіт мобильді электроникалық интернет дүкен ашайық деген ұсыныс тастады. Ол идея маған ұнағандықтан келісім бердім. Бұл менің бизнес жолындағы алғашқы тәжірибем еді. Кейін әрқайсымыз бірнеше жобаны қатар алып жүргендіктен ол бизнесті әлсіретіп алып, оны жабу туралы шешімге келдік.
– Сіз бұл бизнестен не ұттыңыз, не ұтылдыңыз?
– Бұл кәсіпке мен техникалық жағынан жауап бердім. Ал менің серіктесім қаражат салды. Сондықтан мен көбіне тәжірибе жинақтадым деп айта аламын. Ұтылғаннан ұтқаным көбірек деп есептеймін. Өйткені мен уақыттан ұтылсам да, ұтылған уақытым тәжірибие жинақтауға кетті. Сондықтан бәрі жақсы.
Бұл кәсібіміз жүрмеген соң, мен басқа да салаларды қарастыра бастадым. Бірнеше салада бизнесім болып, қанша қимылдасам да нәтиже шықпай қойды. Осы кезде өз ішіме үңілдім. Өткен өміріме қарасам, 2008 жылдан бері мен сайт жасаумен айналысып жүрмін. Нәтижесі де жаман емес.
Қазір интернет-маркетинг саласында негізгі шұғылданатын ісім бар. Ол – “FIRCOM” және “Желтый слон”. Аталған екі жобаны да мен серіктестеріммен жүргіземін. Сонымен қатар офиске түскі ас жеткізіп беретін бизнесте үлесім бар. Бұған қоса тағы бір серіктеспен бірігіп жаңа жоба жасайын деп жатырмын. Мен әрқашан жаңа ой мен қызықты жобалар іздеп жүремін.


– Жарты жылда 100 000 доллар табуға талпынып жатырсыз. Бұған не себеп болды?
– Алдыма 100 000 USD табуға мақсат қойдым. Себебі өмірім қызықсыз, бірсарынды өтіп жатқан соң, өзгеріс енгізгім келді. Осы кезде өз мүмкіндігімнен асып түсетін бір нәрсе жасауға бел будым. Сонымен қатар жәй ғана табысымды көбейткім келді.


– Ол үшін ВКонтакте желісінде парақша (паблик) ашқаныңызды білеміз. Ал ол паблик сізге қалай және қаншалықты көмектеседі?
– Пабликтің көмегі – көбіне маған мотивация береді. Бұл жер күнделікті есеп беруге жақсы. Мысалы, адам күнделікті блокнотқа жоспарын жазуы мүмкін. Бірақ жазылған жоспар орындалмаса, өз-өзіңе іштей бір сылтау тауып, алдаусыратып кешіре саласың. Өйткені ол жоспар жайлы тек өзің ғана білесің. Ал пабликте олай емес. Мұнда мен күнделікті жасайтын жоспарларымды жариялап, ертеңіне оларға есеп беремін. Менің паблигіме жазылған қолданушылар есеп берілмей қалған күні есіме салып, сұрап тұрады. Бірақ олардың арасында да «сенен түк шықпайды» деп көңілді түсіретіндер бар. Дегенмен алға қарай жылжуға талпындыратын сөздер айтатындар одан да көп. Кей кезде осы пабликтің арқасында да тапсырыстар алатын кездерім болады. Бұл қауымдастықтан мен тек жақсы жақтарын ғана көремін.


– Маған сол парақшадағы «Река» жайлы жазғаныңыз ұнады...
– Иә, ол жайында да тоқталып өтейін. Алдымен «река», яғни өзендердің мысалдарын келтіре кетейін: сізді қоршаған адамдар, достар – бір өзен, бірге жұмыс істейтіндер – басқа өзен, спортзалда бірге жатығатындарыңыз – тағы бір өзен. Қысқаша айтқанда өзен дегеніміз белгілі бір қызығушылықпен бір ортаға жиналған топ. Ал ол өзендерде крутойлар, орташалар, және лохтар және т.б. бар. Мысалға сіз 10 000 доллар тауып, өз ортаңда крутой болсаңыз да, басқа ортада сол қаржымен лох болып қаласыз. Бұл техника жайындағы ойымды сіздерге жеткізе алдым деп үміттенемін. Ал мен қазір өзімді лох сезінетін ортаға апара жатырмын. Өйткені солардың арасында жүріп өз-өзімді шыңдаудың арқасында орташа немесе крутой болғым келеді. Мысалға мен Киевте тұрып жатқан украиндық Виктор Оношка деген жігітпен араласып тұрамын. Ол 22 жаста болса да айына 100 000 доллар табады. Ал мен ол соманы жарты жылда табамын деп жүрмін.
– Бұл жолда қандай кедергілер пайда болып жатыр?
– Кедергілер ме? Бәлкім кедергілер деп менің жағдайымда тапсырыстың, ақшаның жоқтығы немесе тапсырыс берушімен бір мәселелерді шеше алмауды айтуға болар. Бірақ мұның бәрі көңіл күй мен ықыласыңа байланысты. Жетістікке жету үшін әрқашан өзіңді алға сүйреп, қысқа мерзімді мақсаттарға ұмтылдырып отыру керек. Осы жолдан таймасаң, үлкен мақсатқа жету оңай. Жетістікке жеткен сайын кедергілерді байқамайсың.


– Біздің қазіргі қоғамдағы e-commerce (электронды коммерция) жайлы айтасыз ба?
– Қазіргі кезде e-commerce Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мысалға интернет коммерция айналымы Ресейде шамамен 5 млрд. доллар болса, бізде 1 млрд. Салыстырмалы түрде біздің интернет маркетинг жақсы дамып жатқаны айқын көрінеді. Қазақстанда қазір кез келген тауарды сатуға болады. Қазіргі уақытта көпшілік тек электроника ғана сатуда. Бірақ баланың жаялығынан бастап, азық-түлікке дейінгі сала бос жатыр. Осы жаққа бет бұруға болады.
– Интернет маркетингпен айналысам деген адам ең алдымен не істеуі керек?
– Алғаш бизнесті бастағанда логотип, фирманың бланкі, немесе стилімен айналысып керек емес. Ең алғашқы мән беретініңіз сатылым болуы керек. Керемет болмаса да орташа сайт жасап алып, сатылыммен айналысса қаражат пайда болады. Ал қаржы пайда болғанда кез келген мәселеңіз өзі шешіле береді. Ал стильге мән беріп, оны-мұнымен айналысып кеткен болсаңыз, онда ақша табу мүмкіндігіңіз аз.


– Армандарыңыз жайлы айта отырсаңыз…
– Менің армандарыммен «қарым-қатынасым» жақсы (күледі). Амбициялық армандарымды қазір сіздерге айтпай-ақ қояйын. Себебі олар қазіргі жағдайыма сай келмейді. Өз үйім болсын, материалдық жағдайым жақсы болсын деген тұрмыстық армандарыммен қатар менің тағы бір ойым бар. Ол – құрылыс компаниясын құрып, көп қабатты үйлер салу. Бірақ оның бағаларын қолжетімді ету. Ал қазіргі бағалардың шамасы қандай екенін менсіз-ақ білесіздер. Ал екінші арманым – мектеп ашу. Бірақ оның оқу жүйесіндегі теориясына қарағанда практикалық, яғни қолданбалы сабақтар арқылы оқыту. Оқып кеткен адам теориямен ғана емес, оқу орнынан шыққан кезде не істеу керек екенін нақты білуі керек.
– Қазақстандық кәсіпкерлерден кімдерді үлгі тұтасыз және кімнің жолымен жүргіңіз келеді?
– Мен белгілі біреудің жолымен жүргім келеді деп айта алмаймын. Бірақ маған Нұрлан Смағұловтың бизнестегі масштабы ұнайды. Оның қалай көтерілгені, неден бастап, қандай жетістікке жеткендері қызық. Жақсы танып, бизнестегі жолымен жетік таныспасам да, ІТ саласында жүрген Кеңес Ракишевті құрмет тұтамын. Ал 25 жаста бірнеше миллион табыспен аты шыққан Марат Абиев те маған қызық.


– Бізде жас блогерлер көп. Оларға тәжірибелі блогер ретінде қандай кеңес бересіз?
– Мен өзімді блогер деп есептемеймін. Бірнеше жыл бұрын Yvision.kz блогтұғыры ашылғанда ел қатарлы мен де сол жаққа жазып жүрдім. Ал ол жаққа жазғанның барлығы блогер болып саналатын. Ал мен үшін блогер деген белгілі бір қоғамдық мәселе көтеріп, оның шешім жолдарын табатын адам деп есептеймін. Немесе өзінің шығармасы арқасында көптеген оқырмандар тапқан шығармашылық адамдарын немесе бір сала бойынша жаңа бір жаңалық салып отыратын адамды айтуға болады. Олар көп оқылып қана қоймай, сонымен қатар көп пікір де жинай алады. Ал мен көп қаралым мен көп пікір әрқашан жинай бермеймін. Сондықтан өзімді блогер дегім келмейді. Бірақ кеңес айт десеңіздер айтайын: Блогтұғырда сіз өзіңізді белгілі бір саланың сарапшысы немесе маманы етіп көрсете аласыз. Бірақ ол саланы сіз жақсы білуіңіз керек. Егер сіз авто жайын жақсы білетін болсаңыз, күнделікті жаңа шыққан көліктер жайлы немесе жол ережесіне енгізілген өзгертулерді өзгелерден бірінші болып жариялап, оған өз көзқарасыңызды білдіріп отыруыңыз керек. Ең соңғы жаңалықты сіз жариялап отырғаныңызды көрген қолданушылар белгілі бір сұрақ пайда болғанда сізге келеді немесе телебағдарламаларда тақырыпқа сай адам іздегенде ең бірінші сізді ойларына алады. Барлық салада маман болу қиын. Сондықтан бір ғана саланы ұстап алып, соны аяғына дейін жеткізгендеріңіз дұрыс.
– «Шешінген судан тайынбас» дейді атам қазақ. Жүз мың доллар таба аласыз ба?
– Мәреге әлі де алыс. Егер керексіз істерге бұрылып кетпей, ойлағаныма ғана талпынсам, дегеніме жететініме сенімдімін. Жоспар бойынша жобаларым мен қазіргі компания қызметкерлерін көбейте беремін. Жалғыз өзің миллион таба алмайсың. Қазақтың «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген мақалы дәл айтылған.
– Соңғы сөзіңіз…
– Мен қазіргі уақытта өзімнің кім екенімді білмеймін. Қызым өсіп қалды қазір. Тілі шыққан соң «Әке, сіз кімсіз?» десе мен жауап бере алмаймын. Өйткені, немен айналысатынымды өзім де нақты айта алмаймын. Таксист баласына «мен таксиспін» дейді. Ал шахтер сәйкесінше өз мамандығын айтады. Ал мен қазір көптеген іспен шұғылданғандықтан кім екенімді айта алмаймын. Сондықтан ол өскенше табысымды көбейтіп, «Мен кәсіпкермін» деуім керек.
Сұхбаттасқан Данияр Жаныс
BusinessNews.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста