БАТЫР БАРЛАУШЫ МЕН ӘЙГІЛІ ӘНШІ

БАТЫР БАРЛАУШЫ МЕН ӘЙГІЛІ ӘНШІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында өңірімізге әйгілі барлаушы, нар тұлғалы, ержүрек жауынгер, жерлесіміз Құсан Мұқановтың бұлбұл үнді, күміс көмей әнші, Кеңес одағының халық әртісі Роза Бағлановамен майдандағы және бейбіт өмірдегі кездесулері туралы жиған-тергенімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Бұл кездесулер жайында мен белгілі журналист Сағидолла Икеновтің айтуы бойынша жазып алған едім.

“Бірде аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Кенжетай Ташкин ағамыз: “Сағидолла, соғысқа қатысушылардың өлгенін де, қазір тірі жүргендерін де көп жазып жүрсің. Бірақ соғыста батыл барлаушылығымен көзге түскен, бірнеше рет фашистер шебіне тереңдей еніп, талай “тіл” әкелген Құсан Мұқановтың ерлігі жайлы бірде-бір сөз айтпағанымыз ұят сияқты. Құсекеңнің майдан шебінде аққу үнді әншіміз Роза Бағлановамен жаңбырша жауған оқтың астында кездесуінің өзі үлкен бір әңгіме емес пе?” – деді.

– Құсан атамыз ауданымызда әртүрлі іс-шараларға белсене қатысып, соғыста басынан өткерген түрлі оқиғаларын әңгімелеуші еді, – деген Сағидолла Икенов барлаушы батырдың өз аузынан естіген майдандағы оқиғаларын тарқатып айта бастады.

... Бұл Ленинградқа, қазіргі Санкт-Петербург, батыс жағынан жау анталап тұрған кез болса керек. Қызылтулық Құсан Мұқанов 106-шы барлаушылар ротасында болады. Барлаушылыққа кез келген адамды ала бермейтіні белгілі. Құсан Мұқановтың қазіргі десантшылар сияқты дене бітімі, өткірлігі және соғыстан бұрынғы әуесқой аңшылығы оны барлаушылар ротасынан бір-ақ шығарады...

Түн жамылған екі барлаушы жау шебіне қарай мысықша бұғып, сыбдырын білдірмей жылжып келеді. Екеудің бірі – Құсан Мұқанов. Оларға берген тапсырма өте жауапты. Екеуі жау шебінен өтіп, фашистердің блиндажына таяу барып, екі “тіл” әкелулері керек. Қасындағы серігі Мұқанға: “Сенің алапат күш иесі екеніңді білемін. Жолымыз болып “тіл” ала қалсақ, талдырам деп өлтіріп алма”, – деп сыбырлайды.

Не керек, екеуі жер бауырлай жорғалап жүріп, күзетте тұрған екі фашисті автомат дүбімен періп-періп жіберіп, ауыздарын тығындап, байлап, сүйрей жөнеледі. Жау шебінен ұзаған соң арттарында қуғыншы жоқ екенін сезген олар біраз демалмақ болады. Сөйтсе, Құсан атамыздың қарулы қолы қатты сілтенсе керек, оның иығындағы неміс, расында да, өліп қалыпты. Олар не істерін білмей сасады. “Сен тағы барып, “тіл” әкел”, – дейді серігі. Бірақ бұл кезде таң бозарып қалған еді. Бұлар әкелген неміс осал болмай шығады да, екеуі де “Ерлігі үшін” медалімен наградталады.

“Айлалы батыр алдырмас” дегендей, батыл барлаушы Құсанның жау ішіне еніп, “тіл” әкелуі жалғыз бұл емес. Бірде орман ішімен келе жатса, ойда-жоқта қарсы алдарынан автоматтарын иықтарына асынған үш неміс шыға келеді. “Батырға таяқ та жарақ” деген бар емес пе? Қайраты қара өгіздей Мұқан әлгілер қаруларын қолдарына алып кезенгенше ұзынша кездікпен біреуін құлақ шекеден қонжитып үлгереді. Әлгі айқайлауға да шамасы келмей, сол жерде жан тапсырады. Жанындағы жауынгерлер қалған екеуінің аяқ-қолдарын матап тастайды. Осы ерлігі үшін барлаушы, қазақтың өжет жігіті “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалін омырауына тағады.

Енді Қазақстан ғана емес, КСРО-ның да мақтанышына айналған Роза Бағланованың барлаушы Құсан Мұқановпен таныстығына келейік. 60-шы жылдардың соңы мен 70-ші жылдардың басында Роза Бағланова Қызылтуға (қазіргі Кішкенекөл) келеді. Ол кезде аудандық Мәдениет үйінде істеген Ғалымжан Жұмабаев ағамыз бұл жайдан біраз хабардар екен.

Шамасы, 1943 жыл болса керек. Ленинград қаласы маңында шайқастың қызу жүріп жатқан шағы. Міне, осы қауіп-қатерге қарамастан, Қазақстаннан концерттік бригада батыс майданды аралауға шығады. Араларында Роза Бағланова да бар. Концерттік бригада Құсан Мұқанов қызмет етіп жүрген 106-шы барлаушылар ротасында да болады. Рота командирлері мен жауынгерлер әртістерге солдат азығы мен отқа көмген картоптан дәм татырып, өз әлдерінше қонақ қылады. Енді концерт басталып кеткен кезде жан-жақтан оқ жаңбырша жауып, пулеметтер дырылдай жөнеледі. Рота командирі: “Мұқанов, Розаны құтқар!” – деп айғай салады. Құсан анадай жерде басын ұстап бұғып отырған Розаға жүгіріп келіп, жеп-жеңіл қызды көтеріп алып, жүгірген бойы окопқа бір-ақ сүңгиді. Біраз уақыт өткен соң бәрі тынышталады. Аман қалғандарына қатты қуанған Роза Бағланова тағы да “жоспардан тыс” концерт береді. Қаршадай қазақ қызының қайратына тәнті болған барлаушылар қатты риза болып, көздеріне жас алады.

Концерт соңында Роза еңгезердей Құсанның қасына келіп, аты-жөнін сұрайды. “Қай жерденсіз?” – дегенде, ол: “Қазақстаннанмын, Көкшетаудан”, – деп қысқа жауап беріпті. “Тірі болсам, сіз де тірі қалсаңыз, іздеп табамын!” – деп уәде беріпті сол жерде Роза апамыз...

Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды, ерлер есімі ел есінде ұзақ сақталады. Араға 30 жыл салып Роза Бағланова мен Құсан Мұқановтың Қызылту топырағында кездесуі бұған анық куә. 70-ші жылдардың орта кезі болуы керек, Роза Бағланова Құсан атамызды арнайы іздеп, Қызылтуға келеді. Ол аудандық комитеттегілерден:

– Осында менің әкемдей болып кеткен адам тұрады. Ол майданда барлаушы болған. Ленинград түбінде, орман ішінде концерт беріп тұрғанда кенеттен жау жан-жақтан оқ атқылап, зеңбіректер гүрсілінен құлақ тұнғанда мені тура келген ажалдан құтқарған Құсан ағам болатын. Сол кісі қазір бар ма? – деп сұрайды.

Бірінші хатшының кең кабинетіне омырауына орден-медальдарын таққан Құсан кіріп келгенде, Роза Бағланова тамам жұрттың көзінше орнынан атып тұрып, барлаушы ағасын бас салып құшақтап, көзіне жас алады. Құсан да елжіреп кетеді.

Осы жерде Роза сонау Алматыдан арнайы алып келген зерлі шапанды Құсан атамыздың иығына жабады. “Сізді іздеп келдім”, – деп тебіренеді Роза апай. Ата салтын ұмытпаған, шіркін, қазақ қызы десеңізші! Және қандай қыз, әні мен атағы алты алашқа емес, бүкіл әлемге әйгілі қазақ қызы!

Өз кезегінде Құсан атамыз да қазақи дәстүрінен таймай, алыстан ат арытып келген Роза Тәжібайқызына құрмет көрсетеді. Қой сойып, бүкіл туыстары мен көрші-қолаңдарын, ауданның басшыларын шақырып, қонағасы береді. Қолынан келгенше сый-сияпат жасайды. Мұны Роза апай ризашылық сезіммен қабылдайды. Бұл Роза Бағланованың Қызылту жеріне бірінші рет келуі екен. Ал екінші рет келгенде қасында Ғарифолла Құрманғалиев, Байғали Досымжанов, тағы басқа атақты әртістер және баласы Тәжен де болады. Жезтаңдай әнші өзіне өмір сыйлаған Құсан атамызбен тағы да қуана қауышады.

Енді бірде Щучье қаласында тұратын Құсекеңнің немересі Дәулетпен ойда-жоқта кездесіп қалдым. Ол бір кездері күрестен аудан, облыс чемпионы атанған, бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен шұғылданады. Одан атасы мен Роза Бағланованың майдан даласында қалай кездескені жөнінде сұрағанымда ол: “Мен тым жас едім. Атамның қалай соғысқанын білмеймін, тек қызық көріп, жылтыраған орден-медальдарын тамашалайтынмын. Бертін келе олардың Қызыл Жұлдыз, Даңқ, Отан соғысы ордендері екенін, сонымен қатар “Гвардиялық белгісі” де болғанын білдім. Қазір атам жоқ, бірақ мен оны әрдайым мақтан тұтамын”, – деді Дәулет Мұқанов.

Иә, Құсан Мұқановтың Роза Бағлановамен бірге түскен суретіндегі кеудесіне таққан орден-медальдары көп сырды, барлаушының сансыз ерліктерін бүгіп жатқаны анық. Бірақ бір шындық бар. Ол – осы наградалар батыр барлаушының майдан жолдары мен ерлік істерінің айқын куәсі.

Егер батыл да батыр Құсан ағамыз болмағанда сахна төріне шығып, аққу әнімен көрермендерін тамсандырып жүрген Роза Бағланованың тағдыры, өмірі қалай қалыптасар еді? Онда Роза Бағланова 1955 жылы Қазақ КСР халық әртісі, 1967 жылы КСРО-ның халық әртісі, ал еліміз дербестігін алып, егемен ел атанғаннан кейін 1996 жылы “Халық қаһарманы” атақтарын алар ма еді?

Өзі туралы, соғыс туралы Роза Бағланова “Қазақстан әйелдері” журналына берген сұхбатында: “Мен де кешегі сұрапыл соғыс жылдарында майданның алғы шебінде халқыммен бірге жүрдім. Мұз төсене жүріп, жауын-шашынға қарамай, гүрсілдеген зеңбіректер үнімен дауыс жарыстыра ән шырқадым. Жауынгерлер зеңбірек үніне емес, менің әніме құлақ түрді. Көкірегіне құйды. Көздеріне жас алып тұрып тыңдады. Мен олардың көз жасына шыланған жанарларынан туған елге, ата-анаға, сүйген жарға, бауырларына деген сағынышты көрдім. Әнім арқылы олар туған жердің жұпар самалын сезінді, дарқан даланың дидарын көз алдарына елестетті. Отан үшін отқа түсіп, ажалмен арпалысқан жандарға мен бір сәт болса да қуаныш сыйладым. Соған шүкірлік етемін”, – деген екен.

Құсан атамыз соғыстан елге оралғаннан кейін еңбекке бірден араласып кетеді. “Жаңалық” колхозында, одан соң “Жамбыл” (қазіргі Мырзағұл ауылы) колхозында, “Өрнек” (Әйтібай) колхозында басқарма төрағасы болып, көп жыл қызмет етеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, бригада, дала қостарында күзетші болады. Бәйбішесі Сәбира екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, өсірген. Олардан өрбіген жиен, немерелері Елубай, Дәулет, Темірбай, Болат еліміздің түрлі қалаларында тұрып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуда.

“Ізденген жетер мұратқа” дегендей, Құсан Мұқановты көзі көрген, онымен табақтас, сырлас болған адамдар да табылды. Тағдырлары майдан даласында тоғысқан ән жұлдызы Роза Бағланова мен жерлесіміз, ержүрек барлаушы Құсан Мұқановтың ерлік жолдарын кейінгі ұрпағымыз ұмытпағаны абзал.

Күләш ЕГІМБАЕВА, Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының директоры.

soltustikkaz.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста