О, тоба, ет деп дәмеленіп отырғаным -боршаланған адам еті, адам болғанда, жас баланың сирағы көзіме анық көрінді. Сол мезетте бәрі белгілі болды: о сұмдық, адам жегіштер! Атып тұрып, зыта жөнелдім. Әлгілер біріне-бірі: «держи его, держи»-деп артымнан түсті.
«Дүниежүзі тарихы мұндай көлемдегі нәубетті бұрын-соңды көрмеген»
В.Михайлов
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашаршылықтың 80 жылдығына орай осы қаралы датаны атап өту туралы бұйрық бере отырып, 1929-1930 жылдары қазақтардың 40 пайызы қырылғанын, осы нәубет болмағанда бүгіндері біздің санымыз 45-50 миллионға жетер еді деген еді. Сол-сол-ақ екен, ғаламтор беттері қарама-қайшы пікірге толы айтысқа толып кетті.
Қазақстанның ашаршылық нәубетін атап өтпекші болғанын ашық сынай отырып, Андрей Верменичев деген жерлесіміз былай дейді: «Украинада осы 80 жыл бұрын өтіп кеткен оқиғаны Сталиннің халыққа жасаған ашық зұлматы (геноциді) деп баға береді. Шындығында солай ма? Бұл жағдайда баға беруде аса сақтық қажет. Кеңес саясаты іс жүзінде тап жаулары- байлар мен кулактармен күресті бүркемелей отырып, индустриализациялау мақсатын көздеді»,- десе де, бір мезгіл «тәубесіне» келген болып, «бірақ-та 30-жылдардың ашаршылығы өз құрбанын таңдап жатпады»,-деп жазыпты.
Керісінше, ақын, жазушы, публицист, «Простор» журналының бас редакторы, «Хроника Великого джута» деректі повесінің авторы Валерий Михайлов «Айналдырған 10-15 жылда қазақтар өз халқының тең жартысынан айрылды. Дүниежүзі тарихы мұндай көлемдегі нәубетті бұрын-соңды көрмеген еді. Сондықтан да әр қазақ азаматы бұл трагедияны біліп, есте сақтауға міндетті» деп тұжырымдайды. Әрине, әр адамның өз пікірі бар делік, бірақ та, халқымыздың сүйегіне таңба болып батқан сол зұлматты біздер қалайша ұмытамыз? Алысқа бармай-ақ, өз отбасымыздың басынан кешкен нәубетті атап өтелік.
Атамыз Әлім шамамен 1874 жылы туылған, екі ағайынды. Бауыры Кәртеңбай төрт әйел алса да, бір де бір бала сүймей өтіпті. Атамыз Әлім көзі ашық, көңілі ояу адам болған екен. Бұхарадан медрессе бітіріп, ауылдың балаларына дәріс берген, бау-бақша егіп, осы бертінге дейін біздің ауылдың жұртында «Әлімнің» бағы деген жұрнақ сақталған екен.
Әжеміз Сейсеп 13 құрсақ көтеріп, олардың алтауы нәресте кезінде шетінепті. Тірі қалған 4 ұл, 3 қыздан тек әкеміз Қамза мен әпкеміз Секер өз ажалынан қайтыс болған, атамыз бен әжеміз, ұлдары мен қыздары Сталин заманының құрбандары қатарында.
Біздің отбасымыздың мартирологы (грек тілінен, куәгер, дәлел, айғақ), құрбандар тізімі:
Мәди Әлімұлы – 1931 жылы аш халыққа бір қап бидай таратқаны үшін ату жазасына кесілген.
Ынтық Әлімқызы-1932 жылы бүкіл отбасымен аштықтан қаза болған.
Әлім Темірұлы-1933 жылы аштықтан қаза болған.
Сейсеп Теміркеліні-1933 жылы аштықтан қаза болған.
Мұғали Әлімұлы-1933 жылы 17 жасында аштықтан қаза болған.
Аббас Әлімұлы- 1933 жылы 15 жасында аштықтан қаза болған.
Күлсін Әлімқызы- 1933 жылы 8 жасында хабарсыз кеткен.
Кәртеңбай Темірұлы, төрт әйелімен аштықтан қаза болған.
Секер Әлімқызының күйеуі мен балалары да ашаршылық құрбандары.
Бұл жерде мен қаза тапқан деп әдейілеп жазып отырмын, өйткені олар өз ажалынан қайтқан жоқ, қастандықтан, қолдан жасалған зұлматтан қаза тапты, сүйектері көмусіз далада қалды. Сталин жасаған бар нәубеттен тірі қалып, артынан ұрпақ өрбіткен жалғыз әкеміз, ал Әлімнің бар баласы аман болса, бүгін санымыз қанша болар еді, кім білсін?
Әкемнің естелігі
Ашаршылық жылы. Ел аш, шетінен қырылып жатыр. Бұл- қазаққа Голощекин әкелген реформалар жемісі. Ел іші үрейге толы, «адам жепті» дегенді естімесек, көрмегенбіз. Ашқұрсақ, жетім балалар бұралып, ауылдан-ауылға тентіреп тамақ іздейміз. Бірақ, бір ауылдан бір ауылдың артып тұрғаны шамалы. Бірде, аш қарынның әуресімен сандалып жалғыз келе жатып, айдалада ет асып отырған орыс еркек пен қатынға жолығып қалдым. Мені көре, екеуі де жамырай: «иди сюда, мальчик, иди,»- деп шақырды. Асылған қазан, бұрқыраған еттің иісі... Сілекейім шұбырып, ішектерім шұрқырап кетті, қуанып, жақындай бердім. Олар мені ошақтың қасына отырғызып, өздері қазанның қамымен жүр. Шамалаймын, еттері мол сияқты. Қазан асылып жатыр, ошақтың қасында тағы да бірсыпыра шикі ет жатыр, әлгінің бетіне әр жеріне қан сіңген орамал жаба салған....
Қазан қашан оттан түсер екен деп тыпыршып отырғам, бір кезде от желмен лап етіп еді, әлгі орамалдың шеті ашылып кетті. О, тоба, ет деп дәмеленіп отырғаным -боршаланған адам еті, адам болғанда, жас баланың сирағы көзіме анық көрінді. Сол мезетте бәрі белгілі болды: о сұмдық, адам жегіштер! Атып тұрып, зыта жөнелдім. Әлгілер біріне-бірі: «держи его, держи»-деп артымнан түсті. Мен зәрем зәр түбіне кетіп, зытып бердім. Жүрегім аузыма тығылып, қашып келем, аяғым аяғыма жұқпайды. Артымнан ана екеуі қалмай келеді. Жан деген қанша тәтті болса да, аштықтан әбден қалжырағам, сілем қатып, қуғыншыларымның қолына ілігетін болдым. Біреуі енді жағамнан ала бергенде,менің бағыма қарай, жолдың бұрылысынан бір ат арба шыға келді. Ағатайлап, бар пәрменіммен солай қарай жүгірдім. Көзімнің қиығымен байқағаным, орыс жалт бұрылып, қатын күйбеңдеп, шөпшек терген болып, жылыстап барады екен. Бір ажалдан сол бір ат арба айдаушы алып қалып еді.
Маруана Хамзақызы
Мақала ult.kz сайтынан алынған