Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО халық әртісі: Қазақ өмір бақи дағдарыста келеді

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазақ киносы дегенде бірден КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтың ойға оралатыны тегін емес. Себебі экран қаһарманы – Бекежан, Шадияров, Шыңғыс хан, Ка мырза секілді шоқтықты образдарымен ұлт киносының бет-бейнесіне айналған жан. Өнердің абыз ақсақалы дейтін белеске көтерілген аңыз актердің қазақ киносының жай-күйі хақында айтары да аз емес. Алысқа көз тігіп, ұзақ ойлана тіл қатқан өнер майталманы өткен күндердің ұмытылмас сәттерін көз алдынан тізбектей өткізе отырып, бүгінгі киноның ахуалына сараптай бағасын берді.

Жас қазақ: «Арзан күлкіге құмар халықтың мәдениеті өскен кезде ғана, кинода даму болады» деп қалдыңыз өткенде. Қазіргі экранда қаптап кеткен ұзынырға комедиялық сериалдар халықтың деңгейін айғақтай ма?
Асанәлі Әшімов: Талғам өте төмен. Көрерменнің деңгейі саусақпен көрсетсем күледі, «Тамашаның» деңгейінде. «Шаншар», «Алдараспаннан» әрі аса алмай отыр. Классикалық музыка, классикалық фильм, спектакльдерге халық бармайды. Операға үрке қарайды. Себебі түсінбейді. Негізінен, классикалық мәдениетті біз Англия, Франция, Италиядан үйренуіміз керек. АҚШ бұл қатарға кірмейді. Себебі АҚШ-та мәдениет шашыраңқы, төл құндылықтардан алшақ. Осыған қарамастан, өкінішке қарай, біздің кино мамандары АҚШ-ты пір тұтып, соған еліктейді. Оларда кино әртістері жоқ. Ван Дамм, Шварценеггер сынды танымал актерлерінің дені спортшы болса, әйелдері – модель. АҚШ басты екпінді сыртқы сұлулыққа салады да, адам тағдыры деген дүние сырт қалады көп жағдайда. Ал Еуропа елдерінде өнерге деген түсінік басқа. Актерлік мықты мектеп қалыптасқан. Жан Габен, Жан Маре, Лоуренс Оливье, Софи Лорен секілді кино майталмандарының өнерін тебіренбей отырып тамашалау мүмкін емес. Себебі олар фильмді актерге, адам тағдырына құрады. Ал АҚШ-та ондай бір де бір фильм жоқ. Американың атағын аспанға шығарған ең атақты кино – «Титаник». Оның өзінде «Титаник» үлкен техниканың күшімен жасалған дүние. Ал жоғарыда аталған үш елде ондай техника жоқ, бірақ киносының өн бойында өмір бар. Қазір компьютерлік графика деген жаңалық шықты ғой, бәрін техниканың құзырына қалдырады және соны өнер деп дандайсытады. Мәселен, атағы аспанға жеткен Леонардо Ди Каприоны мен ұлы актер демес едім. Шығармашылығана үңіліп көрсеңіз, шедевр рөл таба аласыз ба? Сырт келбеті келіскен, сонысымен сүйкімді. Әйтпесе, техниканың дәл АҚШ-тағыдай үлгісі болса, ол рөлді біздің кез келген актер ойнап шыға алатынына мен сенемін. Осы жағынан келгенде біздің актерлердің деңгейі көш ілгері.
Жас қазақ: Сөзіңіз аузыңызда, Қазақфильмнің бүгінгі даму тенденциясына қандай баға бересіз?
Асанәлі Әшімов: Сәл-пәл кібіртіктегенімен, соңғы он жылда қазақ киносында сан жағынан да, сапа жағынан да өсу бар. Жыл сайын бірнеше фильм түсіріледі. Бір көріп шығуға жақсы. Ары қарайғы тағдыры бұлыңғырлау. Алтын қорға енетін, ұрпақ іздеп көретін фильм аз. Әр халықтың киносының, өнерінің өзіндік беті болу керек. Көре салғанда: «Мынау қазақ­фильм!» деп бірден тани қоятын. Соны ұлттық брендке айналдыру қажет. Жүріс-тұрыс, қимылдың бәрінде ұлттың иісі аңқып тұрса, міне, нағыз өнер сол! Біздегі бір кемшілік – заманауи фильм дейміз де, әр елдің қаңсығын таңсық көріп, орынды-орынсыз пайдаланамыз. Соңында не ол АҚШ-тікі емес, не ағылшын, үнді, француздікі емес, дүбара, қазаққа жат быламық дүние туады. Өнердің осындай түріне мен түп-тамырымен қарсымын. Еліктеп ерекшелік таппаймыз. Әрине, ана жерден, мына жерден көргенмен де кино жасауға болады, бірақ ол өнер емес. Өнер болмайтыны – ұлттық емес. Фильм ең алдымен ұлттық құнарға бай болу керек, сонда халықаралық болады. Өнер ұлттық болғанда ғана әлем мойындайды.
Бүгінгі режиссерлердің көп жағдайда ұтылатыны – тарихи тақырыптарға бара бермейді. Түсінбейтін болу керек. Тарихқа тісі батпаған соң, түсінбеген соң, бұл тақырып қызықсыз болатын болуы керек. Ал іргетассыз ғимарат тұрмайды ғой. Кино да дәл солай. Тіні әлсіз, рухы шатқаяқтап тұрған сценарийден жақсы кино шығады дегенге өз басым сенбеймін. Егер фильм өмірден, адамның мұңқуаныш, тағдыр талайынан алшақ болса, өнер бір-ақ сәтте құнын жояды. Маған ең бірінші адамның тағдыры, актерлік тағдыр, экрандағы ойын маңызды. Осы жағына екпін түсіру қашан да ұтымды, көрерменге қызықты. Біз көрерменді соған тәрбиелеуіміз керек. Мысалы, «Жаужүрек мың бала». Материалы жақсы, бірақ мен фильмді толық мақсатына жетпеген деп ойлаймын. Бір-екі көруге жарар, одан кейін ол да қалады. Орташа. Көпшілік тарапынан жылы пікірлер айтылды. Заманның бейнесін, тағдырын көрсеткісі келген. Алайда бәрібір маған сол фильмнің бір қайнауы ішінде секілді, әлі де болсын тұзы татымайтындай көрінеді де тұрады. Қабысуы аздау.
Жас қазақ: «Құнанбай» фильмінің түсірілімі басталды. Мұны «өнердегі жаңалық болады» деп болжаушылардың пікірі қаншалықты қисынды?
Асанәлі Әшімов: Иә, Досхан Жолжақсынов түсіріп жатыр ғой. Тақырып ауқымды. Енді соны ұқсата алса, үлкен абырой болар еді. Бірақ «Біржан салды» көргеннен кейін, алдын ала айтайын, бұл фильмнің де тағдырына күмәнмен қарай бастадым... «Біржан салда» кәсібилік аздау, монтаждауындағы олқылықтар да бірден көзге ұрады. Басқаны ескермегенде, фильмнен ең бірінші Біржан салды көрдіңіз бе? Әннің шығу процесін ойнауға болады, бірақ дайын әнді айтуға болмайды Біржанның фильмінде. Мәселен, «Теміртастың» туу процесі... Автор қалай қиналды? Жүректі жарып шыққан зарлы әннің шығуына не себеп болды? Осы жағына үңілсе, онда ол кино болар еді. Ал енді дайын әнді шетінен алып орындай берсе, оның табиғаты фильм талаптарымен қабыса қояр ма екен? Концерт, клип болуы мүмкін, бірақ кино емес. Кинода бірақ лейтмотив болуы керек. Ол – Біржанның тағдыры. Сол тағдырды жалғыз ғана «Теміртастан» шығарса, фильм басқаша өңге ие болар ма еді... Ал мұнда Біржанның барлық өлеңі айтылады. Бір киноға бәрін сыйғызу мүмкін емес дүние. Сондықтан шашыраңқылыққа, түсініксіздікке ұрынады. Махаббаты да адамды сендірмейді. Ләйліммен далада кездесетін жерінде: «Жоқ, сенің күйеуің бар екен» деп Біржан кетіп қалады. Біржан сондай адам ба? Ол сүйді ме, соңына дейін сүйеді! Қыздың басын әуреге салып қойып, өзі махаббат үшін күрестен қашпайды. Ол сал Біржанның, сері Біржанның табиғатымен қабыспайды менің қиялымда. Кейіпкерді сол темпераментке сай ойнау қажет. Одан кейін атқа мініп алып дедектеп шауып жүрген Біржанның әрекетін түсінбедім. Ол қайда кетіп барады? Қайдан келе жатыр? Мойнында аппақ шарф... Осындай түсініксіз эпизодтар өте көп. Ал оны «Қыз Жібектен» кейінгі екінші фильм деп жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бірақ өз басым фильмнен Біржан салды көрген жоқпын. Сондықтан «Біржан салдай», «Құнанбайдай» ауқымды фильмдерде қарапайым киімнен бастап, сырт пішін, ішкі ойынға дейінгі шығармашылық ізденіс жіті зерделенуге тиіс деп ойлаймын.
Жас қазақ: Қазіргі фильмдерден қай туындыны өнер деңгейінен көресіз?
Асанәлі Әшімов: Соңғы кезде түсірілген фильмдердің ішінен мен Ермек Тұрсыновтың «Шал» мен «Келінінін» бөліп алар едім. Мұнда өнер бар. Мұнда өмір бар. Ал өмірдің бәрі өнер емес. Өнердің барлығы өмір бола алмайды. Режиссерлеріміз сол жағын ойлануы керек.
Жас қазақ: Демек, бар гәп сценарийде болды ғой...
Асанәлі Әшімов: Қазір өнерді сапалы кадр емес, ақша шешетін болып жүр. Ақшасы барлар үлкен-үлкен тақырыпты алып алады да, ұқсатпай, соңына жеткізбей лақтырып тастай береді. Өйткені, шамасы жетпейді. Жалпы, қазақта киноға негіз, арқау боларлық материал көп. Әріге бармағанның өзінде, бертіндегі жазушылардың шығармалары шымшытырық оқиғалы киноға сұранып-ақ тұр. Мәселен, Оралхан Бөкейдің әр повесі – киноға дап-дайын тақырып. «Оралханның әңгімелерінен кино түсірсе, қандай керемет болар еді» деп үнемі ойлаймын. Қай шығармасының да сюжеті қызық, кино тілінде сөйлейді. Сонау бір жылдары талпыныстар болды. Бірақ соңына дейін жеткізе алмады. «Қар қызының» да жолы болмай жүр. Меніңше, кінә – режиссерден. Көп режиссер Оралханды түсінбейді. Оның жазудағы қолтаңбасы ерекше: көбінесе фантастикалық, аңыздың стилінде жазады. Символдық астарға көп мән береді. Осы жағынан келгенде, жапондық жазушылармен үндес дер едім. Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үйі», Сайын Мұратбековтың әңгімелері қандай! Әбіш Кекілбай пен Мұхтар Мағауиннің әлемі де ерекше, терең, тұңғиық. Өкінішке қарай, сол тереңдікке біздің режиссерлер бойлай алмайды. Түртінектеп бастаған болады, бірақ нәтижесіз, діттегеніне жете алмай тынады. Рух әлсіз. Ізденіс аздау.
Жас қазақ: Жақында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына көркемдік жетекші болып тағайындалдыңыз. Іргелі қара­шаңырақта бүгінгі күннің тақырыбына дем беруде қандай талпыныстар жасалып жатыр?
Асанәлі Әшімов: Бүгінгі күн деген өзіміз ғой. Бірақ бізде соны жазатын жақсы қаламгерлер, жалпы, драматургия жоқ. Мүмкін өз ішінде жазып та жүрген шығар, бірақ көрінбейді. Драматургия десек, айналып келіп Дулатты (Исабеков – авт.) іздейміз. Сондықтан бізге көп жағдайда классикалық туындыларды талғажау етуге тура келеді. Классикаға барудан өнер ұтылмайды. Керісінше, театрдың да, актердің де талғамының қалыптасуына, деңгейінің өсуіне, шыңдалуына үлкен мүмкіндік береді. Тек соны бүгінгі күннің көзқарасында заманауиландырып, режиссерліқ жаңаша көзқараспен бүгіндендіріп берсе, өнер олжалы болар еді. Проблема барлық уақытта болған, болады. Сол ұқсастық, сол махаббат, сол қызғанышты да пәлендей өзгерді дей алмаймыз. Сондықтан барлығын бүгінгі күннің тақырыбына, талабына, көзқарасына сәйкестендіріп қайта әкелуге, қызықты етіп шығаруға, мәтіндегі интонацияны бүгіндендіруге болады. Мәселен, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында режиссер Әлімбек Оразбеков Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанын» заманауиландырып қойды. Маған ұнады. Көріп шығып, риза болдым. Сондықтан классикада ескі, жаңа деген болмайды. Өз заманыңа қарай икемдеп алсаң, сөйлеп жүре береді. Ол сонысымен классика. Ал енді бүгін де сол махаббатты жазады, бірақ ойнасаң, ешкім қабылдамайды. Нанымсыз.
Жас қазақ: Биыл қазақ киносының атасы – Шәкен Аймановтың ғасыр тойы. Шәкентанудың жай-күйі, мерейтойға дайындық қарқы­ны қалай? «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі бар, одан өзге қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Асанәлі Әшімов: Сол «Шәкен жұлдыздарының» өзін көп көріп жатыр ғой қазір. Қаржысын қырқып тастап, фестивальдің өтуі қиындап барады. Біз негізі адамды сыйлай білмейміз. Ру, жершілдік деген пәле шықты. Ру қуалайды, руласыңнан, жерлесіңнен өзгесі адам болмай қалды. Әйтпесе, Шәкен аядай Баянауылдың аясына сия ма? Тек Баянауыл, Қазақстан емес, Шәкеннің ғасыр тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өту керек. Жөні сол. Павлодарға бір концерт беріп, суретін іліп қойып, ұсақ-түйек іс-шарамен тойладық деу – қазақтың қазақтығына сын емес пе? Әйтпесе, Шәкеннің қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ешқандай той-томалақ, бағамен өлшенбейді. Оның Шәкенге қажеті де жоқ. Барлығы келешек үшін, ұрпақ үшін керек. Соны ойлап, сол жолда абыройлы еңбек етуге жұмылу қажет. Ал менің қолымнан ештеңе келмейді. Айтасың, бірақ бізді тыңдап жатқан адам жоқ. Шәкенді әлемдік деңгейде ұлықтау керек. Шәкентану деген тұтас бір ғылым. Шәкентану – кинотану, адамтану. Осы тұрғыдан тереңірек зерделенсе, қазақ кинотану саласы талай тың жаңалықтармен толығатын еді. Шәкен мына жылы туған, сонша фильм түсірген дегенмен тұлға табиғаты таразыланбайды ғой. Осы жағын ескеретін, шәкентануға бет бұратын уақыт әлдеқашан туған.
Жас қазақ: «Халық бұрыннан-ақ дағдарысқа түсіп келген, әзірде дағдарыста» дейсіз. Бұл бітпейтін қандай дағдарыс, аға?
Асанәлі Әшімов: Қазақ өмір бақи дағдарыста келеді ғой. Халық қай уақытта жарыды? Бізде әлі қара нанмен қара суға қарап отырған ел бар. Электр жарығын көрмей отырғандары қаншама. Бұл дағдарыс емей немене? Қаржыдағы дағдарыстың ауыртпалығы түссе, миллиардтары бар байларға түсер, бірақ қарапайым халыққа ол әсер етпейді. Халықтың уайымы басқада...
Жас қазақ: Ал енді, аға, ұлттық мінездегі «кризиске» не дер едіңіз?
Асанәлі Әшімов: Бұл – сонау ғасырдың басынан басталған кризис. Ұлттың қаймақтарын қырып тастау барлық халықты майдалауға түсірді. Мағжандай, Әлихандай алыптарды отаған жауыз жүйе тұтастай ұлт мінезінің майдалануына әкелді. Мәселен, қазір Жазушылар одағының 1000-ға тарта мүшесі бар. Бірақ соның арасынан Жазушылар одағына төраға болуға лайықты бір адамды таба алмаймын. Біздің салада да солай. Бәрі майда-машақ, көзге іліп алар, тілге тиек етер адам ауызға орала бермейді. Баяғы Абылайдың түсі өңімізге айналып келе ме деп қорқамын. Әруақты адам ғой, көрегендігіне таң қаламын кейде. Сол ұлыларымыздың бізге тастап кеткен ұлан-ғайыр даласын, мінездегі ірілігін сақтап қалудың күннен күнге қиын болып бара жатқандығы жанымды жегідей жейді. Ұстап қалу үшін зерде, тұлғалық мінез керек. Өкінішке қарай, біздің сол қасиетіміз қолдан сусып шығып бара жатыр. Жақында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болдық. Саясаткерлердің деңгейінде бұл одақтың қаншалықты пайда-зиянының байыбына барып таразылап жатпаған болуым мүмкін, бірақ түйсігім бір жайсыздықты сезеді. Актерлерде интуициялық қабілет жақсы жетіледі ғой, түйсігіме сүйеніп қана айтып отырғаным. Сол сезімім алдаса екен деп тілеймін. Өзіңнің ұлттық бетің болмағаннан кейін, ұлт болып өмір сүруден де мән қалмайды. Ұлттық дегенді құрттық деп сосын шыға келесіңдер. Кезінде Ғабиден Мұстафин: «Бұрын ұлтшылдармен күресіп едік, қазір ұлтсыздармен күресіп жатырмыз» деп қалай дәл айтқан.
Жас қазақ: Қазір шынымен соған келе жатырмызау, аға...
Асанәлі Әші­мов: Келе жатыр емес, келдік қой деймін... (күрсінді)
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке ЖҰМАБАЙ
Мақала jasqazaq.kz сайтынан алынған

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста