Аманғазы КӘРІПЖАН, ақын: Желтоқсан оқиғасына қатысқаным үшін оқудан шығарылдым
Белгілі ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, бірнеше жыр мүшәйрасы, ақындар айтысы және жыраулар байқауларының жеңімпазы, жерлесіміз Аманғазы Кәріпжан биыл ердің жасы елуге толды. Осы орайда қаламгермен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
Жеті жасымнан бастап өлең жаздым
- Аманғазы аға, жақында ердің жасы елуге келіпсіз. Мерейтойыңыз құтты болсын!
- Рақмет! Мерейтойыма орай Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында кішігірім шығармашылық кешімді өткіздім. Сол кеште сатиралық шығармаларым да, толғау-термелерім де орындалды. 1990 жылдары домбыра, баян, аккордеон аспаптарын өздігімнен үйреніп, барлық әндерді айтушы едім. Кеште сол әндерім де қамтылды.
- Шығармашылық кеш демекші, туған жерге келіп, жерлестеріңізбен жүздесу ойыңызда жоқ па?
- Жақында ауылдастарыммен жүздесіп, Тарбағатай ауданының Би Боранбай ауылында кешімді өткізіп қайттым. Бұл шараны сол жердегі «Қызылтас перзенттері» деген әдеби бірлестік Мәдениет үйінде ұйымдастырды. Кеш ойдағыдай өтті.
- Ақсуат ауылының тумасы екеніңізді білеміз. Жыл сайын келіп тұратын шығарсыз?
- Ұлы Жеңістің 65 жылдығында келіп, Тарбағатай ауданындағы соғыс ардагерлерімен жүздесіп, шамамның келгенінше сый-сияпат көрсетіп қайтқаным бар. Одан бері де Ақсуатқа бірнеше рет келдім. Жаз уақытында бала-шағамды ертіп келіп, туған жердің жұпар ауасын жұтып қайтуға тырысамын.
- Білуімізше, балалық шағыңызда қиындықты көп көрген екенсіз...
- Менің әкем Әлімғазы Қытайда дүниеге келген. 1962 жылы он тоғыз жасында елге оралады. Алайда менің 1-сыныпқа барар шағымда әкем Зайсанның суына кетіп қайтыс болды. Сонда бар-жоғы 28 жаста екен. Әкемнің қазасынан кейін қайғыдан қан жұтып, Кәріпжан атам да дүниеден өтті. Анам жүкті еді. Қарындасым дүниеге келіп, кейін ол да шетінеп кетті. Бір жылдың ішінде отбасымыз осындай қайғылы жағдайларға ұшырап, бірталай қиыншылықтарды бастан өткердік.
Үйдің үлкені болғандықтан, отбасының барлық ауыртпалығы менің мойныма түсті. Мектепте оқып жүргенде-ақ совхозда жұмыс істеп, еңбекке ерте араластым. Өзге балалар доп қуалап, тайға мініп, асық атып жүргенде, мен совхоздың ауыр жұмысына жегілдім. Оның үстіне біздің мінетін атымыз да, бағатын қойымыз да болған жоқ. Балалық шағым тек қана шешеме көмектесіп, жұмыс істеумен өтті. Жетім балаларға берілетін марқұм әкемнің елу сом жәрдемақысын төрт балаға жеткізу мүмкін емес еді. Тарихтан «сегіз сағаттық жұмыс үшін күрес» дегенді оқып жүріп, өзім бала бола тұра 12 сағат жұмыс істеп, таңның атысынан кештің батысына дейін зілдей ауыр шөмелелерді жинайтынмын. Сонда түскі асқа жарты-ақ сағат уақыт беретін еді. Сондағы алатын жалақымыз түкке де тұрмайды. 9-сыныпты бітірген соң жазғы демалыста ет комбинатына баратын бес жүз еркек қойды да бақтым. Қазір ойласам, «Кәмелеттік жасқа толмаған балаға мемлекеттің мүлкін қалай сеніп тапсырған?» деп таңғаламын. Бізді осындай қиындықтар тез есейтіп жіберді.
- Қаршадайыңыздан совхоздың ауыр жұмысын істедіңіз, қай кезде өлең жазып жүрсіз? Ең алғашқы өлеңіңіз қалай дүниеге келген еді?
- Жеті жасымнан бастап өлең жаздым. Алғашқы жыр шумағын жазуыма мына бір оқиға әсер етті. Ол кезде жаңажылдық шыршаға мұғалімдер мен бастықтардың балалары ғана қатысатын. Ұйымдастырушылар «Саған аңдардың сөзі жетпей қалды» деп мені қатыстырмай қойды. Аю, қасқыр, қоян болып киінген балаларға қызығып, мерекелік шыршаға қатысқым келді. Қарасам, аңдардың ішінде жолбарыс жоқ екен. Сосын ұйымдастырушыларға «Жолбарыс жоқ қой» деп едім, «Оның саған беретін сөзі жоқ» деді. Анама жалынып жүріп, ауыл дүкеніндегі жолбарыстың маскасын сатып алдым. «Жолбарыстың терісіне ұқсайтын шешемнің қызыл пальтосын маскамен үйлестіріп кисем» деп түнімен ұйықтамай армандап шықтым. Және таңға дейін әрі ойланып, бері ойланып:
Жолбарыспын, жолбарыспын,
Бәрінен де дәу барыспын.
Ашылған аузым арандай,
Кездескеннің бәрін де
Жеп қоямын қаранбай, - деп өлең жазып, ертеңіне мұғаліміме апарып көрсеттім. «Мұны қайдан алдың?» - деді таңырқап. «Жыл он екі ай» деген кітаптан көшіріп алдым» деп өтірік айттым. Алғашқы жазған бір шумақ өлеңім осылай дүниеге келген еді.
Содан кейін «Әке», «Қызыл әскер» атты өлеңдерім дүниеге келіп, балаң жырларым мен мақалаларым аудандық газеттерге шыға бастады.
- Мектеп бітіргеннен кейін шопан болыпсыз. Оқуға тапсыруға тағы да жоқшылық кесірін тигізді ме?
- Негізі Алматыда оқуды армандаған едім. Бірақ анам: «Балам, Алматыда оқуға түсу оңай емес. Босқа ақша шығындап қайтесің, одан да әкеңнің зейнетақысын жинап берейін. Семейге оқуға бар», - деді. Сөйтіп, Семейдегі зооветеринарлық институтқа барып, алдыңғы емтихандарды жақсы тапсырып шыққан едім. Көшеде келе жатсам, алдымнан ауылдағы мектеп директоры кездесіп: «Өй, сен мұнда неғып жүрсің? Ең көп мақала жазған оқушы болғандықтан, саған ауданнан арнайы жолдама келген еді ғой. Сен жолдамамен ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне конкурссыз-ақ оқуға түсесің», - деді. Әлгі
жаңалықты ести сала бірден ауылға тарттым. Ауылға барсам, жолдаманың уақыты өтіп кетіпті. Сонымен екі оқу да жайына қалып, «Ленин жолы» кеңшарына қарасты «Жас қанат» қой өсіруші комсомол жастар бригадасына бір жыл шопан болдым. Келер жылы Алматыға келіп, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға тапсырдым. Бірақ оқуға түсе алмай қалдым. Сосын Талғар ауыл шаруашылық техникумына түскен едім, дәл сол кездерде ауылдан хабарлама келіпті. Үйге хабарлассам, маған ҚазҰУ-дан сырттай бөлімге шақырту қағазы келгенін айтты. Қайтадан емтихан тапсырып, ҚазҰУ-ға оқуға түстім. Сырттай бөлімінде оқып жүріп құрылыста жұмыс істедім. Содан кейін Сібірге әскерге барып, екі жылдан соң қайтадан құрылыстағы жұмысымды жалғастырдым. 1986 жылы күзде көп қиындықпен бір курс кері шегіндіріп, күндізгі бөлімге ауысып едім, небәрі екі жарым ай ғана оқыдым. Сол кезде Желтоқсан оқиғасы басталып кетті.
Тауық қораға түнеген кездерім де болды
- Желтоқсан оқиғасы дейсіз бе?!
-17 желтоқсан күні қазіргі «Қазақстан» телеарнасының бір қызметкері мені «Құрдастар» атты бағдарламаға шақырып, өзіммен бірге он шақты студент ала келуімді сұраған еді. Курс студенттерімен жиналып келе жатқанымызда милиция қызметкерлері Желтоқсан көшесімен де, Фурманов көшесімен де бізді жүргізбеді. Фурманов көшесімен өтеміз деп курстасым Гүлнар Әшімова екеуміз әскерилердің қоршауында қалып қойдық. Бұл жерде біршама жастар жиналған екен, сағат 11.00-ге таман мінбер маңындағы біз тұрған жерге он шақты ректор және бір генерал келді. Олар біздің басшылыққа қарсы шығуымыздың нағыз «бұзақылық» екендігін, әлем алдында елімізді «масқаралап» жатқандығымызды, өздері қазақтың жастары үшін «ұяттан жерге кіріп кете жаздағандығын» айтып, биліктің насихатын жүргізе бастады. Жастар да «Бізге өзге ұлттан басшы керек емес!» деп қарсы пікірлерін білдіріп жатты. Ал қасымдағы Гүлнар Әшімова Катонқарағай ауданында 200 адамның қолын жинап, қазақ балабақшасын ашпақ ниетінің құзырлы орындар тарапынан қолдау таппағандығын және басқа да жанына батқан шырғалаңдарды айтып, ашына да ашыла сөйледі. Мен де курстасымнан қалыс қалмай, Шона Смаханұлы сияқты ұлтжандылар болмағанда қазақ мектебінің оңайлықпен ашыла қоймайтындығын айтып, «Бізге әлі де қазақ мектептері керек!» деп қызбалықпен біраз жерге бардым. Сөйтсем, әлгі генерал: «Шона Смаханұлының қолынан не келеді? Қазақ мектептерін ашып беріп жатқан – Үкімет пен партия!» - деді. «Мына тұрған барлығыңыздың да балаларыңыз орысша оқиды. Неге өздеріңіз қазақ мектебін аштырмайсыздар?» деп дауластым. Адам қызбалыққа салынғанда «ертең басымыз бәлеге қалады-ау» деп ойламайды екен ғой. Гүлнар екеуімізді қайта-қайта суретке, камераға түсіріп жатты.
Сөйтіп, не керек, алаңда екі сағаттай дау-дамай болды. Өзімді құдды бір жиналыста сөйлеп жатқандай сезіндім. Тура мінбердің жанында тұрған едім. Мінберге шығып сөйлейік десек, солдаттар қоршап алған. Мінберге енді ұмтыла бергенде, мені ұстаймын деп қасымдағы басқа бір жігітті солдаттар ұстап алып кетті. «Тағы біреудің обалына қалмайын» деп шептің арасына еніп кеттім. Жеті қатар солдаттардың шебін бұзып өткенімізде төбелес басталды да кетті. Біз қолымызға бір-бір ағаш алып алдық. Қолдарында резеңке сойыл болса да солдаттар бізден шегіншектеп, қаша бастады. Бір кезде бірнеше машина келіп, лек-легімен солдаттар түсірді. Солдаттардың санында шек жоқ. Жігіттерді ұрып, қыздарды шашынан жұлып, сүйрей бастады. Бәріміз жан-жаққа тым-тырақай қаша бастадық. Жүгіре алғанымыз қашып құтылдық. Жүгіре алмағандар аяусыз жазаланды. Сол күні түнімен алаңда төбелес болды.
- Желтоқсан оқиғасынан кейін сізді оқудан шығарып жіберді ме? Оқиға қалай өрбіді?
- 23 желтоқсанда аудиторияға бір топ мұғалімдер кіріп келді. Бір профессор ағамыз: «Кезінде біздің Қазақстанды кім басқармады, П.Пономаренко да, Л.Мирзоян да басқарды. Одан қазақ халқы ұтқаннан басқа зиян көрген жоқ. Қайта халықтардың достығы артып, одан әрі көзіміз ашыла түсті. Ал кеше жастарымыз Қазақстанның дамуына кедергі жасағанымен қоймай, бізді әлем алдында масқаралады. Сондай «халық жауларының» бірі араларыңда отыр. Соның бірі - Аманғазы Кәріпжанов», - деді. Біреуі: «Кәріпжанов қайсысың?» - дегенде мен орнымнан тұрдым. Курстасым Бақыт Әсембаева: «Ол не істеп қойды? Қандай жазығы бар? Ешқандай жазығы жоқ», - деп жылап жіберді. Сонымен қатар «Аманғазынікі дұрыс емес» деп қарсы шыққандар да болды. Сосын бір оқытушымыз: «Аманғазы оқудан шығарылсын» дегендерің қолдарыңды көтеріңдер», - деді. Ешкім қол көтермеді. Содан мені комсомол қатарынан шығармай, қалдыратын болды.
Бір күні аудиторияда отырсам, МҚК қызметкерлері келіп алып кетті. Өскеменнің жігіттері екен, мені әбден тергеуге алды. «Сенің қырық шақты студентті ертіп, алаңға алып бара жатқаныңды көрдік» деп, әрқайсысы әр түрлі жала жапты. Қойшы, әйтеуір, бірнеше рет тергеу амалдарын жасап, мені қорқытпақ болды. Бірақ тергеу нәтижесіз аяқталды. Ақырында тергеуден босағанмен, оқудан, комсомолдан шығып қалған соң, сергелдең одан әрі жалғасты.
Барлық жер мені жұмысқа алмай қойды. Сөйтіп, екі жыл уақытым құр сергелдеңмен өтті. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Боралдайдағы істі болып, жазасын қара жұмыспен өтеп жатқандардың вагонына түнеп
жүрдім. Милициялар тексеретін кезде қашып кететінмін. Түнде жататын жер таппай, бұрынғы өзім жалдап тұрған татар апайдың үйіне баратынмын. Барғанымды қайтейін, оның орыс тілді туыстары «басымызға бәле болады» деп мені жолатпайтынды шығарды. Тығылып келіп, түнде соның тауық қорасына қонып жүрдім. Бірде таң атқанша аязда қалып, суық тиіп, бір құлағым содан естімейді. Әйтеуір, бір адам тауып, соның көмегімен жеті ай дегенде құрылыс жұмысына орналастым. Таратып айтсам бір кітап.
- Қазір немен айналысып жүрсіз?
- Қазақта шешілмеген мәселе көп. Ұлтқа бәрінен де қауіпті нәрсе - қаптап кеткен әртүрлі діни ағымдар. Онымен ешкім айналысып
жүрген жоқ. Мен осы ағымдарға, яғни, тәуелсіздігімізді сетінетуге, халық арасына жік салуға тырысатындарға қарсы «Ымыра» атты қоғамдық бірлестік ашу үстіндемін.
Сұхбаттасқан – Алтай Таңат