"Әлдиден эпосқа дейін" – отбасы хрестоматиясы
Мұхит Төлеген Түркиядағы Кайсери қаласындағы Ержиес университетінің Әлеуметтік ғылымдар институтының PhD докторантурасында білім алуда. Мұхит бірнеше автормен бірігіп, «Әлдиден эпосқа дейін» атты отбасылық хрестоматия әзірлеп, жарыққа шығарды.
Бұл жинақ – бесік жырынан бастап, батырлар жырына шекті құнды дүниелерді топтастырған этнопедагогикалық еңбек. Мұхитпен әңгімеміз де отбасылық хрестоматия төңірегінде өрбіді.
– Мұхит «Әлдиден эпосқа дейін» отбасы хрестоматиясын шығарған авторлардың бірісіз. Этнопедагогикалық кітапты дайындау сіздерге оңай соқпаған шығар. Кітап қалай жинақталды?
– Халық даналығында «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген тағылымды сөз бар. Бұл кітап осы нақылдың ізінде құрастырылды. Ең алдымен, бұл кітаптың белгілі адвокат, тіл жанашыры Абзал Құспан ағамыздың идеясы екендігін айта кеткеніміз жөн. Барлық ата-ананың басты арманы ұл мен қызына тәрбие беріп, оны жақсы, кемел азамат санатына жеткізу ғой. Сол сияқты Абзал ағамыз да қазақтың отбасы тәрбиесін қайта жаңғырту мақсатында бастапқыда ұлттық негіздегі балабақша ашпақ болады. Алайда ол үшін бөбектер мен сәбилерге арналған кітап қажет болады. Сол себептен кітапты құрастырған Санжар Керімбай, Әділбек Нәби және маған қолқа салып, қазақ халқының отба-сылық құндылықтары жинақталған, дәстүрлі тәрбиеде кеңінен қолданылатын кітап жазып беруін сұрады. Осы идеяның негізінде «Әлдиден эпосқа дейін» атты отбасы хрестоматиясы дүниеге келді.
Әрине, кітаптағы материалдарды, оның ішінде бесік жырларын, санамақтар мен жаңылт-паштарды, аңыз-әпсаналарды, қисса-хикаяларын жинақтау оңай болған жоқ. Бұған дейін осы сарындағы ондаған кітап басылып шықты. Мәселен, этнопедагогика саласында Әдібай Табылды, Алма Қыраубаева, т.б. сынды ғалымдар еңбек етіп, ұлттық тәрбиеге қатысты көптеген дүниелерді өмірге әкелді. Ал «Әлдиден эпосқа дейін» кітабының ерекшелігі, біз кітап мазмұнын құрайтын мәліметтердің мәйегінде жатқан дәстүрлі қазақ дүниетанымын заманауи ғылыми зерттеулермен ұштастырдық. Осы мақсатта орыс, ағылшын, неміс, румын, болгар, т.б. шетел ғалымдарының озық тәжірибелеріне сүйендік. Халық фольклорының озық үлгілері болып саналатын бесік жырларының, тақпақтардың, жаңылтпаштар мен санамақтардың жай ғана әдеби мұралар емес, сәбидің, нәрестенің психологиялық болмысына терең әсер ететін, санасы мен зейінін дамытатын құнарлы рухани азық екендігіне көз жеткіздік. Кітаптың бір жетістігі – мұнда аңыздар мен қисса-дастандар тұңғыш рет толымды жинақталды. Сонымен қатар кезінде қазақ арасына кеңінен таралған, бірақ уақыт өте келе жоғала бастаған «Миғражнама» хикаяларының да маңызы үлкен. Кітапты құрастыруға алты айдан аса уақыт кетті. Өткен жылы шілде айында шыққан кітаптың 2000 данасы екі ай ішінде тез сатылып, халыққа таралып кетті. Әлбетте, бұған оның әлеуметтік желілерде де жақсы жарнамаланғаны әсер етті. Қазіргі кезде көптеген ата-аналар мен жеткіншектер, жалпы, оқырмандар осы кітапқа қатысты жылы лебіздерін білдіріп отыр.
– Бесік жырынан бастап, санамақ, батырлар жырын да бұл кітаптан кездестіруге болады. Кітапты парақтап отырсақ, шетелдік ғалымдардың да пікірлерін пайдаланған екенсіздер. Қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілері болып саналатын бесік жыры, сана-мақтарды іріктеу оңай тимеген шығар. Көбіне неге басымдық бердіңіздер?
– Шетел ғалымдары этнопедагогика саласында көптеген ғылыми жаңалықтар ашқан. Мәселен, Америкада, Германияда, көршілес Ресей елінде бесік жырларын зерттейтін арнайы институттар, академиялық орталықтар жұмыс істейді. Тіпті жаңылтпаштар мен санамақтардың сәби санасының дамуына ықпалын зерделейтін де ғалымдар шоғыры да мол. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар атамыздың сөзі осы кезде еріксіз ойға оралады. Батыс елдерінің бесігін түзеуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Дегенмен «тегінде бар» деген де сөз бар ғой қазақта. Сол сияқты тегінде жақсы үрдістің жұрнағы бар елдер ғана озатыны хақ. Біздің барлық дәстүріміз, мұраларымыз түгелдей кемел адам тәрбиелеуге құрылған. Қазақтың салт-дәстүрінде, аңыздарында, тіпті тақпақтарында ұлттық кодтарды тірілтетін сакральді элементтер жетерлік. Біз сондықтан бұл салада жаңалық аштық деп ойламаймыз. Тек қана жұрт жадынан өше бастаған, бұрыннан бар қазыналарды жарыққа шығардық. Мәселен, бұл кітапқа жас нәрестеге пайғамбарлар мен әулие-әнбиелерді өнеге ететін бесік жыры алғаш рет енгізілді.
– Менің балам осы ма?
Басында бақыт құсы ма?
Ғайып ерен қырық шілтен
Бөбегімнің досы ма?
Әлди, әлди, әлди-ай, – деп басталатын бұл бесік жыры кезінде Қазақстанның барлық өңірінде айтылған. Біз бұл әлди жырын Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының Бас қор сақтаушысы Рахия Жүзбаевадан жазып алдық. Этнограф Әбубәкір Диваевтың да еңбектерінде осындай сипаттағы бесік жырлары ұшырасады. Бұл нені білдіреді? Бесік жырларының өзегінде сәбиге асқақ идеалдарға баулыйтын сөздер болмаса, адамсүйгіш, патриот, мейірімді тұлғаның қалыптасуы екіталай. Неге дейсіз ғой? Осы тұста профессор И.Карабулатованың пікіріне жүгінуге тура келеді. Ол: «Бесік жырында халық даналығы мен сұлулық қабысып жатыр. Әр халықтың ұлттық тәрбиесі, салт-дәстүрі, өнері бесік жырынан бастау алады. Әлди әні арқылы бала бойында ана тіліне деген құштарлық қалыптасып, музыкалық қабілеті жетіледі» дейді. Татар ғалымы түркі халықтарының бесік жырларына қатысты көптеген жобалар жүргізіп, осындай тұжырымға келген. Дәл сол сияқты санамақтар мен жаңылтпаштар да сәбидің зердесінің жедел жетілуіне үлес қосады. Қазақы санамақтардағы тақпақ шумақтары ұлттық менталитетке өте жақын. Негізгі арқауы – күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттар (мәселен, бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу). Киіз үй жабдықтарына, құрал-саймандарға, төрт түлікке қатысты санамақтар молынан ұшырасады. Олардың iшкi мазмұнынан сәби психологиясының ерекшелiктерi танылады. Егер санамақтар мазмұнына назар аударсақ, олардың ұйқасқа құрылатынын байқаймыз. Бұл, әсiресе, сан аралас келетiн санамақтардан айқын көрiнедi. ХХ ғасырдың орта шенінде румын зерттеушісі Константин Брайлою мен америкалық филолог Роббинс Бурлинг бірлесіп зерттеудің нәтижесінде әлем халықтары санамақтарының бір-біріне өте ұқсас, әмбебап сипатта болатындығын анықтады. Демек, бұл баланың қалауы, тілегі барлық ұлтта бірдей екендігін дәлелдейді.
Мен Түркиядағы Кайсери қаласында орналасқан Ержиес университетінде этнопсихология және дін психологиясы бойынша докторантурада оқып жатырмын. Жас ерекшелігі психологиясында «Даму міндеттері» деген ұғым бар. Яғни сәбидің жарық дүниеге келген сәтінен бастап, оның физиологиялық, психологиялық даму кезеңдері ортақ жүйеде жүріп отырады. Егер баланың жасына сай даму үдерісі кешеуілдейтін болса, бұған арнайы терапиялық шараларды қолдану қажет. Қазіргі кезде тілі мүкіс не-месе ойын дұрыс жеткізе алмайтын жастар көбейіп кетті. Осының барлығы – оларға бүлдіршін, бөбек шағында жаңылтпаш, тақпақ жаттатпағанның кесірі. Яғни кітапта балалар арасында көп кездесетін проблемаларды шешудің жолдары да көрсетілді. Бір сөзбен айтқанда, перзентінің болашағына алаңдайтын ата-аналар үшін таптырмайтын дүниеге айналды.
– Таласбек Әсемқұловтың «Адамның тәрбиесі шыр етіп дүниеге келгеннен басталады. Әуелі отбасы-ошақ қасы тәрбиесі, содан соң мектеп тәрбиесі, содан кейін азаматтық өмір... осылай кете береді. Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндарын оқығанда, «алғашқы білімді ауыл молласынан алды» деп келетін елеусіз ғана мәліметті талай рет көзіңіз шалған шығар. Солай болған. Адам әуелі діни тәрбие алуы керек» дейді. Кітаптағы діни қиссаларды мысалға келтірудің басты сыры осында жатқан жоқ па?
– Таласбек ағамыздың айтқан сөзімен толықтай келісемін. Себебі кезінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, т.б. кемеңгерлер ауыл молдасынан тәлім ала жүріп, қисса-аңыздар тыңдаған. Сол арқылы олардың ой-өрісі кеңейіп, ұлттық, жалпыадамзаттық деңгейде ойлайтын тұлғаларға айналды. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында ақынның жас кезінде қисса-дастандарды жатқа соққаны жайлы баяндалған. Сонымен бірге, медреселерде «он екі пән» ілімін меңгерген ғұлама ақын-жыраулар қиссалардың сюжетін жыр түрінде елге таратты. «Өнеге шашқан жыршылық, Құдайға бұл да құлшылық» деген ұстаным жыршы-жыраулардың басты қағидасы болды. Сыр сүлейлері Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Сейітжан ахун Бекшентайұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Батыста өткен Қашаған Күржіманұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы өз жыр-толғауларында қиссаларды қолданып, әр пайғамбарлардың өмірінен сыр шертеді. Тіпті «сүлей» деген сөздің өзі «қисса жырлаушы» деген мағынаны білдіреді. Түркі топырағында бұл өркениетті дүниеге әкелген – Насируддин Рабғузи. Оның «Қисса сүл-әнбия», яғни «Пайғамбарлар қиссасы» атты еңбегі түркі ұлыстарына түгел таралып, өмір салтына сіңісіп кетті. Демек, қисса айту мәдениеті – тамыры тереңге кеткен үрдіс. Қазақ дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, әлемге көзқарасы қиссалардың желісінде қалыптасқан. Мәселен, кез келген салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, ырым-тыйымның астарында қисса хикаялары жатыр. Қисса тыңдап өскен бала қоғамда бе-лең алған суицид, нашақорлық, маскүнемдік сияқты дерттердің шырмауына ілікпей, білім-ғылымға, қайырлы істер жасауға құштар болады. Батыста емханаларда 1926 жылдан бастап «қиссатерапия» деген емдеу түрі қолданылып келеді. Өмірден шаршаған, торыққан, үміті үзілген жандар қиссалар тыңдап, жан жарасын жазады. Осы тәсілді біз отбасы тәрбиесінде кеңінен қолдансақ, қоғамды түзетуге атсалысқан болар едік деп ойлаймын. Жалпы, қиссаның пайдасын таңды таңға ұрып айта берсек те сарқылмайды. Ең бастысы, оны кәдеге жарату.
– Көпшілік біле бермейтін түрлі қиссаларды кездестіріп отырмыз. Жинаққа енгі-зілген аңыз-әпсаналарды жинақтау процесі қалай жүрді?
– «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Рабғузидің «Қисса сүл-әнбиясы» қазақ тілінде жарық көрді. Оны тәржімалаған – шығыстанушы ғалым Төрәлі Қыдыр. Осы кітаптағы қиссаларды іріктеп, оларды қазақтың құнарлы тілінде сөйлеттік. Және жоғарыда айтылған ақын-жыраулардың толғаула-рындағы қисса оқиғаларын жинақтадық. «Қисса сүл-әнбия» кітабы барлық аңыз-қиссаларды тоғыстырғанымен, СССР кезінде мұндай дүниелер жойылып кетті. Ал ішіндегі мәнді оқиғалар жұрттың аузында, жыраулардың сөзінде қалды. Сондықтан бізге әр жерге шашырап кеткен хикаяларды тірнектеп жинауға тура келді. Бір сөзбен айтқанда, алтынның сынықтарын құрап-құрап, мозаикаға айналдырғандай болдық. Бір жағынан, ұлттық мұраларға салғырт қарауға болмайтындығын түйсіндік. Қытайдан келген этнограф ғалым Болат Бопайұлы көп қиссаларын бөлісіп, жәрдемін аямады. Жас кезінде «құйма құлақ» атанған, көкірегі ояу ағамыздың Қытайдағы қиссагер қарттардан естіген аңыз-дарын кітапқа қостық. Бір айта кетерлік мәселе, осыдан екі жыл бұрын «Жұлдыз» журналына жазушы Мұхтар Мағауиннің «Құждың қу жілігі» атты әңгімесі жарияланды. Құж – «Қисса сүл-әнбияда» Нұх пайғамбар заманында өмір сүрді деп сипатталатын кейіпкер. Осы әңгіме бізге шабыт берді. Әсіресе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Мес» кітабындағы қиссаларды оқып отырып, бір рақаттанасың. Біз шамамыз келгенше, бәрін «Әлдиден эпосқа дейін» кітабына енгізуге тырыстық.
– «Әлдиден эпосқа дейін»... Кітаптың атын осылай деп атауларыңыздың өзіндік себебі бар ма?
– Иә, өйткені бұл кітапқа бесік жырларынан бастап, батырлар жырына дейінгі мұралар енді. Батырлар жырын сәбидің зейініне лайықтап, қара сөзбен бердік. Бұл үлгі қазақ әдебиетінде бұрыннан бар. Мұхтар Мағауин «Ер Тарғын» жырын, Ақселеу Сейдімбеков «Алпамыс батыр» жырын еспе сөз жанрында жазып шыққан. Қытайда бұл үрдісті «шалқыма» деп атайды екен. Алдыңғы ізбен біз де «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» жырларын шағын сипатта баяндадық. Отбасы хрестоматиясы болғандықтан, бұл кітап отбасындағы тәлім-тәрбиені дәстүрлі үлгіде жүргізуді мақсат еткен.
– Білуімізше, «Әлдиден эпосқа дейін» әлі де жалғасын табатын көрінеді. Келесі жинақтарды қандай шығармалармен толықтыру ойларыңызда бар?
– Қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен ырым-тыйымдарының шығуына негіз болған аңыз-хикаяларды іріктеп, «Салт-дәстүр сөйлейді» деген атпен кітап қылып шығарып жатырмыз. Жақын арада жарық көреді. Ол да «Отбасы хрестоматиясы» сериясының аясында жазылды. Бұрынғы авторлардан бөлек, бұл кітаптың жазылуына Асылтай Тасболат есімді жас ғалым да өз үлесін қосты. Аңыз-әпсаналарды жинау бірнеше бағытта жүрді. Әсіресе, қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Қытайдан хикаялардың мол шоғырын кезіктірдік. Болат Бопайұлы ағамыз бен Тоқтасын, Дәбей секілді қазыналы қарттарға айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар Түркиядағы кітапханалардан да қазақтың әдет-ғұрыптарына қатысты мол дүниелерге қол жеткіздік. Тоқсаныншы жылдары Ататүрік атындағы «Түрік тіл және тарих қоғамының» ғалымдары Қазақстанға келіп, қариялардың аузынан қаншама ғибратты аңыздарды жазып алған екен. Олар Қазақстанда ешқайда жарық көрмеген. Ол кезде аласапыран болып, елдің жоқшылық тартып жатқан уақыт қой. Өз мұраларымызға көңіл бөлуге шамамыз келмей жатқан сәтте арнайы жоба жасап, қазақ ауылдарын аралап шыққан ағайындар мол олжаға жолыққан. Қазір солардың барлығын қайтарып алып, қазақ тіліне аударып, шып-шырғасын шығармай, кітабымызға енгіздік. Бұл кітап та елдің көңілінен шығар деген үміттеміз.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
(Тақырып өзгертілді. Түпнұсқадағы тақырып: КЕМЕЛ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕЙТІН ЕҢБЕК)