"Ала қойды бөле қырыққан" министр ме, әлде…
Биылғы оқу жылында жаңа министр мырза тарапынан өрелі өзгеріс, тың серпін күтіліп еді. Көп күттірген оң жаңалықтардың шеті аса көптеп қылтимаса да, бір хабар қазақ тілі десе жүрегін қолына ұстайтын, мемлекеттік тіл мәртебесі десе өкпесі өшердей алқыныс күйге түсетін көпшілікті қуантып тастады.
«Қазақ тілі пәніне бір сағат қосылды!» — деп сүйіншілеген қарлығаш хабар тіл жанашырларын бір серпілтіп өтті. «Балам қазақша тағы бір сағатқа сайрайтын болды» деп ата-аналар да дүрлігісіп қалды. Ал мұғалімдер болса «кешегі күні өткен Б.Жұмағұловтың қазақ тілі пәніне қатысты «қатесін» жаңа министр түзетті» деп бек шаттанды. Бұл шаттанудың басы аяқталған оқу жылының қаңтар айынан бастау алған болатын.
Ұлт сыныптарында дәурені көшкен Жұмағұловтың жайпауына ұшыраған қазақ тілі пәнінің жүктемелері ішінара қайтарылып, тілдік ахуал қалыпқа түскендей еді. Бірақ қуанта келген «қалпына келтіру шаралары» бір сыныптарға енді, бір сыныптардан бейтарап күйде айналып өтті. Мысалы, бастауыш сыныптарға сол қаңтарда бір сағаттан қосылды. Ал сол қайтқан құстай болған қазақ тілі пәнінің бір сағаты 5-сыныпты сырт айналмай, құтты орнына оралды. Дегенмен 6-сынып бұл «жарылқаудан» «бейхабар» бұрынғы екі сағаттық жұтаң жүктемемен қала берді. 7-8 ұлт сыныбы да бір сағатқа қазақша пікірлесіп, қауқылдасып қалды. 9-ұйғыр сыныптары үшін бұл белең алған «береке» бейтаныс болды, олар өткен оқу жылын екі сағат күйінде мұқтаждықта тамамдады. 10-11-ұлт сыныптары үшін бір сағатқа қазақ тілі жүктемесі артып, олар оңынан келген орайлы оқиғаның ұзағынан салтанат құруын тілеп жүріп, 2013-2014 оқу жылын бітірді.
Бұларды айтып отырған себебім — ұлт мектептеріндегі қазақ тілі жүктемесіне қырғидай тиген бұрынғы білім басшылығының кесірінен мемлекеттік тіл мәртебесі аталған ортада солқылдақ сипат ала бастағаны ащы да болса ақиқат. Сондықтан биылғы 2014-2015 оқу жылында қазақ тіліне бір сағат қосылды деген хабарды ұстазы мен шәкірті де, ата-ана мен тіл қамқоршылары да елегізе күткен-ді. Күткені күлімдеп келмеді, емшек сұрап жылаған балаға жарты күлше беріп, көз жасын бір сүртіп өткендей ғана әсер қалдырды. Қазақ тілі сағаты нақты қай сыныптарда артқанын анықтап көрдім. Барлық ұлт сыныптарындағы мемлекеттік тіл пәнінің жүктемесі қаңтардағы өзгеріс халінде әлі қаңтарылып тұр. Бір сағат қосылып, меңгерілуіне беделі тоғысып жетіскені шамалы. Қазақ тілін енді ғана шымылдығы ашылған жаңа оқу жылында бұрынғыдан бір сағатқа артық оқып, қазақша білім бекітетіндер — кілең коррекциялық сыныптар. Аталмыш сынып оқушыларының қазақ тілін өткен жылмен салыстырғанда бір сағатқа артық «қаужайтыны», әрине, қуаныш. Тек осы қуаныш неге өзге сыныптарды сырт айналып өтіп, жүзін емес, сыздауық сыртын беріп тұр? Әлде мемлекеттік тіл тек қана коррекциялық сыныптарда терең меңгертіліп, тек сол ортада ғана құрмет тұтылуы шарт па? Өзге сыныптардан суыт аттап кеткен бұл не қылған «салмақты серпіліс»? Орыс сыныптарында (5-11) Жұмағұловтың патшалығы кезіндегі соңғы жылы бес сағаттық жүктемеден үш сағатқа шолтырайған күйінен төрт сағаттық деңгейде әрі-сәрі боп ол тұр. Егер қазақ тілінің грамматикасы мен қоғамдық-әлеуметтік маңызының оқушылар санасына сіңірілуі дәл осы 5-11 сыныптарда жүргізілетінін ескерсек, қырау шалған қазақ тілі сағаттары селкеу көңілді күмәннан арылта алмасы хақ. Қазақ елінің болашағы дара осы тілде екенін «көрсете алмай» жүктеме тұр төменшіктеп, «елімнің ертеңі қазақ тілінде ме, жоқ әлде…» деген дүдәмал сұрақпен өсіп келе жатқан жеткіншек және бар. Сонда тағы да «оқымайтын оқушы болмайды, оқыта алмайтын ұстаз болады» деп көпірген сыңарезу пікір тағы аждаһадай бас көтере ме? Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде ардақталуы мектеп қабырғасында басталуы тиіс жүйелі тәрбие тұғыры болса, сол тұғырды билік көптен бері неге теңселтумен келеді? Жауабы жартымсыз, жанды жүдетер сұғанақ сұрақ. Бірақ осы сұғанақ сұрақтың бір көңіл тойдырар дархан жауабын жұптап берер жан бар ма екен?
Осылайша қазақ тілінің жүктемесінің жетісуі тек коррекциялық сыныптарды ғана сілкіп өтті. Енді олар өткен оқу жылымен салыстырғанда қазақ тілі пәнін бір сағатқа артық оқып-тоқиды. Өзге сыныптарды сілкімек түгіл сипап та өтпеген «қайтып келу үрдісі» нәтижесінде ұлт сыныптары енді қаңтардағы қайтаруды «місе тұтып» оқуға мәжбүр. Сонда «шүкір» деп отырған қазақ тілі жүктемелері мынадай: орыс сыныптары аптасына төрт рет қазақ тілін «тұшына» оқиды. Ұйғыр сыныптарын арнайы атап өтейін, себебі мұнда қазақ тілі орыс сыныптарымен салыстырғанда едәуір төмен. 5-ұйғыр сыныбы қазақ тілімен аптасына үш рет қауышып «мәз», 6-ұйғыр сыныбы тоқалдан туған таздай ала бөтен аптасына екі рет қана мемлекеттік тіл пәнімен «жылап көріседі». 7-11-ұйғыр сыныптары қазақ тілін аптасына үш рет армандарына үкілеп қосады, болашақ қазақша білімдерін бекітуге тырысады. Жұмағұлов қаһарына дейін 10-11-ұйғыр сыныптары қазақ тілін төрт рет, қазақ әдебиетін екі рет емірене оқып шаттанатын. Қазір ол «шаттықтың» ұшқыны ғана қалған. Қазақ әдебиеті барлық ұйғыр сыныптарында аптасына бір-ақ рет. «Өгізге туған күн бұзауға да туады». Қазақ тілін түгендеп ала алмай жүріп, қазақ әдебиетінің дауын қуып нетейік!
Міне, биылғы жаңа оқу жылы осындай ақсарбас хабармен басталып, арты сағымға айналды. Бұрынғы Білім және ғылым министрінің кәріне іліккен қазақ тілі жүктемелерін сол бұрынғысынша төкпей-шашпай, бөліп-жармай қайтарар қайран азамат бар ма екен? Егер бар болса, шынымен, ана 6-ұйғыр сыныбы қазақ тілін екі рет елден ала-құла аз оқып, «сұрауы» көп болмас еді. Сонда 6-ұйғыр сынып оқушылары мемлекеттік тілді терең меңгеру үшін қосымша сабақтарға жүгіруі керек пе, әлде оқытудың жаңа технологиясымен «өзінше ізденуі» тиіс пе? Қалай десек те, ала қойды бөле қырқып, ақыры жүнге жарымаған қойшының халін кешпесек болғаны. «Сағат қосылды» дегенде «ақ түйенің қарны жарылды» десіп аңқылдасқан қайран ұлтжанды көңілдердің су сепкендей басылғаны болашаққа деген сенімнің шашылғаны болып жүрмегей! Себебі оқушы санасында аз оқитын қазақ тіліне деген құрмет пен межелі білімді қалыптастыру оңай іс емес. Соны бәрін бақылап отыруға тиісті министр білмей ме, әлде білдіріп бетіне айтатын, тіл базынасын «зарлағанда» су жорғадай тайпалтатын елжүректінің болмағаны ма? Шетте жүрген бауырларымыздың ана тілімен білім орындарында мүлде сусындамайтынын әсіре сынға алып, аузымызды айға білейміз. «Сендерде неге қазақтілді мектептер жоқ» деп көрші өз ағам-өзбекке де реніш айттық. Есесіне өзіміз еліміздегі өзбектерді туған тілінде оқытып, өзбек ағайынның қабағын бағып келеміз. «Қазақтілді мектептер жоқтың қасы боп, қазақ бауырларымыз ана тілін ұмытып, орыстанып кете бере ме?» деп іргедегі Ресейге де наз айтқансыдық. Бүйіріміздегі Қытайға да жақ ашқансыдық жалтақтап. Өзгеге сын айтар халіміз нешік? Қазақ тілін отандық білім жүйесінде береке таптыра алмай жүрміз. Неге? Біз «дархан», әлде кеңқолтық болып, елімізде тәжік, өзбек, орыс мектептерін іске қосумен жүргенде, дәл осы мемлекеттерден неге тура сондай жауап күтпейміз? Неге? Біз «қонақжайлылық» салтымызға басып, Қазақстанда тұратын өзбек баланы ана тілінде оқытып жатырмыз, ал Өзбекстан өзінде тұратын қазақтардан неге өзбек жасауға жанығып жүр? Осыны пайымдай алмай келе жатқан билік енді «битке өкпелеп тонын отқа тастады», Қазақстандағы ұлт сыныптарындағы қазақ тілін сол көрші елдерден «үйренгені, я болмаса жиренгені» белгісіз, қысқартып, қырқа бастады. Қысқартуды ара-тұра тыйып, жұбатып та қойды. Алайда орны ойсырап тұрған қазақ тілі жүктемелері толығымен неге қайтарылмайды? Алты жылдан кейін аттап келер 2020 жылы мектеп түлектері қазақ тілін 95 пайыз меңгермек түгіл, 50 де 50-дің өзін еңсере алар ма екен?..
www.kazakhstanzaman.kz сайтынан алынған