Адольф Янушкевич: Дала шешендерінің жанында Демосфен, Цицерондар түкке тұрмайды

Адольф Янушкевичтің өмірі бір-біріне ұқсамайтын екі кезеңнен тұрады: біріншісі 1831 жылға дейінгі кезең – өз отанында өмір сүрген уақыты, екінші – 1831 жылдан кейінгі кезең, осы кезде ол ұлт-азаттық көтерілске қатысқаны үшін тұтқындалып, кезең-кезеңмен Брест, Мәскеу, Вятка, Киевке жіберілген болатын.
Киевте 1832 жылдың 3 наурызында сот шешімімен Адольф Янушкевич дворяндық атақтан айырылды, мүлкі тәркіленіп, Сібірге айдалды. 1833 жылдың мамырында ол – Тобольскіде, ал дәл осы жылдың 10 желтоқсанында Ишим уезінің Желяково ауылына жіберілді. 1835 жылы оған Ишим қаласына орналасуға рұқсат берілді. Осы кезде бұл қалада айдауға түскен поляктар жиналып қалған еді. Ол осы қалада айдауға түскен ақын-романтик Густав Зелинскиймен кездесті. Олардың әңгімесі жарасып, қимас досқа айналды. Бірақ көп ұзамай Зелинский туған жеріне оралады. Екеуі бір-бірімен хат жазысып тұрды. 1841 жылдан бастап Адольф Янушкевич Омск аймақтық сотының канцеляриясында жұмыс істеп, осы жылдың күзінде оны «Сібір қырғыздары» (қазақтар) шекара басқарма басшысының канцеляриясына ауыстырды. Осы жерде ол бірінші рет қазақ тілімен танысып, қазақ далаларына іссапарға шыға бастайды, «Қырғыз құқығын құру жобасы» комитетінің хатшысы болып тағайындалады. 1843 жылдың маусым айында алғаш рет қазақ жеріне барған Адольф қазақ даласына ғашық болады. Ол 2 маусымда анасына жазған хатында өзінің осы сапарынан алған әсерін жазады. «Мен жап-жасыл ағаштарға оранған, аюлар, маралдар, бұғылар мен еліктер мекендейтін биік таулардан астым, Еуропада ешкім көрмеген ғажап өзендерден өттім, осы жерде 12 жылдан бері естімеген бұлбұлдың әнін тыңдадым. Мұнда мен қонған жерлеріне мыңдаған киіз үй тігетін көшпелі қызғыздарды, табын-табын сұлу жылқылар мен түйелерді, қойлар мен ірі қара малдарды көрдім. Қоқаннан, Ташкенттен ағылған саудагерлердің керуеніне кезіктім. Мұнда жабайы жылқыларды құлан дейді екен». 1845 жылы Янушкевич тағы да қазақ жеріне келеді. Ал 1846 жылы ол шекара басшысы генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамында Омскіден ұзақ уақытқа қазақ жеріне келеді.
Янушкевич бұл туралы 1846 жылы 8 мамырда өзінің анасында жазған хатында айтқан. «Мен қазір өзіме белгісіз елдерге кетіп барамын. Қырғыз даласының бір түкіпірінде көшпенді халықпен бірге тұрмақпын. Мен онда қолыма қару алып жүремін, өзендерден жүзіп өтемін, жабайы жылқыға мініп, әлі ешбір поляктың табаны тимеген таудың шыңына шығамын. Бірақ мен өзімнің бұл сапарымнан жүрексінбеймін. Құдайға сенемін, әлемдегі ең керемет аналардың бірі менің тілеуімді тілеп отырғанда мен әр қадамымды сеніммен жасаймын», делінген оның хатында.
Құрамында А. Янушкевич болған экспедицияның бір тобын оның досы Виктор Ивашкевич басқарған болатын. Ол поляктардың «Черные братья» деп аталатын құпия қоғамын құрғаны үшін, «күмәнді өлеңдер мен әндер» жазғаны үшін айдауға түскен.
Экспедицияның алғашқы күнінен бастап Янушкевич күнделік жүргізеді және жақындары мен достарына хат жіберіп отырады. Ол өзінің ағасы Януариге маусым айында жазған хатында былай дейді: «Бұл жердің қырғыздары бір айдан астам уақыт бұрын өздерінің қыстауларын тастап қайта көшіп-қонуды бастады. Олар үшін үйлерін түйенің үстіне немесе тақыр жерлерге тігіп, барлық жүктерін артынып-тартынып, малдарын алдына салып айдап көшіп жүруден асқан рахат жоқ. Көшпенді халық тек қыс түскенде ғана бір жерге тұрақтайды. Көшпенділердің өмірінде қиындықтар да жетерлік».
Қазақтың бірнеше ауылын аралаған Янушкевич небір қиындықтарды да көзімен көрген». Мұны ол былай суреттейді: «Қызметтен бос уақытымда жақын маңдағы ауылдарды аралап, далалықтардың өмірін, олардың өмірінен біздің өміріміздің айырмашылығын көргім келді. Сонда мен қарапайым қараша үйлердегі малшылардың көңілсіз жүздерін көріп, көңілім жабырқады. Өйткені малшылар өте жұпыны тұрады, оларды кедейлік әбден қажытқан. Байлар ақ киіз үйде тұрады, ал қара киіз үйде тұратын кедейлердің көбі науқас, шешек, қышымамен ауырған балалар көп. Оларды әркім өз білгенінше емдейді. Білімсіз бақсы-балгерлер, жалған емшілер көп. Ауруы асқынып қиналған жандарды көргенде жүрегің қарс айырылады». Янушкевич өзінің хаттарында қазақ тайпалараның басшылары, халық батырлары, ақындары мен әншілері туралы жиі жазған. Ол Аягөзден 11 маусымда Зелинскийге жазған хатында: «Мен саған Барақ сұлтан мен Құнанбай би туралы бірер сөз айтайын. Барақ сұлтан – Шыңғыс ханнан тараған хандардың тұқымы. Ол өте текті ұрпақтан шыққаны білініп тұратын қайратты, адамгершілігі зор тұлға. Табиғатынан ерекше жаратылған жан даланың Геркулесі секілді. Оның ақыл-парасаты, жігерлі мінезі, қайсарлығы қандай. Ол рыцарьлық дәстүрмен өскен феодалдық кезеңдегі баронның баласы іспетті. Ол секілді ешкім садақты мергендікпен ата алмайды, ол сияқты асауды ешкім тақымдай алмайды... Бәйге – бұл қырғыздардың турнирі. Аңшылық пен барымта арқылы оның атағы байтақ далаға жайылған. Барақ сұлтаннан сәл үлкендеу Құнанбай би. (Абайдың әкесі)», ол да дала атақтыларының бірі. Қарапайым қырғыздың баласы, табиғи талант иесі, керемет шешен сөйлейтін, есте сақтау қабілеті ғаламат, өзінің халқына қамқор адам Құнанбай дала заңын жақсы біледі, қырғыздарға қатысты Ресей уставын да жатқа біледі. Ол өте әділетті би және діндар мұсылман. Бай да, жарлы да, жас та, кәрі де Құнанбайдың кеңесіне жүгінеді. Мықты рулардың бірі Тобықты руынан болыстық барқармаға сайланған Құнанбай би өзінің міндетін өте шеберлікпен, қуаттылықпен орындайды. Оның әрбір бұйрығы, әр сөзі басын изесе болды жүзеге асырылады».
Янушкевич өзінің күнделдігінде қазақ даласының табиғатын өте шебер суреттейді. Мысалы, оның 16 маусымдағы жазбасында былай делінген: «Мен атқа мініп Ай-Төбе құмды тауының үстіне шықтым. Неткен ғажап көрініс. Біздің топтағы барлығымыз сұлулыққа таңданғанымыз соншалық, бір ауыздан айқайлап жібердік. Әлемде бұдан өткен ғажайып бар ма екен. Біздің көз алдымызда ұшы-қиырына көзің жетпейтін судың айнасы. Бұл әркім бір тамашалай бермеу үшін ит тұмсығы өтпейтін қалың қамыспен қоршалған қырғыздардың ғажап көлі – Ала көл. Оның толқындарының үстіне күн сәулесі шағылысып, анадайдан тәкәппар арал көрінеді. Бұл – Арал төбе. Осы арал тылсым күштердің сарайы іспетті немесе бұл аралда су иесі мекендейтіндей әсер қалдырады. Мұнда ешбір Колумбтың ескегі тимеген. Сол жағында алыстан мұнарлаған Тарбағатайдың сілемдері, оң жағында шыңынан ақ қары кетпейтін Алатау аспанмен таласып тұр. Міне, керемет пейзаж!
Байтақ дала, мөлдір су, тұнық аспан кез келген ақынды шабыттандырады. Адольф Янушкевичтің күнделігіндегі жазбалардан оның халық шығармашылығына, аңыздарға, ән-күйлерге деген қызығушылығының жоғары болғанын аңғаруға болады. Мысалы, ол кезінде атақты болған, бірақ кейіннен ұмтылған қарт ақын Түбеке туралы әңгімелейді. Сондай-ақ ол қарапайым халықты қанаған болыстар мен жергілікті басшыларды сынаған дала ақындарының бірі соқыр Жазықтың ұйқасқа құрылған жолдарын прозаға айналдырды. Адольф өзінің Густав Зелинскийге жазған хаттарында Орынбай, Жанақ ақындардың айтысы туралы керемет жазады. «Күрес басталды. Киіз үйдің іші құлаққа ұрған танадай тыныштық. Олимпиала ойындарындағыдай екі ақын жарысқа түсуде. Бірі бір ауыз сөзбен шабуыл жасайды, екіншісі бір ауыз сөзбен одан шебер қорғанады, бірте-бірте екеуінің де шабыты оянып, кәдімгідей ұрыс басталды. Бұл енді өте ғажап көрініс». Міне, осыдан кейін Адольф Янушкевич өзінің қазақ халқы, оның болашағы туралы керемет ойларын жазды. «Әлем елдері жабайы санайтын далалықтарды өз көзіммен көріп, естіп, олардың арасында өмір сүріп, олардың тіршілігіне куә болдым. Осыдан бірнеше күн бұрын бір-бірімен жанжалдасып жүрген екі партияның арасындағы қақтығысқа да куә болдым. Дала шешендерінің жанында Демосфен, Цицерондар түкке тұрмайды. Ал бүгін менің алдымда оқи да алмайтын, жаза да білмейтін ақындар мені өздерінің дарындылықтарымен таңғалдырды. Олардың айтқан сөздері менің жаным мен жүрегімнен орын алды. Бұл сонда жабайылар ма? Бұл халық тек мал бағу үшін жаратылған жандар ма? Жоқ, олай емес!»
Жаратқан бойларына керемет дарын сыйлаған халық өркениеттен тыс қалуы мүмкін емес. Бір күні қырғыз даласына да өркениеттің жарығы түсіп, бүгінде көшіп жүрген халық кезінде бақытсыз парилерге менсінбей қараған Индостан касталары секілді өзіне жоғарыдан қараған халықтардың арасында құрметті орынға ие болады. Поляк халқының атақты ұлы Адольф Янушкевичтің осыдан 166 жыл бұрын айтқан сөзі қазір жүзеге асты. Бүгінде Қазақстан әлемнің өркениетті, дамыған мемлекеттері арасында құрметті орынға ие, БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Қазақстан – экономикасы, мәдениеті дамыған көпұлтты мемлекет. Мұнда 130-дан астам ұлт өкілдері тату тұрып жатыр, олардың ішінде поляк ұлтының өкілдері де бар. Қазақстан-Польша елдерінің XIX ғасырда бастау алған әдеби, мәдени байланыстары бүгінде нығая түсіп, енді мемлекетаралық экономикалық байланыстары да күшейді. Қазір біздің облыста поляк халқының өкілдері тұрып жатыр. Олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін ұстанады, балалары өз ана тілдерінде оқиды. Қазақ халқы поляк халқының ұлы Адольф Янушкевичті ешқашан ұмытпайды. Оның «Қазақ даласына сапары туралы жазбалары мен хаттары» кітабы 2 рет қазақ тіліне аударылды. 1979 жылы жазушы Мұқаш Сәрсекеев аударса, 2003 жылы Янушкевичтің 200 жылдығына орай Ғабит Зұлхаров аударды. Сол жылы Янушкевичтің портреті салынған пошта маркалары шығарылды. Астана, Семей, Аягөзде оның атына көшелер берілген. Янушкевичтің кітабын әрқашанда қазақ халқы және Қазақстанда тұратын басқа да халықтар оқитын болады.
Алтын Орда сайтынан

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста