Абылай хан қайтыс болғанда жазылған құжаттар
1465 жылы құрылған, Қазақ хандығының тарихы сан қырлы.
Жаңадан құрылған жас мемлекеттің әу бастағы аумағы ат тоқымындай ғана жер болғанымен, кейін оның аумағы кеңейіп, басында 200 мың ғана болған халқы миллионға жете бастайды.
Қазақ хандығының іргесі бекіп, аумағы кеңейе бастағанымен оның саяси құрылымы да күрделене түседі. Шыңғыс хан заманынан басталған билікке талас, өзара қырқыс бұл жерде қылаң береді.
Бір өкініштісі хандық құрылған кезге байланысты тарихи құжаттар жоқтың қасы. Мұхамед Хайдар Дулати жазған «Тарихи Рашиди» еңбегінен басқа сүйенер деректер тым аз.
Кейін қазақ даласы Ресей империясының құрамына қосылған сәттерден бастап, көп дүниелер қағазға түсіп қаттала бастады.
Бүгін біз, ұсынғалы отырған құжаттар Ресейдің Омбы қаласындағы мұрағаттардан әкелінген. Мұнда 1781 жылы Абылай хан өлімінен соң, Орынбор генерал-губернатор И. В. Якобиға жазылған мәлімдеме беріліп отыр. Мәлімдемеде Абылай өлімінен соң таққа оның баласы Уәли отырғаны жазылған.
Бірінші мәлімдеме
Орыс бақылаушысы Чучалов Уәли Хан туралы: «Уәли әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар, әрі құбылмалы. Ол мені бір-ақ рет қабылдады. Бұл қылығын:«Әкем де Ресей жақтан келгендермен бір-ақ рет кездескен еді», — деп дәлелдеді» — деп жазған (Казахско-русские отношения в XVІІІ-XІX веках, А., 1964, 106-б.).
1781 жылдың 15 тамызы күні жазылған мәлімдеме
1782 жылы 25 ақпанда ІІ-Екатерина Уәлиді Орта жүздің ханы етіп бекіту туралы әмір еткен грамотаға қол қояды. Сол жылы 2 қарашада Петропавловск бекінісінде Уфа мен Симбирскінің генерал губернаторы Якобийдің қатысуымен Уәлидің таққа отыру және ант беру рәсімі өткізіледі. Уәли хан Ресейдің Қазақ хандығында жүргізген империялық қитұрқы саясатына тосқауыл болуға тырысты. Деректер Ресей билеушілерінің ел ішінде ханға наразы күштер болса жасырын қолдап, керек болса ақша да беріп, ұшқынды өртке айналдырып отырғанын айғақтаған.
1781 жылы 21 тамызда жазылған үшінші мәлімдеме
Орта жүздің Кіші жүзбен, Ұлы жүзбен ағайындық, туыстық, мемлекеттік байланыстарын үзіп, араларын алшақтатуға тырысқан. 1781 жылы Ресейде Кіші жүздің ханы Нұралы мен Айшуақ сұлтан тұтқынға алынғанда Уәли хан бұған наразылық білдіреді. Ханның бұл әрекетіне Орынбордың генерал губернаторы барон О.Игельстром төмендегідей жауап береді: «Жоғары дәрежелі хан, Ұлы мәртебелі императрица Сізге тек қана Орта жүзді билікке берді, ал қазақтың Кіші жүзінің ісі, ондағы жағдай Сізге мүлдем тапсырылмаған болатын» (Материалы по истории Казахской ССР, 4-т., М.-Л., 1940, 102-б.).
37 жыл хандық құрған Уәли хан 1819 жылы қайтыс болады. Ал, «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанған патша өкіметі 1815 жылы Орта жүзде тағы бір ханды мойындап, ел ішіне жік салады. Ол Кіші жүз ханы - Әбілқайырды өлтірген Барақ сұлтанның баласы Бөкей еді. Бұл жайты тарихтың жаңа беттерін ашуға түрткі болды.
Олжас БЕРКІНБАЕВ
«Қазақстан тарихы» Интернет жобасы мақаланы әзірлеу барысында мұрағат құжаттарымен қамтамасыз еткен, Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатына Алғыс білдіреді.