66 жылдан соң туған топырағына "оралған" сарбаз
Жер-жаһанды аласапыранға толтырған ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына аттай 64 жыл өтсе де, сұрапыл заманның ақтаңдақтары мен жұмбақтары әлі таусылар емес. Сол жұмбақтардың бір парасы — соғыс қимылдары кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен сарбаздардың ақыреттік беймәлім тағдыры десек, асылық болмас. 1943 жылы Орел- Курск майданында ұрысқа кірген қазақ сарбазы Кәмали Әбжаппаров 66 жыл бойы хабарсыз кеткендердің қаралы тізімінде болды. Ал осы аптаның басында соғыс басталған 1941 жылы 27 шілдеде Қарағандының Киров аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына алынған сарбаз арада 66 жыл өткен соң туған топырағына оралды! 1943 жылы Курск маңында қаза тапқан сарбаздың мәйіті жарты ғасырдан соң ақ жуылып, аруланып жерленді.
Кәмали Әбжаппаров Семей облысы Абыралы ауданының тумасы екен. Соғыстың алғашқы айларынан қан майданға араласқан сарбаз 2-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында соғысқан. 1943 жылы шілде айында Ока өзенін кешіп, жау шебін бұзуға тапсырма алған бөлімшелестерімен бірге опат болған.
Ресейдің Орлов қаласындағы ойранда опат болғандар мен хабарсыз кеткендерді іздестірумен айналысатын «Самолет» іздеу тобы Ока жағалауында жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде соғыс қимылдары кезінде асығыс жерленген 57 сарбаздың мәйітін аршып алып, әр сарбаздың кеудесінде тағылатын медальондары арқылы туған-туыстарын, жерлестерін іздей бастаған екен. Бір жыл уақыт бойы жүргізілген іздестірулер нәтижесінде Қарағандыдан Кәмали Әбжаппаровтың жалғыз аталас туысы Төкен Әбішев деген Ұлы Отан соғысының ардагері табылған. Ал Кәмали Әбжаппаровтың мойнында тағылған медальонда қаза тапқан жағдайда тауып алу үшін: «Сообщить: Казахская ССР, г. Аягуз, 2-квартал, д. 64, Исину Садику.
Сообщить: Казахская ССР, станция Шемонаихинск, ул. Станционная, д.62, Карышеву Калию» деген жазулар жазылған екен. Сарғайған парақшада жазылған жандардың бірі Садық Исин 2005 жылы қайтыс болып кетсе, екінші адресат мүлде табылмаған.
Іздестірушілер Садық Исиннің Алматыда тұратын қызы арқылы қарағандылық Төкен ақсақалмен хабарласқан.
Қарағандыдағы орталық мешітте 66 жылдан соң еліне оралған Кәмали Әбжаппаровтың рухына бағышталып, құран оқылып, жаназасы шығарылып, ас берілді. Қарағанды облысы басшылығының, облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының ұйымдастыруымен марқұмға арнап ас беріліп, сарбаздың мәйіті қала маңындағы мұсылман зираттарының бірінде мәңгіге қоныс тапты.
Төкен Әбішев, Кәмали Әбжаппаровтың аталас туысы, соғыс ардагері:
– Кәмали соғысқа аттанғанда салт басты жігіт еді. Соңында ұрпақ қалмады-ау. Жамағайын туыс болатынбыз. Біздің үйге қонаққа келіп тұратын Семейден. Осы жақтан әскер қатарына алынды. Мен 1942 жылы соғысқа аттандым. Кәмалиды комиссариаттан кеткен соң көрген емеспін. Хабарын да мүлде ести алмадым. Міне, енді өзінің топырағына әкелініп отыр. Жаны жәннатта болғай! Жеңіс мерекесі қарсаңында осынау ізгілікті шараны ұйымдастырып отырған облыс басшылығына алғысым шексіз...
Серік САҒЫНТАЙ, Қарағанды
alashainasy.kz