Жылжымайтын мүлік бағытындағы мемқызметтер екі апта бойына қолжетімсіз болады
Жаңа ақпараттық жүйеге көшуге байланысты "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" уақытша, яғни 2023 жылдың 26 сәуірінен 9 мамырына дейін жұмыс істемейді. Соған сәйкес, жылжымайтын мүлік бағытындағы қызметтер өтінімдерді қабылдауды тоқтатады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
"2023 жылдың 26 сәуірі мен 9 мамыры аралығында еліміздің ХҚКО-ларында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлікті тіркеу және жылжымайтын мүлік объектілерін техникалық тексеру саласында қызметтердің барлық түрлерін көрсетпейтінін хабарлаймыз", делінген "Азаматтарға арналған Үкімет" МК хабарламасында.
Мемлекеттік корпорация 26 сәуірге дейін қызметке тапсырыс беріп үлгерген азаматтар көрсетілген мерзімде оған қол жеткізе алатынын да нақтылайды.
"Сонымен қатар, биыл 2-9 мамыр аралығында eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлікті ресімдеуге әрі техникалық тексеруге құжаттарды онлайн қабылдау, нотариустар, салық жүйелері арқылы, екінші деңгейдегі банктер және ҚР Әділет министрлігінің атқарушы органдарының жүйелері бойынша қабылдау тоқтатылатынын атап өтеміз. Одан бөлек, көрсетілген кезеңде азаматтар тұрғын үй бағдарламаларына байланысты қызметтерді пайдалана алмайды".