Астана циркінің көптеген өнерпаздары мен қызметкерлері бұрынғы бастықтарының қайта оралуына қарсы. «Өнерді құрметтемейтін, адамдармен тіл табыса алмайтын мұндай басшының қол астында істегенше, бәріміздің өз еркімізбен арыз жазып, жұмыстан кеткеніміз артық», – деседі өмірін циркке арнап келе жатқан өнерпаздар мен жас жұлдыздар.
Мұндай мәлімдемені кеше Астанадағы Ұлттық баспасөз орталығында цирк өнерпаздары мен қызметкерлерінен құралған наразы топ жасады. Журналистер алдында сөз алған олар мәселені арыдан қозғады: 2005 жылы жаңадан ашылған Астана циркі барлық мүмкіндіктерімен, жан-жақты бағдарламалары арқылы көрерменін тамаша қойылымдарымен тамсандырып келген. Бірақ өнер ордасының мұндай баянды сәті Астана циркінің негізін қалаушы, елімізге белгілі цирк өнерінің жұлдызы Балтабек Жұмағұловтың тұсында ғана болыпты. «Ал 2006 жылы Астана циркінің бас директоры болып Өмірбек Исабеков келген соң, берекеміз кете бастады»,– дейді «Африкалық арыстандар» аттракционының жетекшісі Мұрат Өселбаев. Олардың ары қарайғы уәжіне құлақ түрсек, Өмірбек Тазабекұлы цирктің дамуы мен өркендеуіне еш үлес қоспаған. Тіпті жаңа киімдер тіктіре алмаған өнерпаздар қойылым барысында ескі костюмдерімен, ол жарамаса, өздері сатып алған киімдерімен өнер көрсетуге мәжбүр болыпты. Ешбір гастрольдік сапарлар ұйымдастырмаған. Соның салдарынан көрерменсіз қалған бос залдар тек сырттан келіп өнер көрсетушілердің жалға алатын орны қызметін ғана атқарумен шектелген.
Қысқасы, көрерменге жаңа қойылым ұсынып, үлкенге де, балаға да қуаныш сыйлаудың орнына цирк ұжымының арасында өзара қайшылықтар пайда болған. Оның айқын көрінісі ретінде 2007 жылдың өзінде басшылықтың қысымымен цирктен 100 адамның жұмыстан шығуына тура келіпті.
Оның айтуынша, циркті жалға беру мен ойын қою кезінде түскен қаражаттың да қайда кететіні белгісіз, ақша цирктің есепшотына түспейді екен. Оны бас есепші Атира Әмірова да растап отыр. Ал цирктің «Сарыарқа» деген атпен өнер көрсетуші тобының жетекшісі Қабылбек Күнғожин өздерінің жуынатын орны жоқ болғандықтан, аттарға арналған душқа жуынып келгендерін айтады. Ол енді Өмірбек Исабеков қайта келсе, тағы да жылқылармен бірге жуыну қаупі туа ма деген алаңдаушылығын жасыра алмайды. Ақыры, кейбір қаржылық мәселелерге байланысты қатаң тексерулер нәтижесінде Ө.Исабеков те цирк басшылығынан алынады. Бірақ баспасөз мәслихатын өткізушілердің айтуынша, сотта оның талабы оң шешіліп, қайтадан цирктің директорлығына келгелі жатыр екен. «Біз оған бүтіндей қарсымыз, онымен жұмыс істеу мүмкін емес», – дейді олар. Наразы топ Исабековтің орнына келген қазіргі директор Бекболат Байсағатовтың басшылық еткенін қалайды. «Айналасы екі айдың ішінде ол цирктің ісін оңға бастырып үлгерді, соның әсерінен ұжымда жұмысқа деген қызығушылық пайда болып, нағыз цирктің өмірі орнады» деген уәж айтады өнерпаздар.
Цирктегі материалдық-техникалық базаның әбден тозығы жетіпті. Оның дәлелі ретінде Мұрат Өселбаев арыстандарды қамайтын торлардың әлдеқашан тозығы жеткенін мәлім етті. «Оны бірнеше рет өзім дәнекерлетіп қойдым. Егер күндердің күнінде тор темірлер үзіліп, не сынып, арыстандар сыртқа шығатын болса, қанша адамды арандай аузына тоғытатыны белгісіз», – дейді арыстандармен өнер көрсетуші азамат.
Жоғарыдағы жағдайлардың бәрі – тек баспасөз мәслихатын өткізуші топтың келтірген уәжі. Біз қарсы жақтың да айтарын тыңдауды жөн көрген едік. Өкінішке қарай, Ө.Исабеков мырзамен тілдесу мүмкін болмады.