Зоотехник деген мамандық бар екенін неге естен шығардық?
Мал дәрігерлері май шайқап жүретін бұрын. Бүгінде бұл мамандықтың жалынан ұстайтындар тіптен аз. Малдың соңында тепеңдеп жүруді кім тәуір көреді дерсіз. Нәтижесінде мал дәрігерінің тапшылығы туындап отыр. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген сараң мәліметіне сүйенсек, облысқа бар-жоғы 1 273 ветеринар қажет болса, бүгінде 386 ғана ветеринар мал «майданында» тер төгіп жүр.
Аудандар аса қажетті маман тапшылығын тартып отыр. Талас ауданына 156 ветеринар қажет болса, онда 62 ғана мал дәрігері қызмет етуде. Байзақ ауданына қажетті 133 дәрігердің 46-сы ғана жұмыс істеп жүр. Маман тапшылығының салдарынан, соңғы жылдары мал індеттері жиі белең алуда. Көктемде ғана Қордай мен Мойынқұм аудандарында ірі қараның аусыл ауруына ұшырағаны бұл мәселеге жіті назар аударуды қажет ететінін аңғартқандай-ды. Өткен жылы барлық аудандық әкімдіктерде малдәрігерлік бөлім ашылған болатын. Бөлімдерге де тәжірибесі бар мықты мамандар қажет.
Тағы бір қынжылтарлығы, мал дәрігерлерінің дені зейнет жасына жақындап қалғандар. Ертеңгі күні олардың орнын кім басады деген сұрақтың туындары сөзсіз. Бұл мәселе облыстық әкімдік деңгейіне дейін көтеріліп, былтыр жоғары және орта арнаулы білім ошақтарында мал дәрігері мамандарын даярлаудың 2011-2015 жылдарға арналған жоспары жасалған болатын. Жоспар бар болғанымен, оны іске асыратын қаулының жоқтығынан айтылған жерінде қалды. Әкімдік тарапынан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына маман даярлауға қанша қаржы қажеттігін есептеп, облыстық бюджеттен қаржы бөлу туралы қатынас хат жолданғанымен, бұл мәселе түйіні тарқатылмаған күйінше қалды.
Есеп мамандарының санағына сүйенсек, ветеринарларды даярлауға қажетті қаражат 619 миллионды құрайды екен. Өңірде мал мамандарын даярлайтын орта арнаулы оқу орындары жоқ емес, бар. Дегенмен олардың материалдық-техникалық базасы жарамайды. Құлан және Қордай ауыл шаруашылығы колледждерінде өңірге қажетті кіші санатты ветеринарлар даярланады. Бірақ олардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 36 миллион теңге қаражат қажет. Бірақ дәл осы мәселені аяғына жеткізуге ешкім құлық танытпады. Ақырында аяқсыз қалды. Кезінде облыс орталығындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің биология кафедрасы жанынан ветеринариялық бөлім ашу мәселесі қаралған болатын. Бірақ материалдық-техникалық базасының жоқтығынан тағы да шаруа шойырылып қалды. Ал Алматыдағы аграрлық университетте оқитын жамбылдық жастар тіптен аз. Олардың оқу бітіргеннен кейін де туған топырағына оралып тер төгуі неғайбыл.
Бесжылдық науқан бойынша, Алматыдағы аграрлық университетте жоғары білімді 125, облыстағы екі ауыл шаруашылығы колледжінде орта білімді 475 маман даярлау жоспарланып отыр. Алайда бұл тағы да жоспар күйінде қалып кетпесе деген үрей бар. Сонда бес жылдың ішінде 650 маман даярлауға болады екен. Оған бүгінде жұмыс атқарып жүрген 400 мал дәрігерін қоссақ, мыңнан сәл ғана асады екен. Сонда тағы да жетіспейтін мамандардың орнын қалай толтырамыз? Бұл да күрмеуі кертілуі тиіс мәселелердің бірі.
Жуырда жамбылдық мал дәрігерінің жылқыға ота жасағанын бүкіл БАҚ біткен шулай жазды. Малға да ота жасалатынын көпшілік біле бермейді екен. Бұл тап бір сенсация болғаны рас. Сөйтсек, оның бәрін де арнаулы оқу орындарында оқытатынын енді біліп жатқандар да бар. Облыстағы орта арнаулы ауыл шаруашылығы колледжінің материалдық-техникалық базасы заман талабына жауап бере алмайды. Оқушылар төрт қабырғаға қамалып сабақ өтеді. Тәжірибеден өтпеген, тірі малды ұстап көрмеген адам ертеңгі күні малды қалай сауықтырмақ? Кеңестік кезеңді тамсанып айта беруге де болмас. Дегенмен сол кезеңдерде экс-училище аталған оқу орнының тәжірибелік шаруашылығында 3000-ға тарта қой, 200 сиыр, 100 шақты жылқы болыпты. Арнайы ветеринарлық клиникасы да болған. Онда терапиялық, хирургиялық, акушерлік бөлімшелер жұмыс істеген. Тіпті малдың тұқымына дейін мән беріп, әрқайсысынан төрт-бес тұқымнан алынған. Ол кездері теориядан гөрі тәжірибеге көбірек көңіл бөлінген ғой. Оқудың басым бөлігі тәжірибе алаңдарында өткізілген. Болашақ ветеринарлар малға дәрі егуден бастап, қолдан ұрықтандыруды үйреніп, тіпті ота жасауды да көзбен көріп, қолмен үйренетін болған. Ал бүгінде тәжірибені ұмытып, теорияға басымдық беріледі. Өйтпеске амал да жоқ. База мүмкіншілік бермейді. Тәжірибе көрмеген, базалық мүмкіндігі төмен оқу орнында оқыған студенттердің білім сапасы күмән тудырмай ма? Олардың дені ертеңгі күні малды «лечить» етудің орнына «колечить» етіп жүрмей ме? Бұл да ойландырарлық, оңтайлы шешілуі тиіс мәселе. Бірақ қашан?
Оспан БЕРДИЯРОВ, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы:
– Мал дәрігерлерінен мұқтаждық тартып отырғанымыз рас. Былтырға дейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына ауылға ең қажетті мамандық – мал дәрігерлері енбей қалған болатын. Мамандардың табандап тер төгуінің арқасында ветеринарлар тізімге енгізілді. Енді жоғары оқу орнын бітірген түлектердің ауылға көптеп бет бұратынына үміттіміз. Бүгінде зейнет жасына жақындап қалған зоотехниктерді алмастыратын жас буын, әрине, керек.