Жиналмалы бесік ойлап тапты
Тараздың базарында тал бесік көп. Талдан иіп жасалғаны, ағаштан ойып жасалғаны – бәрі бар. Темірден түйін түйген шеберлердің оюлап жасағаны да бар. Бөпенің «бөлмесі» саналатын бесікке сұраныс қай кезеңде де толастаған емес. Бүгінде бесікке бөленбесе, жылап мазаны алатын бала жетерлік. Сондықтан да шүмегі де, түбегі де өзінде ыңғайлы бесікті қолтықтап қыдыратындар баршылық. Тек алып жүруге ыңғайсыздығы болмаса... Оның да амалы табылды. Тараздық шебер Пернебек Ахмет заманауи жиналмалы бесік ойлап тапты.
Азғана уақытта құрастырылатын, сөмкеге сиып кететін бесіктің артықшылығы көп. Ауыр да емес. Әсіресе балалы аналарға таптырмайтын-ақ дүние. Қас шебердің қолынан шыққан дүниеге қызығушылар көп. Ол өнертабысына патентті жуырда ғана алды. Жиналмалы бесіктің өз атауы да бар. «Әсем бесік 7777» деп аталады. Әзірге шебер өзінің өнертабысын сатуға шығарып көрмепті. Заманына сай ыңғайластырылған ғажайып дүниені таласа-тармаса алушылардың аз болмасы анық. Қас шебер өзінің қолынан шыққан дүниесінің бағасын да әлі нақтыламапты. Әрине, нағыз бүгінге қажетті, аса ыңғайлы дүниенің бағасы сапасына сай болуы тиіс. Дегенмен шебер халықтың да жағдайына қарайтынын айтады. Керемет етіп жасалған дүниенің дабырын естіп әлден-ақ сатып алуға ниет еткендер хабарласып жатқан көрінеді. Ұстаның өзі «егер қолдау табылса, түбегейлі осы істі қолға алар едім» деп отыр. Бүгінде жеке азаматтарға, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көп. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өтініш білдіріп көрмедіңіз бе?» дегенімізде, ол жағын әлі ойланбағандығын айтты. Әрине, елде жоқ ерекше дүние жасап шығарған шебердің бұл бастамасы қолдауға лайық-ақ. Қыз ұзатып, келін түсіруден кенде болмаған қазекем келешекте заманауи жиналмалы бесіктің саудасын қыздыратыны анық. Тек оған жарнама мен қолдау ғана жетіспей тұр. Он саусағы фабрика дерлік ұстаның қолынан шыққан ғажайып зат бұл ғана емес. Пернекең электронды домбыра да жасаған. Оның дыбысы қоңыр үнді, табиғи болуы үшін шегіне леска тақпай, кәдімгі ешкінің ішегінен иіріп жасаған. Дауысы күмбірлеп тұр. Нағыз дарындылар мұндай домбыраны аяғын жерге тигізбей қағып кетері кәдік. Таразда тұратын қарапайым ғана шебер осылайша тың дүниесімен талайларды таң-тамаша етіп отыр.