«Жібек жолы» шекара бекеті арқылы есірткі өткізбек болған шетелдік азамат қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Шетелдік азаматтардың бірін бекеттен өткізу кезінде «Клементина» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан.
«Шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырады. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде, шалбарының оң жақ қалтасынан құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заты «гашиш» болып шықты», - деп көрсетті Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек ҚР ҚК 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркелді. Ер адам қамауға алынды.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.