«Жоқ іздеген жігіт» жыр жинағы жарық көрді, деп хабарлайды осы өңірдегі
BAQ.KZ тілшісі.
Арынды ақын, қарымды журналист Қайрат Әлімбековті бүгінгі қазақ әдебиетінің аға буыны жақсы біледі. Уағында қазақ баспасөз саласында өзінің қолтаңбасын қалдырып, жыр әлемінде де жүйріктердің бірі атанған. Әйтсе де ғұмырдариясы қысқа болды. Бертін келе есімі де ұмытыла бастады. Дегенмен Жетісу облысының әкімі һәм бірге оқыған досы Бейбіт Исабаев бастаған қаламдас әріптестері қаламгердің мұрасын қайта жаңғыруға бел байлады. Бұдан бұлай облыс көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде ақынның рухына арналған мүшәйра ұйымдастырылады.
Әуелі бір топ зиялы қауым әрі замандастары Қаратал ауданыңдағы ақын жерленген зиратқа барып, топырақ алып, құран бағыштады. Одан кейін М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде ақын Қайрат Әлімбектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғазал-ғұмыр жарқылы» бұрышы ашылды. Мұнда ақынның жеке заттары қойылған. Оқырмандар музейден қаламгердің қылқаламын, отбасылық суреттерін, куәліктерін, жазу машинасын, портфелін, костюмін, әртүрлі мақтау қағаздары мен домбырасын көре алады.
Қазіргі «Жетісу» облыстық газетінде әріптес болдық. Кез келген тақырыпты жік-жігімен, бұтарлап тұрып жазатын. Көлемді мақалаларын былай қойғанда, қып-қысқа ғана хабардың өзін қараөлеңмен өрнектеп жіберетін шеберлігін де ұмытқан жоқпыз. Кез келген мақаласы мақал-мәтелге, нақыл сөздерге тұнып тұратын-ды. Ұлағатты сөздерге кейбір әріптестер секілді ұзын-сонар анықтама беріп жатпайтын, әрі өзіне «меншіктеп» те алмай, әрдайым тырнақша ішіне салуды ұмытпайтын. Сол тырнақша ішіндегі бір сөйлем бақандай бір абзацтың жүгін көтеріп тұратын, - дейді журналист курстасы Нұржамал Әлішева.
Ақынның еске алуға арналған салтанатты шараға жиналған қауым біз ойлағаннан да көп болды. Алдымен Б.Римова тындағы Талдықорған драма театрының фойесінде «Жоқ іздеген жігіт» жыр жинағының тұсауы кесілді. Содан кейін сахна төрінде ақынның шығармашылығы мен өміріне арналған бейнефильм көрсетілді.
«Жырға айналған жампозым» еске алу кешінің беташар сөзін облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының сөйлеп, есті естелігімен бөлісті.
«Біз Қайратпен ҚазМУ-де бірге оқыдық, бір бөлмеде тұрдық. Журналистика саласында 1980-ші жылдарда қатар қызмет еттік, үзеңгілес, пікірлес, дос-жолдас болдық. Қайраттың мінезі көпшіл, парасаты терең, бойында лапылдаған жалыны бар, арынды, адуынды, рухты азамат болатын. Оның ойға ұтқыр, сөзге шешендігі, азаматтық болмысы, елжанды мінезі жырларынан айқын аңғарылып тұратын.
Өкінішке қарай Қайрат ақын арамыздан ерте кетті. Небары 43 жыл өмір сүріп, жасындай жарқ етіп өте шықты.
«Менің тақырыбым - Адам» деп өзі айтып кеткендей:
Ағыл-тегіл көңілде тулайды өлең,
Дауысымды тік тұрып тыңдайды әлем.
Шат өмірден осынау шабыт алып,
Жырлай берем Адамды, жырлай берем!
- деп өлеңге ағынан жарылды», деді өңір басшысы Б. Исабаев.
Салтанатты шарада қаламгердің замандастары мен әріптестері жастық шақтарынан сыр тарқатып, ақын жайлы ақ лебізін жеткізді. Сондай-ақ ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Жиын соңында Қайрат Әлімбековтың рухына арналғана ас берілді.