Жетісу облысында газ баллоны жарылып, 4 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін сағат 13.36-да Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы жеке тұрғын үйде көлемі 5 литр газ баллон жарылды. Соның салдарынан 100 шаршы метр үй өртенген.
Оқиға салдарынан төрт адам, оның ішінде бір бала медициналық мекемеге жатқызылды. 1956 және 1980 жылы туған екі әйелдің денесінің 40-50% күйік шалған. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. 1961 жылы туған ер адам мен 2019 жылы туған бала қол мен аяғы күйіп қалған.
«Жетісу облысы ТЖД 5 қызметкер және 2 бірлік техника күшімен өрт сағат 14.15- те жойылды. Жарылыстың алдын ала себебі - қатты отынмен жылытылатын пештің жанында 5 литрлік газ баллонын жылытуы. ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және газ баллондарды жылыту пештерінің жанында және басқа да жылдам қыздыру тәсілдері арқылы жылытпауға кеңес береді», - деп көрсетті Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі.