Жер-су аттарын қазақша жазар күн жақын
«Ономастика туралы заң керек және ол өшкенімізді тірілтіп, өнгенімізді өсіретін ұлттық заң болуы керек». Осылай ұрандалғанға бірталай жылдың жүзі болды. Бір кездері қазақ даласына отарлаумен бірге дендеген бөтеннің атауын ысырып, тарихи атауларды қайтару және жалпы жер-су аттарын реттеу мәселесінде, шынымен, кежегеміз кейін тартып тұратыны бар. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі жаңа жобаны қолға алған болатын. Бүгіндері Мәжіліс қабырғасында жатқан осы заң жобасы жақында ашылған сессиямен бірге суырмадан алынып, жұмыс тобы алқасында қызу талқылана бастады.
Елімізге ономастика туралы айтулы заңның керектігі еш дау тудырмаса керек. Өйткені дәл осы жер, су, қала, көше атауларына қатысты пікірталас қоғамда қызу жүріп жатыр. Бір арындап, бір саябырсығанда мәселелердің бәрінің айналып келіп, арнайы заңның жоқтығына тіреліп жататыны да рас. Бұған, сірә, мысал келтіріп жатудың өзі артығырақ шығар. Ендеше, ол заң қандай болуы керек? Елдегі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардан бастап, мүдделі тараптардың біразының осыған бас қатырғаны да бір бүгінгі жайт емес. Тіпті басқасын қойыңыз, күні кеше дардай шенеуніктің «жаңа заң Алматының атын Алма-ата деп өзгертеді» деп қойып қалғаны қаншама жұртты толқытты. Ақыр аяғында мәселе сол шенеуніктің аңдамай сөйлегенімен түсіндіріліп қана жылы жабылды. Осындай олқы тұстардың орнын толтыру үшін ұсынылған құжаттан қоғам не жаңалық күтеді?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді көздейді. «Заң жобасының жаңалығы: бұрын аудандық, қалалық немесе облыстық мәслихаттар ономастика комиссиясы берген ұсынысқа қарамастан, өздері таңдаған басқа атаулар бойынша шешім қабылдай беретін. Мәселен, ономастика комиссиясы қалаға «Алаш» деген ат беруді ұсынса, қалалық мәслихат оны қабылдамай-ақ, басқа ат қоя салатын. Ендігіде бұлай болмайды.
Яғни заң жобасы бойынша облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қала, астананың объектілеріне (көшелерге, алаңдарға, скверлерге, көпірлерге және қаланың басқа да құрамдас бөліктеріне) атау беру және оның атын өзгертуде Республикалық ономастика комиссиясымен міндетті түрде келісуі қажет болады», – дейді Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі депутат Алдан Смайыл. Түсіндіре кетсек, жаңа құжатта ономастика мәселесіне қатысты жауаптылық сатысы енгізіліпті. Соған орай, жоғарыда айтылғандай атау мәселесіне келгенде мәслихаттар өз білгенінше билеп-төстемейді, шешім қабылдау барысында ортақ жауапкершілік қағидаты болады. Бұдан бөлек, ат қою және оны өзгерту туралы шешім қабылдау барысында тұрғындардың пікірін ескерудің тәртібі айқындалады, осы бағытта ашықтық қағидаты орнықтырылатын болады. «Бүгінгі күні қоғамдық пікірді есепке алу міндеттілігі бар болғанымен, егер оны есепке алу тәртібі заң жүзінде жазылмаса, онда бұл сыбайлас жемқорлыққа жол ашып, құқық қолдану тәжірибесіне алып келеді», – дейді сарапшылар.
Айтпақшы, жаңадан жазылып жатқан құжатқа жер-су атаулары мемлекеттік тілде әрі тұтастай қазақ әліпбиімен ғана жазылсын деген талапты депутаттар табандап отырып кіргізгенге ұқсайды. Әйтсе де, әзірлеуші тараптың бұған соншалықты көнгісі келмейтіні де байқалады. Себеп: техникалық құжаттардың кейбір тетіктері, яғни стандарттау мәселесі бұған кесе көлденең кедергі болатын тәрізді. Дегенмен, пікірталас барысында депутат Оразкүл Асанғазы стандарттауға сүйенетіндердің алға тартқан себебін «бос сандыраққа» балайтындай сес көрсетті. «Жердің аты, елдің аты, адамның аты жазылған кезде қазақ тілінің орфографиясына сәйкестеліп бір-ақ рет, бір-ақ түрмен ғана жазылуы шарт. Қазақшасы солай, егер орысшасы жазылатын болса ол да соған сүйеніп жазылуы керек. Қазір бұл қағидат Астана қаласында ғана сақталып тұр. Құдайға шүкір, ешкім «Оразкүл, бұл дұрыс емес» деп бірдеңе айтқан емес. Ал дәл осылай бүкіл Қазақстанда жазылса соған біреу өкпелей ме? Жоқ! Өйткені біздің тоғыз әріпіміз сол күйі кириллицаға қарай қотарылады», – деген уәж айтады депутат.
Сөйтіп, сессияның түндігін жаңа ашқан депутаттар үлкен тірлікке бел шеше кірісіпті. Бұлай болса бұған дейін кібіртіктеп, тек тіл туралы заңның аясында ғана шешіліп келген ономастикаға жан бітетін тәрізді. Әйткенмен, саяси астары бар құжатты жан-жақты саралап, салмақтап сабырмен қабылдамаса, саяси шу шығып кетуі де ғажап емес деп сезіктенетіндер бар. «Заңның бүкіл позициясының саяси астары бар. Тіл, ономастика, жер-су атауларының бәрі саясат. Тіпті Қазақстанда кейбір елді мекендердің атын ауыстыра алмай отырғанымыз да сол саясат болып кетеді деп үрейленуден. Сондықтан да, қабылданатын кез келген заңның саяси астары болса, оның ішінде ономастиканың саяси астары басқасынан да зор», – дейді Алдан Смайыл.
Бір сөзбен айтқанда, заң жобасын өткен сессиядан бастап депутаттармен бірге жазған мәдениет министрлігінің мамандары қазір оны жетілдірудің тетіктерін одан әрі жалғастыру үстінде. Дегенмен, қауқарлы құжаттың Парламент қабырғасында әлі қанша жататыны белгісіз. Өйткені халық қалаулылары заң жобасына тұжырымдамалық тұрғыдан қараша айына дейін өзгерістер енгізіп, оны келісу үшін Үкіметке қайта жолдайды. Атқарушы биліктің оң қорытындысын алып жатса, осы сессия барысында қабылданып қалуы да бек мүмкін. Әзірше елімізде ономастикалық атауларды өзгертуге тиым салған уақытша мораторий мен Үкімет қаулысы әлі күнге дейін өз күшінде тұр.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, жұмыс тобының жетекшісі:
– Ономастика бұрынғы тіл туралы заңның ішінде бір тараумен ғана беріліп еді. Ондай жеке заң еліміздің заңнама тарихында болған емес. Жаңа келіп жатқан заң аса күрделі талқылаудан өтіп жатыр. Өйткені ономастика мен тіл екеуі егіз ұғым. Айтарым ономастика бізге ғана қатысты емес. Қаншама ел-жұрт, әртүрлі ұлт өкілдері бар. Сондықтан олардың да бұл заңға қызығушылығы зор. Ал осыдан ортақ жол тауып шығу да оңай шаруа емес. Десе де, заң жобасына әдеби тіл нормаларының ономастика қызметінде сақталуын қамтамасыз ететін біраз нормалар енгіздік. Соған сай барша атаулар Қазақстан Республикасында қалыптасқан әдеби тіл нормасына сәйкестендіріледі. Жұмыс жалғасып жатыр.