Атырау облысына қарасты Құлсары қаласына тасқын су қауіп төндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе қала шетіндегі 7 ауылда жағдай күрделі. Бүгін таңертең күрт көтерілген Жем өзені арнасынан асып, ауыл шетіндегі 3 көшені басып қалды.
Жем өзені Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласын жанамалап ағатын. Биыл ылғалдың молдығынан тасқын су қаланы айналып, шеткі ауылдарға жетті.
Бүгін түске дейін қауіпті аймақта орналсқан 3 тұрғын үйден 10 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланып, туыстарының баспанасына орналастырылды.
Ең қауіпті учаскелердегі тұрғын жайларды қорғау үшін бөгеттер салынып, құм толтырылған қаптар жиналды. Осы мақсатта төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті билік бірлескен іс-қимыл жоспарын жасақтап, іске кірісті. Әзірге зардап шеккендер жоқ.