Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаеваның ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Астана" арнасының мәліметінше, ол сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Шенеунік өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, рентген аппараттарын жоғары бағамен сатып алуға өтініш жасаған. Осылайша, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мемлекетке 63 миллион теңгеге залал келтірді.
 "Лада" және "инАктау" басылымдарының хабарлауынша, Жаманбаеваның ұсталғаны туралы ақпаратты YEDILOV ONLINE Telegram-арнасы таратқан.
"Маңғыстау облысында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, 1965 жылы туған Жамал Жаманбаева  әшкереленді, ол 2020 жылғы тамызда өзінің лауазымдық жағдайын пайдалана отырып, "пандемия жағдайында қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар"бағдарламасы шеңберінде медициналық жабдықтарды жоғары бағамен сатып алуға бюджеттік өтінім жасады. Басшы үш жылжымалы рентген аппаратын сатып алды деген күдікке ілінді. Мемлекетке келтірілген шығын 63 миллион теңгені құрады", - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігінің баспасөз қызметі тараған ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шенеуніктің ұсталғаны туралы хабарды растамады, жоққа да шығармады. 
Жамал Жаманбаеваның ұялы телефоны сөндірілген.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне Жамал Жаманбаева 2020 жылдың мамыр айында тағайындалды. Бұған дейін ол облыстық перинаталдық орталықты басқарды.
Жамал Жаманбаева Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген. 1988 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтын "Емдеу ісі" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Жаңаөзен қалалық ауруханасында перзентхананың акушер-гинекологиясы бойынша дәрігер-интерн лауазымынан бастады. Сондай-ақ Бейнеу орталық аудандық ауруханасында акушер-гинеколог, кейін Бейнеу ауруханасының емдеу бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары, Бейнеу аудандық ауруханасының перзентханасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының "Облыстық перзентхана" МКҚК акушер-гинеколог дәрігері, "Облыстық перинаталдық орталық" МКҚК акушер-гинеколог дәрігері, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының "Ақтау қалалық перзентхана" МКҚК директоры, Маңғыстау облысы әкімдігінің облыстық денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық перинаталдық орталық" МКК директоры қызметтерін атқарған.