Жексенбіде ел аумағында жел күшейіп, қатты боран соғады
Қазгидромет» мамандары 19 желтоқсан, жексенбіге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Солтүстік-батыс циклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады, елдің оңтүстігінің таулы аудандарында қатты жауын-шашын түседі.
Республиканың тек оңтүстік-шығысы мен шығысы жоғары атмосфералық қысымның әсерінде болады, сондықтан жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Еліміздің кей жерлерінде жел күшейіп, тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын соғады.
Түнде Түркістан облысының солтүстігінде тұман түседі, таңертең және күндіз оңтүстігінде, батысында, таулы аудандарда желдің күші - 15-20, таулы аудандарда - 23-28, таулы асуларда 30 м/с жетеді.
Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі, көктайғақ болады. Облыстың оңтүстік-батысында секундына 23-28 метр, кейде 30 м/с және одан да қатты жылдамдықпен жел соғады.
Алматы облысының Алакөл көлдері ауданында жел қарқыны 25 м/с дейін күшейеді.
Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында - тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Күндіз облыстың шығысында жел екпіні - 15-20 м/с.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында, шығысында және оңтүстігінде жаяу бұрқасын соғады, тұман, көктайғақ күтіледі. Күндіз облыстың шығысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Түнде Қарағанды облысының батысында, күндіз солтүстігінде, шығысында, орталығында көктайғақ, күндіз шығысында және орталығында желдің күші 15-20 м/с шамасында болады.
Қостанай облысының оңтүстігінде - жаяу бұрқасын, көктайғақ, тұман, жел қарқыны - 15-20 м/с.
Түнде Ақтөбе облысының солтүстігінде көктайғақ болады, күндіз облыстың солтүстігінде жел екпіні 18 м/с дейін күшейеді.
Атырау облысының батысы мен орталығында, Маңғыстау облысының солтүстігінде, солтүстік-батысында тұман түсіп, көктайғақ болады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында көктайғақ күтіледі.
Павлодар облысының солтүстігінде, батысында, Қызылорда облысының солтүстігінде және орталығында тұман түседі.
ҚазАқпарат.