Алматы облысы Әулиеағаш ауылында аймақтық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХІ жұмыс маусымының ашылу салтанаты өтті. Оған Алматы және Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының «Жасыл ел» штабтарының башылары қатысты.
Басқосу барысында «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру мәселелері мен 2015 жылға арналған міндеттер талқыланып, жаңадан жасақталған «Жасыл ел» жастар алаңына 800 жас көшет отырғызылды.
Сонымен қатар қатысушылар концерттік бағдарлама тамашалап, ауданның тарихи орындарына экскурсия жасады. Футбол ойындарынан жолдастық кездесу өткізді.
Жалпы 2014 жылғы рейтингінің қорытындысы бойынша Алматы облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы үздік деп танылғанын айта кету керек. Сондай-ақ «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтарының Алматы облыстық филиалы «Үздік жетекші», «Үздік штаб» аталымдары бойынша бірнеше рет жеңімпаз атанған.
Қатарластарынан қара үзіп шығып, жұмыла жұмыс істеуге облыста барлық мүмкіндік жасалған. Мәселен, 2014 жылы жұмысқа тұрғандар саны 1100 адамды құрады. «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 50 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал биылғы жылы жергілікті бюджеттен жобаны қаржыландыру көлемі 63,0 млн. теңгеге дейін көбейтілді.
Сағыныш Намазшамова, Алматы облысы.