Жасампаздықпен өткен екі жыл

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми түрде президенттік қызметін бастағанына тура екі жыл толды. 2019 жылдың 9 маусымында өткен президент сайлауында ел тұрғындары өз таңдауын жасап, Қасым-Жомарт Тоқаев басым дауыспен жеңіске жетті. Араға үш күн салып барып, яғни 12 маусымда Қазақстан Президентінің ұлықтау рәсімі ұйымдастырылып, Қасым-Жомарт Кемелұлы ресми түрде Тәуелсіз Қазақ елінің басшысы ретінде өз қызметіне кірісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның ендігі жолы мүлдем басқаша болатынын әрі Тәуелсіз Қазақ елінің әлемдік қауымдастық алдындағы алған міндеттемелері мен ұстанымдарынан таймайтынын атап өтті. 

«Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!», - дегені белгілі.

Расында да саяси аренада Қазақстан Республикасы енді мүлдем басқаша ел ретінде танылады деп белсене іске кіріскен Тоқаев осы аралықтағы екі жылда өз бағытын анық көрсетті. Ішкі және сыртқы саясат шеңберінде бірқатар тың қадамдарға барып, ел экономикасы мен ұлт болашағының дамуы мен қарыштап дамуына бастайтын батыл бастамалар көтеріп, нақты шешімдер қабылдап үлгерді.

Рас, Тоқаевтың президенттік кезеңі өте ауыр кезеңге яғни, әлем жұртшылығын әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясына тап келді. Бірақ соған қарамастан, нақты қадамдар жасалды. Дер кезінде елде төтенше жағдай жариялап, үлкен қалаларды карантинге жапты. Коронавирусқа қарсы күрес жүргізуді қолға алғандықтан, қазір елімізде азаматтарды вакцинациялау жұмыстары өте жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін коронавирусқа қарсы екпе алғандардың саны 2 миллионнан асып отыр. Бұл – екпе салынатын азаматтардың 21 пайызын құрайды. Сол секілді вакцинаның екінші компонентін алғандардың саны 1 млн 74 мың 954 адамды құрап отыр. 

Вакцина демекші, ел тарихында алғаш рет жасалып отырған QazCovid-in вакцинасы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен дайындалғанын айта кету керек.

Пандемияға қарсы жұмыстар тек вакцина жұмыстарымен шектеліп жатқан жоқ. Мемлекет басшысы пандемия кезінде елдің жағдайы нашарлап кетпеу мақсатында әлеуметтік көмек пакеттерін іске қосты. Атап айтар болсақ, тек өткен жылдың өзіне ғана 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 

Қ.Тоқаев бұған дейін қазақ тарихында болмаған қадамға барып, халықтың  несиесін кешіру туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы тиісті Жарлыққа қол қойылып, 500 мыңнан астам адамның несиесі жабылды. 

Тағы 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік берген.

Жалпы, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ден астам маңызды шешімді іске асырған. 

Тағы бір айта кетерлігі, Қасым-Жомарт Кемелұлы карантин талаптарын қатаң сақтауды өзінен бастап, өзгелерге үлгі көрсетті. Нақты айтар болсақ, шетелдік және ел ішінде жоспарланған ресми және жұмыс сапарлардың барлығы да кейінге шегерілді немесе онлайн форматқа көшірілді. Мемлекеттік іс-сапарлардың барлығы да тоқтатылып, лауазымды тұлғалардың шетелдерге баруына тыйым салынды. Әрине, мұның барлығы да ел қаржысын үнемдеуге үлкен септігін тигізді. 

Тек пандемия ғана емес Арыстағы алапат апат, еліміздің әр жерінен бой көтерген әртүрлі әлеуметтік наразылықтар, Мақтааралдағы қайғылы оқиғалар және теңгенің құнсыздануы секілді елдің мазасын қашырған жайттардың барлығында да Мемлекет басшысы батыл қадамға бара білді. Сол секілді өткен жылдың ақпанында болған Қордайдағы қақтығыста да Президент елдің жанынан табылды.

Сарапшылардың пікіріне сенсек, Тоқаев осы екі жылдың ішінде ішкі саясат мәселесіне ерекше назар аударған. Әлемнің еш елінде жоқ құрылым  - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, ел үшін өзектілігі өте жоғары мәселелер ұлт зиялылары мен саясаткерлер, белгілі тұлғалардың бірлескен шешімі негізінде шешіліп жатыр. Артынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дүниеге келді. 

Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. 

Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», - деп жазған болатын. Ұзамай бұл мәселе нақты іске асырылып, халық пен билік арасын жақындататын жаңа институтқа айналды.

Расын айту керек, бұл бастамалар билік пен халық арасындағы байланысты мүлдем жаңа сатыға көтеріп, қос тарап арасындағы алшақтықты біршама жақындатуға ұмтылған келісім алаңына айналып үлгерді. Құрамына халықтың арасында беделі бар, көзқарасы мен өзіндік пікірі қалыптасқан, елді толғандырған мәселелерді ұдайы көтеріп жүретін азаматтарды тарта білген бұл кеңесте бүгінде жалпы халықты алаңдатқан біршама түйткілді мәселелер талқыланып, заңды тұрғыда шешімін тауып жатыр. 

Осындай шешімдердің арқасында еліміздегі демократиялық процестердің дамуын жеделдетуге және Қазақстанның саяси жүйесін реформалауға бағытталған бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 

Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең үлкен ерліктерінің бірі – ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан жер мәселесіне нүктенің қойылуы болды. Осы жылдың мамыр айында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы көп жылға созылған қызу талқыға біржола және түбегейлі нүкте қойылды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. 

Президенттің бұл шешімін Алаш жұрты өте үлкен қуанышпен қарсы алды деуге болады. Белгілі ақын, Президент жанындағы ұлттық кеңестің мүшесі Ауыт Мұқибек Тоқаевтың бұл шешімін қазақ тарихында болмаған шешімге балағанын айта кету керек. Президенттің «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын» - деуі қазақ тарихына алтын әріппен жазылған шешім болып отыр. Әрі осы тапсырманы тез арада орындауды ұйғарды. Жалпы, жұрттың күткені де осы еді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы арқылы қазақ тарихына алтын әріппен жазылған шешім болды», - дейді ол.

Сонымен қатар, Тоқаевтың 2021 жылғы парламенттік сайлаудан кейін Мәжіліске партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендетуді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «бәріне қарсы» бағанын енгізу туралы ұсынысы да аяқсыз қалмай, заңдық тұрғыда бекітілді. Мамыр айының 25-і күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды. 

Заң бойынша аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізіледі. Мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі де төмендетілді.

Енгізілген өзгерістердің ішінде Мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7-ден 5 пайызына дейін төмендету жөнінде нормалар енгізу және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» бағанын енгізу туралы маңызды дүниелер бар.

Осы аралықта Тоқаевтың бастамасы негізінде президенттік кадрлық резерв жасақталды, мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жақсарту бойынша маңызды шаралар қабылданды. Ел мүддесінен шыққан мұндай игі істердің қатарында тұрғын-үй және экономика саясатын жетілдіру, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім беру ісін дамытып, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселесі, педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешімдерді айтуға болады.

Осы ретте 2020 жылы 492,5 мың педагогтың жалақысы 25 пайызға өскені маңызды болды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы тағы да 25 пайызға ұлғайтылды. Ал педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы бойынша дәрігерлердің еңбекақысын көтеру бойынша жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр.

Президент қабылдаған маңызды шешімдердің бірі - зейнетақыға қатысты еді. Бұл жөнінде ол өзінің алғашқы Жолдауында айтты.

«Менің тапсырмам аясында тұрғындардың зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалана алу мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деді Президент.

Бүгінге дейін 16 075 қарыз алушы бұған дейін банктерден тұрғын үйлері үшін алған жалпы сомасы 62 миллиард 41 миллион теңге ипотекалық қарызын толық өтеген.

Мұндай жұмыстар өз кезегінде Тоқаевтың танымалдылығын 72 пайызға дейін арттырған. Ендігі кезекте – сыртқы саясат. 

Сыртқы саясат демекші, Тоқаевтың мұндай батыл шешімдерінің жақсы нәтиже беріп отырғанын отандық қана емес, шетелдік сарапшылар да ашық айтып жатыр. 

Мәселен, Әзербайжан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер инстититуының директоры Фархад Маммадовтың айтуынша, Тоқаев барынша бәсекеге қабілетті саяси кеңістік құру ісін жаңа белеске көтеріп отыр. «Президент сайлауының өзі және оған оппозиция өкілдерінің қатысуы, оппозиция кандидатына берілген 1,5 дауыс қоғамда өзгерістер мен реформаға сұраныстың бар екендігін паш етіп отыр», - деп атап өткен ол.

Маммадов мырза сонымен қатар, Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратқа барынша тыңғылықты болу, халықтың ойын еркін жеткізуі мен талабына жағдай жасау секілді бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғанын тілге тиек еткен.

Атап айтар болсақ, әлемдік қауымдастық алдында Қазақ халқының беделін көтеріп отырған бұл заңдардың ішінде «Бейбіт жиналыстар туралы», «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» құжаттарды айтуға болады.

Сонымен қатар, бейбіт жиналыстар өткізуге мүмкіндік беру, саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі, парламенттік оппозиция институтын құру, жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу, Сириядағы түрлі діни ағым жетегінде кетіп, тоз-тозы шыққан отандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік ашқан «Жусан» операциясы, саяси тұтқындарға бостандық беру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау секілді қадамдары да шетелдік көшбасшылар тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. 

Мәселен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекет басшысы 2020 жылы 30 мамырда үндеу жариялады.

Президент өз үндеуінде «Жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау баршамыздың перзенттік борышымыз» дегенге айрықша тоқталып, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бүгінге дейін жүргізілген жұмыстарды соңына дейін жеткізуді тапсырды. Соның нәтижесінде Президент Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, 3 желтоқсанда оның алғашқы отырысы өткізілді. Мемлекеттік комиссия құрамында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев төрағалық ететін Комиссияға 49 азамат мүше боп кірді.

Басында айтып өткеніміздей, айналасы екі жылдың ішінде іске асырылған мұндай маңызды шешімдер Тоқаевтың шын мәнінде жаңа форматтағы басшы екенін дәлелдеп отыр. Әсіресе, еліміздің Өлім жазасын жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қою туралы Мемлекет басшысының шешімі әлемдік деңгейдегі тұлға екенін көрсетіп берді.

Мәселен, жақында ғана ел Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» қаулысы Тәуелсіз Қазақ елінің әлемдік қауымдастық алдында жаңа бір сатыға көтерілгенін көрсететін жайт екені даусыз. 

Аталмыш құжатта 
•    БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;
•    адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету;
•    мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары;
•    әйелдерге қатысты кемсітуді жою;
•    бірлесу бостандығына құқық;
•    пікір білдіру бостандығына құқық;
•    адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы;
•    үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру;
•  адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары секілді кезек күттірмес жайттар қамтылған. 

Президент көмекшісі Ерлан Қариннің айтуынша, бұл Жарлық Президенттің саяси жаңғыру мен либерализациялау бойынша ұстанған бағытының жалғасы іспеттес. «Қабылданған бұл құжаттың маңызы - құқық қорғау тақырыбының біржолата мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде бекітіліп отырғандығында. Маусым Жарлығында бекітілген баптардың барлығын жүзеге асыру - құқық қорғау саласының кешенді жаңғыртылуын қамтамасыз етеді және ол әділ әрі прогрессивті мемлекет құруға деген талпыныстың кезекті қадамы болмақ», – дейді Президент көмекшісі.

Осы екі жылдың ішінде ел руханияты мен тарихи танымын кеңейтетін дүниелерге де мол орын берілгенін атап өту керек. Атап айтар болсақ, Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдық мерейтойы, әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы секілді күллі Алаш баласын бір идея айналасына топтастыра білген іс-шаралар жоғары деңгейде аталып өтті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста