Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қатарына шақырылған жас сарбаздар бүгінде жас жауынгер курсынан өтіп, алды жауынгерлік қызметке кіріскелі отыр. Өткен сенбіде Ішкі әскерлердің генерал-майор Әлібек Серәлиев қолбасшылық ететін Алматы құрамасына қарасты №5571, 5572 әскери бөлімдерінің 400-ден астам жас сарбазы салтанатты жағдайда әскери ант қабылдады.
Әскери қызметшінің өмірінде бір-ақ рет болатын осы рәсімді тамашалауға, жас жауынгерлер мен олардың ата-аналарын, әскери бөлімдер командирлерін құттықтау үшін ант қабылдау рәсімі өтетін 28 панфиловшы атындағы саябаққа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, кешегі Ауған соғысының ардагері, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл, «Нұр Отан» ХДП Алматы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов, Ішкі әскер ардагерлері келді. Әскери жарғы бойынша Алматы құрамасы мен оған қарасты әскери бөлімдердің жауынгерлік туы ортаға шығарылып, тиісті пәрмен берілген соң, жас жауынгерлерден ант қабылдау шарасы басталып та кетті. Осы ретте жылдағы дәстүр бойынша әскери бөлімдердің жауынгерлік туымен қоса, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан аттанған Панфилов дивизиясының және соның құрамындағы полктердің де жауынгерлік тулары көпшілік назарына ұсынылды. Ант қабылдаған жас сарбаздар қатарында спорттағы жолын ішкі әскермен байланыстырғысы келген тоғыз спортшының болғанын да атай кекен артық болмас. Олардың ішінде халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері Ислам Бозбаев, Даниял Гаджиев, Еркебұлан Қосаев аз күндерден соң Англияда өтетін олимпиадалық ойындарға қатысатынын ескерсек, Ішкі әскерлердің қалың бұқара арасында қандай беделге ие екенін оңай бағамдайсыз. Әскери ант қабылдау салтанатының ресми бөлігінен соң, жиналған жұртшылық құрмет қарауылы ротасы мен «Континент» әскери-патриоттық клубы мүшелерінің өнерін тамашалады. Арнайы шақырылған қонақтар сөз алып, ант қабылдап әскер қатарына қосылған жас сарбаздар мен олардың ата-аналарын құттықтады. Ішкі әскерлер Алматы құрамасының қолбасшылығы әскери бөлімдер қызметін қалың жұртшылыққа жеткізіп, әскери қызметті насихаттауға атсалысып жүрген ардагерлер мен баспасөз өкілдеріне сый-сияпаттар жасады.
Жас сарбаздар әскери ант қабылдады
Последние статьи автора