Жас конструктордан – жаңа қондырғы
Батысқазақстандық 8-сынып оқушысы Нұркен Медет ұстазымен бірге биогаз өндіретін қондырғы ойлап тапты.
Ауылдағы қора-қопсыдан шығып, іріп-шіріп жататын көңді кәдеге асыруды ойлап жүретін оқушы биылғы ақпанда республикалық экологиялық бизнес жобаға қатысуды ұйғарған. Әрине, үлкен байқауға қатысу – ұмтылыс, сынақ деген сөз. Сөйтіп, аталған байқаудың «Қалдықсыз өмір сүруді үйренейік» аталымына Н.Медеттің «Қалдық – биогаз» атты еңбегі жіберілді. Көп кешікпей ауылға шәкірттің бұл еңбегі 100 мың теңгенің грантын ұтып алғаны туралы ақжолтай хабар жетті. Оның биогаз қондырғысы арқылы жұмыс жасайтын жылыжайының құрылысы, мұның өнім шығарумен қатар, мектептегі ұл-қыздар үшін еңбекке баулудағы маңызы, санитарлық мәдениетті қалыптастырудағы орны, басқа да дәлелдемелері сарапшылардың көңілінен шығыпты. 3х3 көлеміндегі жылыжайда қияр, қызанақ секілді дақылдармен бірге гүл өсіріледі. Төселетін шірінді, шикізат шұңқыры, биогаз шлангасы, артық газды жинайтын камера, жағылатын ошақ – бәрінің есебі бар.
1 тонна құрғақ органикалық заттардан анаэробты қайта өңдеу кезінде қандай көлемде биогаз алынатыны жөнінде де алдын ала шотқа қағылған. Ферментация (органикалық заттың шіруі) нәтижесінде газ тәріздес өнімді белгілі уақыт аралығында қандай көлемде алуға болады, бұл да қағазға түсірілген. Енді көп кешікпей Нұркен жасаған қондырғыдан қуат алатын жылыжай алғашқы өнімін бермек.