Өскемендіктер түнделетіп далаға шығудан қалды. Айтуларынша, қала шетінде қанішер «құбыжық» пайда болған. Жұрттың үрейін ұшырған жыртқыш қорадағы малға қырғидай тиіп, бірақ етін жемей, тек қанын ғана ішіп жүр екен.
Таңсәріде жұрт мынадай жантүршігерлік көріністі көріп шошынған. Қан-сөлі қалмаған қояндар қора маңайында қырылып жатыр. Беймәлім жыртқыш жемтігін тек түнде аулап жүрген екен. Сондай кештердің бірінде «құбыжықты» байқаусызда көріп қалған біреу бұл аңды жазбай таныған. Сөйтсе, ол құлағының ұшында ұзын шашағы бар кәдімгі сілеусін боп шыққан. Бауырына жармасқан бірнеше күшігі бар аң үй қораларын ашып, қояндарды аулауды әбден әдетке айналдырыпты. Бала-шағасы үшін қауіптенген тұрғындар бірден полицияға хабар берген. Енді тәртіп сақшылары жыртқышты іздеп жатыр.