Әлемнің табиғи апаттар мен техногенді сипаттағы төтенше оқиғалардан дүрлігуі басыла қоймайтын сияқты.
Адамның тілі келе бермейтін «эйяфьятлайокудль» сөзі Исландия халқының тілінде «тау мұздықтары аралы» дегенді білдіреді. Жанартау ел астанасы Рейкьявиктен 200 шақырым жерде орналасқан. Мұздықтар ортасында орналасқан жанартау екі ғасыр «ұйқыда жатып келіп», наурыздың 21-і күні, күн мен түн теңелген сәтте бұрқ етіп атқылай бастады. Жойқын құбылыстың қаупі өте күшті болғандықтан, жақын маңдағы елді мекен тұрғындары түгел көшіріліп, көлік қатынастары тоқтатылды. Жанартауға мейлінше жақын барып зерттеген мамандардың мәліметінше, отты таулардан шамамен 7,5 шақырым биіктікке күл бағандары атқылаған. Сәуірдің 14-і күні жанартау тағы мінез көрсетті. Қарақошқыл шаң жел екпінімен мыңдаған шақырымдарға жайыла тарап кетті. Атмосферадағы жанартау қалдығының адам денсаулығына зиянынан бұрын, ұшақ двигателін тоқтатып тастайтын құдіреті бар. Сол себепті Еуропаның ондаған мемлекетінде 63 мыңға жуық әуе қатынасы тоқтатылды. Сарапшылардың есебінше, бұл жайттың салдарынан миллиондаған евро көлемінде шығын келді. Көрші Ресейдің өзінде 441 рейс кейінге қалдырылып, әуежайларда келеңсіздіктер қалыптасты. Жойқын жанартау күллі әлемге қаупін төндіре бастады. Дегенмен отандық мамандар қатерлі құбылыстың еліміздің аумағын айналып өтетінін хабарлады.
Маржан ҚҰСАЙЫНОВА, «Қазгидромет» РМК болжам бөлімінің бастығы:
– Исландия жанартауының шаңы батыстан соққан желмен бірге Ресейдің үстіне ауып жатыр. Бірақ ол біздің ел аумағына жетпейді. Оның үстіне, бізде жел оңтүстік-батыстан соғады. Сондықтан ғаламды жайлаған шаңнан қауіп жоқ. Елімізде әуе қатынастарының белгілі бір нормалары бар. Әзірше қалыпты мөлшерден асып, әуе қозғалыстарына кедергі келтіретін жайттар анықталған жоқ. Ал негізі жанартау шаңы ауа қабатында екі жылға дейін тұрақтап қалады, содан кейін ғана басылуы мүмкін. Ол, ең алдымен, ұшақтар двигателіне, металдың коррозияға ұшырауына әсер етеді. Адам ағзасына, психикасына да зияны болуы ықтимал.