XXI ғасырда жұтқа ұшырағанымыз қалай?
Әуелі «мал-жан аман ба?» деп амандасатын ауыл жұрты шаруасының басына қара бұлт үйріліп тұр. Қылышын сүйретіп жеткен қыстың алғашқы күндері-ақ ел ішінде малдың топырлап қырыла бастағаны белгілі болды. Ауылдағылардың жалғыз тіршілік көзі – ірі қара, ұсақ малы десек, барынан айырылған олар қайтіп жан бақпақ? Желтоқсан айынан бері қарай 40 күн бойы қысып тұрып алған аяз бен қалың қар «ә дегеннен-ақ» шаруаларды есеңгіретіп жіберді. Жаздағы қуаңшылықтың үстіне қыстың қатал болуы, соған орай жем-шөптің шектен тыс қымбаттауы – «жығылған үстіне – жұдырық».
Жем алушылар алыпсатарларға жем болып отыр.
Өзі бас болып жем-шөп сатылатын орындарды, қынадай қырылып жатқан малды ауылды аралатуға белді бекем буған «Дәулет» шаруа қожалығының директоры Өтеміс Маханов әуелі бізді «Алтын Орда» базарындағы жем сататын жерге алып барды. Онда арпа мен бидайдың бір келісі 65 теңгеден болса, кебектің бір келісі 52 теңгеге көтеріліпті. Ал қара пісте қалдығы – жымықтың өзінің бір келісі 45 теңгеге бір-ақ артқан. Ұйғыр сатушысы жем бағасының қымбаттауын «өзімізге жоғары бағамен келеді» деп түсіндірді. Рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір. Жазда арпа мен бидайдың бір келісі 30-35 теңге болса, қазір алыпсатарлар жемді екі есе қымбат бағаға сатып жатқандығын көз көріп қайтты. «Бір сиырды қыстан шығару үшін күніне 2500 теңге қаражат керек», – дейді Өтеміс Маханов.
Шөп бағасын шөгеруге неге дәрменсізбіз?
Одан кейін қаланың шыға берісіндегі шөп сататын жерге ат басын бұрдық. Ол жерде де «айды аспанға бір-ақ шығарған» бағаға тап болдық. Шөп аралас жоңышқаның бір түгі 1000 теңге болса, бір түк сабанның өзі 800 теңгеден сатылып жатыр. Мұндағылар жоңышқаны 800-ден сатып алып, бидай сабаны аралас қамысты 650 теңгеден сатып әкеліп, әр түктің үстінен 200 теңге қосып өткізетіндіктерін жасырмады. Бір трактор прицепіне 300 түк шөп сыяды екен. Есептеп көрсеңіз, 300 түктің құны – 300 мың теңге.
Бір прицеп шөпті екі-үш жыл бұрын 25-30 мың теңгеге сатып алушы едік. Қазір он есе қымбаттап кеткенге ұқсайды. «Алматы қаласына жақын ауылдарда Алексеевка, Байсеркеде 1200 теңгеден сатылуда. Шабындығы бар шаруалар қыста шөптің қымбаттағанын күтіп, жаз сатпай, қысқа сақтайды. Жаңа шабылған жоңышқаны 400 теңгеден сатып алып, күзге қарай 500-600 теңгеден өткізген кезіміз болды. Қазір бір рулон қамыс шөптің өзі – 10 мың теңге. Нағыз қымбатшылық әлі алда. Келер жылы бұдан да қымбат болады. Шөпті Шелектен тасимыз. Талап алып кетеді. Қаскелең, Ұзынағаш аудандарында қуаңшылық болып, шөп шықпай қалды. Бұл жақтың халқы жемге арпа егеді. Егуін еккенмен, одан түсім ала алмай қалды. Іле ауданындағы Қараойда мал қырылып жатыр дейді. Күртінің Ақшиінде де жағдай солай көрінеді. Шабындығы барлар қуаңшылықты пайдаланып, үлкен табысқа батты», – дейді Асқар Сәметұлы есімді алыпсатар. Бұдан соң жақын маңдағы мал мен жем-шөп сатылатын «Алтын сақа» базарына қарай тартып отырдық. Бұл базарда жоңышқаның бір түгінің бағасы 1200 болса, сабан аралас қамыс шөптің бір түгі мың теңгеге жетіпті. Базардың реттеусіз бағасы күннен-күнге аспандап бара жатқанға ұқсайды. Бағаны ретке келтіріп, төрт түлікті аузын арандай ашқан аждаһа ажалдан кім арашалайды деп еріксіз ойға қаласың.
Оңтүстік өңірлердің аужайы алаңдатарлық
Өңірлердегі жағдай да мәз емес. Қысқа жеткілікті дәрежеде қам-қарекет жасамайтын Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы жем-шөптің жағдайы бірдей. Бұл жақтарда да атаулы мәселе күн өткен сайын күрделеніп барады. Аталған аймақтарда 1 кг арпа 65 теңге болса, 1 кг бидай мен кебек 52 теңге көлемінде көтерілген. Ал бір түк жоңышқа 800-900 теңгені құраса, қамыс шөптің бір рулон құны 7-8 мың теңгедей болып өскен. Күннің суығына әбден шыңдалып, қысқа дайындықты ерте бастайтын елдің солтүстік, батыс аймақтары шөптен таршылықты әзірге сезініп отырмаған тәрізді.
Қынадай қырылған малдың обалы кімге?
Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауылына қарасты шаруалардың қыстауларында әрбір отбасының кемінде екі-үш бас малынан айырылып отырғандығын естіп, жексенбі күні ертеңгілік солай қарай жол тарттық. Таксиге жолай бізбен бірге отырған «Досжан» шаруа қожалығының иесі Мұхтар Абылаев өзінің 10 сиырдан айырылып отырғандығын айтты. «Асқазаны тамақ қорытпай, сиырлар бірінен кейін бірі ашығып өліп жатыр. Ветеринарлық дәрігерлер жұмыс істемейді, олардың ешқандай білімі жоқ. Бізге ақыл-кеңес айтуға шамалары жетпейді», – деп күйінеді Абылай. Ақши ауылында бізді өз көлігімен күтіп алған Өтеміс Маханов шаруалардың жай-күйімен таныстыра келіп, былай деді: «Бір сиырды қыстан шығару үшін 250 мың теңге ақша кетеді. Ірі қараның әрқайсысына күндіз бір түк, түнде бір түк шөп салынады, оған беретін жеміңіз тағы бар. Бәрін қосқанда 250 мың теңге шығады екен. Ондай ақша шаруаларда қайдан болсын?!» Ол кісі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тек сиыр сатып алуға, оның үстіне шетелдік асыл тұқымдысын әкелуге несие берілетіндігіне наразы екендігін білдірді. «Сиыр – өте осал мал. Үлкен күтімді қажет етеді. Шеттен келген мал біздің жерге бейімделе алмайды. Қыстыгүні жердің бетін қар басқанда шөпті өз бетімен аршып ала алмайды. Неғұрлым аяз қысқан сайын соғұрлым суды көп ішеді. Суды жылытып бермесе, жаурап қалады. Кез келген малға күтім керек. Сиыр тіпті жаурауық болады. Негізінен, суық сиырдың астынан өтеді. Суық желден, аяздан желіндері үсіп қалуы да ықтимал. Жазда бойларына қажетті қорегін жинай алмаған мал қыста көтеремге айналып, құлай бастайды. Көтерем малдың шөп-жемді қорытуға асқазанының шамасы да жетпейді. Оның үстіне сиыр етін кезінде қазақ жемеген. Сиыр етінің желі басым болады. Қазақтың негізгі қорегі – қой мен жылқы еті», – дейді Өтеміс аға.
Өлекселер еті қайда кетеді?
«Шмидт» шаруа қожалығының өлген малдары Ақши ауылына жеткізіліп жатқандығын естіп, тізгінді солай қарай тарттық. Өзін «меңгерушімін» деп таныстырған Әбікеш Қоянбаевтың үйінің ауласына бас сұқтық. Әр жерде теңкиіп жатқан сиырлар мен қойлардың өлексесі тұла бойды түршіктіреді. Күн шамалы жылығанға қабырғалары ырсиып сұлап жатқан сиырлардың жағымсыз иісі де сезіле бастағандай ма, қалай? Есік алдындағы ит күркесінің қасында да, аулада да, үйдің артында да өлекселер үйіліп жатыр. Қора іші де бөлшек-бөлшек етке толып тұр. Әбікеш Қоянбаев машинасының артқы жүк салғышын ашып еді, ол жерге де аузы-мұрнына дейін толтырып шандыр ет салып қойыпты. «Қожалықтың қанша малы бар еді, жұттан қазір қаншасы қырылды» деген сауалымызға: «1000-нан астам қой, 80-дей сиырымыз бар еді. Осыдан екі-үш күн бұрын 40-тай қойымыз, 27 бас сиырымыз өлген болатын. Қазіргі қалыптасқан жағдайдан хабарсызбын. Мал басына бастықтың өзі қатынап жүр», – деп жауап берді ол. Сосын «Өлген малдың етін қайтесіздер?» – деп сұрадық. «Бұл етті итке береміз. Зообаққа апарып өткізсек деген ойымыз бар. Ондағы аң-құсқа да азық керек қой», – дейді Әбекең.
Ит-құсқа жем болған...
Ақши ауылынан солтүстік-батысқа қарай ақырын жылжып, құмдағы қыстауларға бет түзедік. Жол бойында әр жерден өліп жатқан жануарларға тап болып келеміз. Ит-құстарды үркітіп жіберіп, суретке түсіріп алып жүргеніміз болмаса, қолдан келер шара не?! «Жұт болса, иттер мен құстар құтырады» деген осы болса керек. Әлдебір қора-жайға жетпей жайдақтау сайдың ішінде тау болып үйілген қой мен қозылардың өлекселеріне ұшырастық. Қора Жәнібек есімді шаруанікі көрінеді. Арғы жағында бір топ сиыр мен бұзау қаңтарылып тұр. Ашық қора ішінің ана жағында бір, мына жағында бір құлап жатқан көтерем сиырлар мен өлекселер жағдайдың мүшкілдігінен хабар береді. Тақыр жерде «газет оқып тұрған» 30-40 шақты ірі қараның бәрі бізге қарай бұрылып, мөңірей бастады. Көздері мөлт-мөлт еткен Зеңгі баба төлдері сүйкімді-ақ. Ақ адал малдың обалы кімге дерсіз... 200 метрдей жерде мал иесінің үйі, жиналған шөбі тұр. Үй маңына барып, айқайлап, әрең дегенде бір жас жігітті тысқа шақырып алдық. Ұйпаланған шашына, сығырайған көзіне қарап, ұйқыдан жаңа тұрған-ау деп топшыладық іштей. «Шамалы шөптерің бар екен, малдарыңа бермейсіңдер ме» десек, «Жәнібек жоқ, машина да жоқ, машина келген соң шөпті сонымен тасып береміз» дейді. Зіңгіттей жігіттің жанаярлығы жанға батып кетті. Бір айыр шөпті жеткізуге ерініп, ұйықтап жатуды жанаярлық дейміз бе, әлде «жаны ашымастың балтыры сыздамас» дейміз бе?..
Қар мен құмның құрсауындағы қыстаулар
Малшылар әдетте қыс түсе құм ішіне көшіп, көктемге дейін қыстап шығады екен. Біз де қар жамылған құм далаға іліктік, әйтеуір. Күні кеше соққан дауылдың кесірінен сүрлеу қармен жабылып, жүрісті қиындата түсті. Қалың қар жамылған құм төбелерге көтерілу жүргізушінің тәжірибесі мен көліктің күшінің арқасында ғана мүмкін болды. Бұл малшылардың ауылмен, тіпті өзара қатынасының үзілгендігін білдіреді. Биік төбелері бар құм қыста жылы болады. Шөбі де қалың шығады екен. Осыған сенген шаруалар қыстың жылдағыдан қаһарлы боларын есепке алмаса керек. Сонымен, біз Бурабай қыстауынан асып, Кіндікке апаратын жолмен 50 шақырымдай жүріп отырып, Самат есімді шаруаның қыстауына жеттік. Күн көзі жылт еткенге арсылдаған аюдай төбеті мен бір қызметшісінен басқасы бар малды жаюға қыр асырып айдап кетіпті. Өлі малдың тұлыптары мұнда да бар болып шықты. Өңірдегі ең көп малы қырылған қожалық – «Шмидт» шаруа қожалығына да келдік. Жапырайған қоржын там болмаса, ағаш қадалармен қоршалған ашық қораларда азын-аулақ мал қамаулы тұр. Қоржын тамның есігінде өлген малдардың еттері ілінген. Анадай жердегі ағаш шарбақтың ішіндегі малға шөп салып жүрген әлде әйел, әлде еркек екені белгісіз, бет-аузы домбығып ісінген жастау адам мен оған қолғабыс жасап талпынып, томпаңдап жүрген төрт-бес жасар ойын баласын көзіміз шалды. Құлағалы тұрған қоржын тамнан «сендерге не керек» деп бір әйел шықты. Қазақша судай әлгі орыс әйелі 67 бас сиырдан 15 басы ғана аман қалғанынан хабардар етті. Байқауымызша, бұл – қаңғып жүрген ішкіштердің отбасы. Мұнда келгендеріне де көп болмаған екен. Әлбетте, олар малдың қыр-сырынан мүлде хабарсыз. Әр жерде бір теңкиіп-теңкиіп жатқан өлекселерде есеп жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша өлекселердің көзі дереу жойылуы тиіс екенін ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Оның әртүрлі жұқпалы аурулардың таратушысы екенін қаперге алған бірде-бір адамды таппайсыз.
Түйін
«Түгеншенің фазендасы бар екен» деген атақ үшін де ауқаттылар малды көптеп сатып алатынды шығарыпты. Ешқандай қора-жайын қамдамастан, малшылар мен малға ешқандай жағдай жасамастан, тектен-текке төрт түліктің обалына қалуда. Жергілікті жұрттың есебінше, қазірдің өзінде Ақши ауылы маңында 150-ден астам ірі қара, 300-ден астам қой қырылған. Қыс енді ғана басталды десек, құқайдың көкесі әлі алда дей беріңіз. Қолында билігі бар шенеуніктер күрделі жағдай одан сайын ушықпай тұрғанда қатерлі қауіптің алдын алуы тиіс-ақ.
Дінислам ШЫНЫБАЕВ, ҚазҰАУ-дың ауыл шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Мал қырылып жатқан жерге кәсіби зоотехник, ветеринар баруы керек. Біздің мал дәрігерлері сараптама жасауы керек. Малдың түрлеріне қарау керек. Асыл тұқымды белгісі бар ма, жоқ па? Асыл тұқымды малды сақтауға Үкімет көмектеседі. Қожалықтар кінәлі болса, яғни жеткілікті жем-шөп жинамай, қора салмаса, ондай қожалыққа ешқандай көмек көрсетілмейді. Әртүрлі жұқпалы аурулар салдарынан мал қырылса, оны мемлекет өтеп беруі тиіс.
Аурулар тараса, оған мал дәрігерлері де кінәлі болуы ықтимал. Халықтың немқұрайдылығы тағы бар. Біз сырға салуға, дәрі егуге барсақ, малды ұстап беруге ерінетіндер кездеседі. Қорасына жолатпайтындар да ұшырасады.
Марат САДУОВ, биология ғылымының кандидаты, ҚазҰАУ-дың құрметті профессоры:
– Көтерем малға кебек әлсіз болады, ұннан быламық жасап беру керек. Егер малдың өзі жұтуға қабілетсіз болса, шлангы арқылы асқазанға жіберген жөн. Жем-шөпті жақсылап бермесе, болмайды. Қандарына глюкоза құю қажет. Қазақта «жілік майы таусылған» деген түсінік бар. Жілік майы таусылған малдың еті қып-қызыл болып тұрады. Сиырды кішкене көтеруге болады, қойды қалыпқа келтіру тіпті қиын. Аязда автобустардың бактары қатып қалатыны сияқты суықта малдың қаны суып, іш майы тоңып кетуі мүмкін. Ешкі малы да, одан кейін қаракөл, сосын қазақы қойлар суыққа төзімсіз. Жылқы бірдеңе қылып қыстан шығады. Өлекселер күн ысыған кезде инфекциялардың қоректік ортасына айналады. Бұларды бір жерге жинап, ел кірмейтіндей қоршалуы тиіс. Құстарға жем әзірлейтін утилизаторларға өткізуге болады. Оның реті келмесе, өртеу қажет.