"Хочу к Меладзе": Үш қазақстандық та келесі кезеңге өтті
"Хочу к Меладзе" думанының келесі кезеңіне үш қазақстандық та - Фариз Мамедов, Анатолий Цой мен Әлібек Әлмәдиев те өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кезекті тур барысында командалар өз тәлімгерлерімен бірге өнер көрсетті. 16 жастағы семейлік Фариз Мамедовтың тобы тәлімгерсіз қалған болатын, сондықтан жігіттер өз бетімен әзірленді. Фариз Михаил Балясинскиймен, Ираклий Маруашвилимен және Артем Угляровпен бірге Вера Брежневаның "Реальная жизнь" композициясын жаңа аранжировкамен орындады. Бұл орындау Вера Брежневаның көңілінен шықты. Жігіттердің өнері шоу продюсері Константин Меладзеге де ұнады. Сөйтіп, жас орындаушылар "Хочу к Меладзе" жобасының келесі кезеңіне өтті.
Анна Седокова үштігінің өнері де көпшілікке қатты ұнады, бұл топтағы сайыскерлер: Анатолий Цой, Дмитрий Корякин және Григорий Юрченко. Олар "Сердце в бинтах" әнін орындады. Мұның алдындағы кезеңдерде бұл команда жобаның басты фавориттерінің бірі атанғанын айта кету керек.
Константин Меладзеге Тиматидің тобы аса ұнай қоймады. Бұл топтағы Әлібек Әлмәдиев, Артем Пиндюра, Владислав Рамм, Андрей Витвитскийлер "Я уеду жить в Лондон" әнін орындады. Продюсер жігіттердің алдыңғы кезеңдегідей жоғары дәрежеде өнер көрсете алмағанын айтты. "Бұл - тамаша ән. Оны сезімсіз тыңдау мүмкін емес. Оны бұзу қиын, оны шын жүректен орындау қажет. Міне, осы жағынан жігіттерде бірқатар проблема болды. Караокеге көбірек ұқсап кетті. Алдыңғы орындаулармен салыстырғанда, артқа кету байқалды. Бұл әнде Артем Пиндюраға ерекше үміт артылған еді, бірақ ол көптің арасында көрінбей кетті. Бұл орындауды сәтті деп айта алмаймын", - деді Меладзе.
"Хочу к Меладзе" шоуының төртінші кезеңінен соң қауіпті аймаққа екі топ тап болды - Ева Польна мен Владимир Пресняковтың тобы. Ұзақ ойланғаннан кейін Меладзе Ева Польнаның командасына тағы бір мүмкіндік берді.