Мамыр айының соңынан бері Қазақстан коронавирус пандемиясының екінші толқынымен күресуде. Карантин, алғашында, жеңілдегенімен, індеттің өршуіне байланысты қайта күшейді. Бірінші толқыннан оңалып үлгермеген ел экономикасы толығымен қашан жанданатынын әзірге ешкім білмейді. Бұл тұста көп дүние әлемдік экономикаға байланысты екенін де ұмытпау қажет. Sputnik Қазақстан тілшісі коронавирустың екінші толқыны ұлттық валютаға және экономикаға қалай әсер ететінін отандық сарапшылардан сұрап білді.
Теңге құнсызданады. Сұрақ – қаншаға?
Соңғы уақытта Қазақстанның төл теңгесі біршама нығайды, дәл қазір 402 мен 405 маңайында. Экономист Мақсат Халық бұған әсер еткен бінеше факторды атады.
"Олар: рубльдің күшеюі, әлемде мұнай бағасының қалыпқа келе бастауы. ОПЕК+ келісімі белгілі бір дәрежеде өз жемісін берді деп айтуға болады. Одан кейін президенттің ұлттық компаниялар шетелдегі долларлық табысын елге алып келсін деген тапсырмасы да септігін тигізді. Бұдан бөлек, жыл сайын жаз басталысымен доллар қымбаттап кететін, бұл табиғи құбылыс еді. Себебі қазақстандықтар шетелге демалысқа барады. Ал биыл карантинге байланысты ешкім басқа елге саяхат жасауды жоспарлап отырған жоқ. Демек бұл да белгілі бір дәрежеде теңгенің құндырақ болуына әсер етеді", - дейді ол.
Дегенмен, сарапшының пікірінше, ұлттық валютаның нығаю тенденциясы ұзаққа созылмайды. Айтуынша, Халықаралық валюта қорының әлемдік экономиканың құлдырауына қатысты негативті болжамы бірден мұнай бағасының түсуіне әкеп соқты. Ал "қара алтын" құнының барреліне 40 доллардан төмен болуы Қазақстан экономикасы үшін мүлде тиімсіз.
"Егер мұнай бағасы алдағы уақытта да тұрақсыз болса, әрине, ол теңгеге негативті әсер етеді. Біздің экономикамыз үшін мұнайдың қолайлы бағасы – 55 доллардан жоғары. Сол кезде ғана ел бюджетіне табыс келеді, экономика тұрақталып, ақырындап оң өсімге қол жеткіземіз", - деп санайды Мақсат Халық.
Экономист теңгенің құнсызданатынын анық болжаса да, доллардың қаншаға шарықтайтынын айтқысы келмеді.
"Доллар бағамын айтып, қазақстандықтарды дүрліктірмей-ақ қояйын. Бірақ, теңгенің әлсірейтіні айқын. Басқаша айтқанда, тұрақтылығынан айырылады: бірде көтеріледі, бірде түседі. Бұған енді жиі куә боламыз", - деді сарапшы.
"Ryskulov analitics" орталығының директоры Жасұлан Көшебаевтың да ұлттық валютаның тағдырына қатысты болжамы экономистің ойларымен үндес шықты.
"Таяуда теңгенің құнсыздану қаупі бар. Бұл мұнай бағасымен тікелей байланысты. Қытай, АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттерде індеттің жаңа толқыны пайда бола бастады. Бұл өндіріс ошақтарының жабылып, мұнайға деген сұраныстың азаюына әкеледі. Ал сұраныс азайса, "қара алтын" құны автоматты түрде құлап, теңге құнсызданады", - дейді сарапшы.
Бұл ретте ол доллардың қаншаға қымбаттайтынын да болжады.
"Менің болжамым бойынша, жақын арада доллар 420-450 теңгеге дейін барады. Бірақ одан әрі аспайды", - деп санайды Көшебаев.
22 жылда болмаған теріс көрсеткіш
Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде Қазақстан экономикасына қатысты болжамдардың бәрі – негативті. Халықаралық ұйымдар мен рейтинг агенттіктері, негізінен, теріс болжам айтып отыр.
"Шындығын айту керек, біздің экономикамыз қазірдің өзінде құлдырауға қарай бет алды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, ел экономикасы минус 9% көрсеткішті көрсетеді. Қазақстанда жалпы ішкі өнім өсімінің минус көрсеткіші соңғы жиырма екі жылда болмаған. 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстың өзінде экономикамызда 1%-тік өсім болды. Одан кейінгі 2014-2016 жылдардағы дағдарыстан да бір пайыздық өсіммен шықтық. Мұның бәрі, әрине, экономикамыз үшін жақсы емес", - дейді экономист.
Сарапшы осындай сценарийде не болатынын айтты.
"Жұмыссыздық артады, көптеген зауыт-фабрика жабылады, шағын және орта бизнестің біраз субъектісі қызметін уақытша тоқтатады немесе банкрот болады. Салдарынан осы саланың адамдары жұмыссыз қалады. Баға өседі, азық-түлік қымбаттайды. Дағдарыстың заңдылығы сол. Ал енді осындай дағдарыс жағдайында мемлекет экономикаға араласуы қажет. Мемлекетте қазір ақша бар, соның арқасында халық аса қатты қиындық көрмей отыр. Егер ол болмағанда, азаматтарымыз өте ауыр жағдайға тап болатын еді", - деді Мақсат Халық.
Экономист қазіргі қиын-қыстау кезеңде мемлекет шағын және орта бизнеске көп қолдау көрсетуі тиіс деп санайды. Өйткені үкіметтің бүгінге дейін бизнеске берген жәрдемі аздық етеді дейді ол.
Елде жұмыссыздардың нақты саны қанша?
Сарапшының айтуынша, коронавирустың екінші толқынынан қазақстандықтардың кедейлену қаупі бар. Мұның бәріне ол қате жасалған статистика кінәлі деп есептейді.
"Неге? Өйткені, бізде жұмыссыздық деңгейі пандемияға дейін 4,8% болды. Шындығында, бұл қате ақпарат. Елде жұмыссыздық деңгейі әлдеқайда жоғары. Қазақстанда екі миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Ал олардың бәрі фрилансер болып кетуі мүмкін емес. Жарайды, фрилансерлер саны миллионға жетті дейік. Қалған бір миллионы әлі де жұмыссыз, олардың бәрін қоссақ, жұмыссыздық деңгейі 15%-ке жетеді. Біз мұны өткен жылдарда талай рет ескертіп айттық. Бірақ сөзімізге құлақ асқан ешкім болмады, бәрі сол күйі қалды. Пандемия басталды, барлығы карантинге өтті. Сол кезде үкіметтің 42 500 теңгені 4,5 миллион адамға бергені біздің сөзіміздің дәлелі болды", - деді Мақсат Халық.
Егер мемлекет айтқандай Қазақстанда 500 мың адам ғана жұмыссыз жүрсе, үкіметке алақан жайғандар саны соншалықты көп болмайтын еді, деп жалғады сөзін экономист.
"Мұның бәрі нені білдіреді? Статистика бұған дейін дұрыс жүргізілмеген. Ұлттық экономика министрлігі, ең алдымен, елдегі жұмыссыздар санын нақты анықтап, есепке алып, тек содан кейін ғана оларды жұмысқа орналастыру мәселесімен айналысуы керек. Ал "картинканы" нақты көрмей тұрып, қандай да бір қадам жасауға болмайды", - деді сарапшы.
Бұдан бөлек, ол ең төменгі күнкөріс деңгейін де қайта есептеу керек деген пікірде.
"Шағын және орта бизнес қатты зардап шегеді"
"Ryskulov analitics" орталығының директоры Жасұлан Көшебаев коронавирустың екінші толқыны ШОБ-қа ауыр тиетінін болжады. Себебі экономиканың өзге салалары бірінші толқын кезінде қашықтан жұмыс істеуді біршама үйреніп алды.
"Екінші толқында, менің ойымша, шағын және орта бизнес қатты зардап шегеді. Әсіресе, қонақ үйлер, мейрамхана, қызмет көрсету орталықтары, бутиутер, әуе компаниялары. Қазір індеттің екінші толқынын ескерсек, біздің ЖІӨ-міз минус алты пайызға кемуі мүмкін. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз, ел экономикасына үлкен соққы деген сөз. Бірақ, әлем елдері, тіпті Қазақстанның өзі енді төтенше жағдай режиміне қайтып оралмаймыз деп отыр. Себебі оған оралса, елдің қаржылық жағдайы мүлде нашарлайды. Экономиканы тоқтатып қойып, азаматтарға ақша төлеп отыруға біздің мүмкіндігіміз жоқ", - дейді сарапшы.
Жалақыны субсидиялау
Карантин жағдайында халықтың қарызға белшеден батып, тұрмысының нашарлауына жол бермес үшін қазақстандық экономистер мен сарапшылар жалақыны субсидиялауды ұсынып отыр.
"Төтенше жағдай кезінде халық күнделікті қажетіне жиған-терген ақшасын жұмсап күнін көрді. Ал коронавирустың екінші толқынында адамдар қарызға кіре бастайды. Тиісінше, елімізде "қарыз дағдарысы" басталады. Кедейлер саны артып, әлеуметтік шиеленістер туындауы мүмкін. Мұны болдырмау үшін біз үкіметке мынадай ұсыныс айттық. Әлем елдері сияқты Қазақстан да қиын жағдайда халқына ақша беруі керек. Өйткені халықта ақша болса, сұраныс та бар. Бизнеске ақша құйылады. Осылайша, біз шағын және орта бизнесте істейтін жұмысшылардың жалақысын субсидиялау механизмін ұсындық", - деді ол.
Айтуынша, мәселен, мейрамхана иесі жұмысшысына жалақының 50%-ін төлесе, қалған жартысын мемлекет субсидиялайды. Тиісінше, мейрамхана қожайыны ол қызметкерді жұмыстан шығарып тастамайды, себебі ол оған арзанға түседі. Бұрын 100 мың теңге төлесе, енді тек 50 мың теңге береді, ал қалғанын мемлекет өтейді.
Ол бұл халықаралық тәжірибе екенін атап өтті. Ұлыбритания, Дания секілді елдер осы жолды таңдаған.
Көшебаевтың айтуынша, бұл бастаманы іске асыру үшін қажетті қаржыны табуға болады.
"Кез келген дағдарыстан мемлекет көп қарызбен шығады. Егер біз қарыз алып, инвестиция тартып, экономиканың тамырына қан жүгіртпесек, мүлде тоқырап қалуымыз мүмкін. Ал оның салдары жиырма-отыз жылға созылуы мүмкін", - деп болжады сарапшы.