Вице-министрлердің төбесінен сөгіс жауған күн
Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өткелі бері бір айдың жүзі болып қалды. Осы уақыттың ішінде Елбасы сынынан нендей қорытынды шығып, нендей шаралар атқарылды? Н.Назарбаевтың берген тапсырмалары бойынша әрбір министрлік не істеді? Осыны білу үшін кеше Премьер-министр Серік Ахметов Министрлер Кабинетінің мәжілісін өткізіп, бір айда болған өзгерістерді сараптап шықты. Осылайша бұқаралық ақпарат құралдарында дүркін-дүркін көтеріле бастаған «Үкімет қайда қарап отыр» деген сұраққа Премьер Серік Ахметов жалғыз өзі емес, барлық министрлердің жауап беретіндігін білдірді. Отырыс бірнеше вице-министрге сөгіс жариялаумен аяқталып, Үкімет Елбасы сынын түзеуге шындап кірісетін іс-шаралар жоспарын қабылдады. Енді Елбасы тапсырмасын осы жолы орындаудан тайқығандар кресломен біржолата қоштасатын болады. Үкімет басшысы осыны қатаң ескертті.
Б.Жәмішев коммерциялық сатып алуларды ашық жүргізу тетігін тапты
Елбасы тапсырмаларының орындалуына арналған отырысты Серік Нығметұлы мемлекеттік сатып алулар мәселесінен бастады. «Бұл – халық арасында ұдайы талқыланып, үнемі сыннан көз ашпай келе жатқан сала. Сонда Қаржы министрлігі сынға құлақ түріп, нақты сараптама жасамай ма? Сыбайлас жемқорлық пен бюрократия қалыпты жағдайға айналды. Осы орайда қандай шаралар атқарылды? Оның барлығы жаңа заң жобасында қаншалықты ескерілді?» – деп Премьер-министр, ең алдымен, қаржы министрін жауапқа тартты.
Болат ЖӘМІШЕВ, ҚР қаржы министрі:
– Негізі, мемлекеттік сатып алуларды электронды жүйеге көшірудің нәтижесінде бұл жұмыс ашық жүргізіле бастады. Алайда оған барлығы бірдей қатысып жатқан жоқ. Оған қоса, бізде конкурстардың 63 пайызында тауар мен қызметтер бір жерден сатып алынды. Ол да дұрыс емес. Ондайда мемлекеттік органдар сатып алу конкурстарын жоққа шығарып келеді де, ақырында барлық тауарларды бір жерден сатып алады. Сөйтіп, электронды жүйені өз пайдасына жаратып жатады. Сондықтан мемлекеттік сатып алулар бойынша Бірыңғай ұйымдастырушы органды енгізудің нәтижесінде аталған мәселелер шешілуі тиіс. Себебі оның тиімділігін бағалау барысында конкурстардың санына басты басымдық берілетін болады.
Алайда ел экономикасының һәм қазынаның қыруар қаражатын қанатының астына басып отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына кіретін компаниялардың сатып алулары өз ішінде өтетіндігі белгілі. Оның барлығы арнайы заңмен де бекітілген. Осыдан біршама уақыт бұрын Қаржы полициясы қордың сатып алуларын мемлекеттік жүйеге қайтару бастамасын да көтерген еді. Бұған «Самұрық-Қазынаның» басшылығы ләм-мим деген жоқ болатын. Мемлекеттік органдар да орнынан қозғалмады. Содан Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы. – Авт.) бастамасы іске аспай қалған-ды. Дегенмен бүгінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры электронды сатып алулар жүйесіне көшуге кірісетінін мәлімдеген. Келесі жылдың басынан бастап қордың барлық сатып алулары электронды нұсқаға ауысуы тиіс. Осыған орай, қаржы министрі Болат Бидахметұлы тағы бір тың ұсынысты көлденең тартты. «Енді қазіргі заңнамаға сәйкес, бюджеттік кәсіпорындардың сатып алулары мемлекеттік жүйе аясында өткізілсе, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер сияқты ұйымдар оған қатыспайды. Бұл жұмыс өз ішінде жүргізеді. Сондықтан олардың барлық сатып алуларын «Самұрық-Қазынаның» электронды жүйесі негізінде өткізуге міндеттеу керек деп санаймын. Осының арқасында мемлекеттік сектордағы мемлекеттік емес сатып алулардың тиімділігін арттыруға болады», – дейді ол. Бәлкім, бұл ұсыныс мемлекеттік сатып алуларға арналған жаңа заңға кіреді.
Ал алкоголь айналымына қатысты заң жобасын Жәмішев мырза желтоқсанның 10-ына дейін депутаттарға жолдауға уәде берді. Үкімет отырысында министр аталған құжаттың екі жыл бойы жатып қалу себебін де түсіндіруге тырысқан. «Аталған құжат 2011 жылы әзірленіп, Үкіметтің қарауына енгізілген болатын. Алайда Кедендік одақ елдерінің нарықтарына алкоголь өнімдерін жеткізу туралы келісімшартты рәсімдеуге қатысты бастама көтерілгеннен кейін ол заң жобасын талқылаудан алып тастапты. Басында үш елдің келісімшарты аясында жаңа заңға өзгеріс енгіземіз деген ой болған. Дегенмен қазіргі кезде жағдайға қарасақ, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің нарықтарына алкоголь өнімдерін жеткізу мәселесінің шешілетін түрі жоқ. Соның салдарынан біз біраз уақытты жіберіп қойдық. Ол уақыттың ішінде еліміздегі алкоголь айналымын реттеп алуға болатын еді», – дейді бас қаржыгер.
Жаңа министрдің орынбасарлары өз еркімен жұмыстан кетті
Үкімет басшысы бюджет қаржысын игеру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, оған жауапты лауазымды тұлғаларды жазалау мәселесін де көтерді. «Бүгінде біз бюджетті нақтылап, Парламенттің қарауына жібердік. Сосын бюджет қаражатын игермей қалған лауазымды тұлғаларды жазалау бойынша тиісті ұсыныстар жасалды. Осыған байланысты мен денсаулық сақтау вице-министрі Болат Такежановқа, ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаевқа және қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын. Бұдан басқа, бірқатар комитет басшылары мен басқа да лауазымды тұлғалар жазаға тартылды», – деді Серік Ахметов. Сондай-ақ Үкімет басшысы қаржы мәселесіне жауапты облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялауға тапсырма берді. Айта кетейік, вице-министрлерге сөгіс жариялаудың басты себебі – қаражаттың игерілмей қалуында. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша 9 млрд 678 млн теңге, Қаржы министрлігі – 8 млрд 538 млн теңге, Білім және ғылым министрлігі – 7 млрд 240 млн теңге, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі – 6 млрд 345 млн теңге, Денсаулық сақтау министрлігі – 6 млрд 55 млн теңге, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі – 2 млрд 285 млн теңге, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – 1 млрд 411 млн теңге, Көлік және коммуникациялар министрлігі – 1 млрд 388 млн теңге, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 млрд 304 млн теңгені игермей қалған. Айта кеткен жөн, биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысы аясында игерілмеген қаражаттың барлығы қайтарылып алынған болатын. Енді бұл қаражат бөліске түспейді. Дей тұрғанмен, бюджет қаражатын «асыра игеріп» тастауға тырысқан министрліктердің болғанын да жақсы білеміз. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі электронды оқыту жүйесін сатып алған кезде құрал-жабдықтардың бағасын мүлдем ақылға қонымсыз көрсеткен. Сөйтіп, бір жағынан, бюджет игерілмесе, екінші жағынан, қаражат қолды болған. Бұл мәселе бойынша Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған министрді тыңдап көрді.
Аслан СӘРІНЖІПОВ, ҚР білім және ғылым министрі:
– Бүгінде вице-министрлер жұмыстан өз еркімен кету жөніндегі арыздарын жазып тапсырды. Осыған орай біз Үкіметке тиісті ұсыныстарды енгізіп, оларды қызметтен босататын боламыз. Министрліктің жауапты хатшысына қатысты да тиісті шаралар қолға алынады. Қазіргі кезде министрліктің алдында маңызды міндеттер тұр. Соның барлығын іске асыру үшін тыным таппай жұмыс істеу керек. Сондықтан біз жұмыс істемейтін адамдармен қош айтысатын боламыз. Ол мәселе министрлікке де, жоғары оқу орындарына да, жалпы, барлық білім беру мекемелеріне де қатысты.
Айта кетейік, білім министрі өз орынбасарлары туралы айтқанда олардың атын атап, түсін түстемеген еді. Алайда біздің білетініміз – білім және ғылым министрінің екі орынбасары бар, олар – Мұрат Орынханов және Мұрат Әбенов. Вице-министрдің екеуі де экс-басшы Бақытжан Жұмағұловтың кезінде тағайындалған. Қазіргі кезде қос Мұрат кезекті еңбек демалысына шығып кеткен көрінеді. Ендеше, ары қарай бір-ақ кетеді деген сөз емес пе?
Министрлер де қызметімен қош айтысуы мүмкін
Сосын Премьер-министр «көлеңкелі» экономикамен күрес мәселесін қозғады. Бұл жайында экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ұзын-сонар жоспарды оқи жөнелді. Үкімет басшысы оны тоқтатып тастады. Нақты іс туралы баяндауды сұрап, сауалдың астына алды. «Сауданың айтарлықтай басым бөлігі бізде ашық базарлардан келіп жатыр. Базарлардағы ретсіз сауда «көлеңкелі» экономиканы одан сайын әлдендіріп келеді. Ал одан кім байып жатыр? Ресми төлем жоқ, төлемнің бәрі «көлеңкеде» қалып жатыр, түбіртек беру үдерісі де жолға қойылмаған. Біз базарларға қашан тәртіп орнатамыз – осы. Әкімдермен бірлесіп осыны қарайық, сосын кіріселік жұмысқа. Осы нақты 4-5 бағытты алайықшы, ал сіз экономика министрі ретінде Үкіметке, әкімдіктерге осы проблеманы алға тартыңыз, сосын ақылдасайық. Нақтылап, 2014-2017 жылдарға арнап тура осы іске кірісейік. Ал мына 150 пункттен тұратын жоспардан не шығады? Оның орнына ең басты 10-ын алайық, сосын барлық әкімдермен бірігіп, соған жабылайық бәріміз», – деді Серік Ахметов. Үкімет басшысы сол сияқты басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша шашырамай, нақты бірнеше бағытта жұмыс жасау қажеттігін жеткізді. Осы орайда ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын іске асыру барысында болған көптеген кемшіліктер үшін өңірлік даму вице-министрі Серік Нокинге сөгіс жариялады. Серік Ахметов тұрғын үйлерді жаңғырту аясындағы шараларды бизнеске беруді ұсынып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша нақты бір салалық бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.
Ал индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған бірқатар арнайы экономикалық аймақтар болашақта жабылуы әбден мүмкін. Премьер-министр атап көрсеткендей, бүгінде республика бойынша құрылған 10 арнайы экономикалық аймақтың тек екеуі ғана толыққанды іске қосылды. «Атыраудағы мұнай-химия паркі туралы айтып келе жатқанымызға біраз болды. Алайда оны тосқауылмен қоршап, тек жерді бөлумен ғана шектелдік. Ол әлі іске қосылмаған. Сол сияқты «Қорғас» та 2011 жылы құрылды, бірақ әлі күнге дейін оның техникалық-экономикалық негіздемесі жоқ. Қазір тек екі аймақ қана жұмыс істеп жатқан көрінеді. Олар: «Бурабай» және «Оңтүстік». Дегенмен «Оңтүстіктің» өзінде ғимараттар бос тұр. Әзірше құр сөзден басқа ештеңе жоқ. Онда нақты арнайы үш экономикалық аймақты таңдап алайық та, соларды көтермейінше, басқаларын тоқтата тұрайық», – деді С.Ахметов. Осы жұмысқа жауапты ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде шетелдік сарапшылардың қатысуымен әрбір арнайы экономикалық аймаққа сараптама жасалып жатыр. «Сондықтан ағымдағы жылы желтоқсанның соңына қарай біз аталған сараптаманың қорытындысын шығарамыз. Сол кезде еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарды дамыту я болмаса жабу бойынша нақты ұсыныс жасайтын боламыз», – деп атап көрсетті министр.
Жалпы, ел экономикасындағы тиімсіз жобаларға рұқсат беріп, осы саладағы жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рауға да сөгіс берілді.
Сосын мұның барлығын бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетпегені үшін мәдениет және ақпарат вице-министрі де сөгістен құр қалмады. Әлбетте, халық арасында осының барлығына министрлер неге жауап бермейді деген сауал да туындауы мүмкін. Айта кетейік, ондай үкімді тек Президент қана шығара алады. Сондықтан Серік Ахметов вице-министрлерге сөгіс жариялаумен шектелді. Алайда ол Мемлекет басшысына ұсыныс жасап, мемлекеттік орган басшылары мен облыс әкімдерін де жазалайтынын ескертті. «Қазіргі жағдай жылдың соңына дейін өзгермесе, мен Президенттің атына бірінші басшыларды, оның ішінде министрлер мен әкімдерді жазалау туралы ұсыныстарды енгізу мәселесін қарастырамын. Сондықтан Елбасының барлық тапсырмаларын сапалы түрде орындау жұмысына баса назар аударуды қатаң жүктеймін», – деді Үкімет басшысы.
Шынын айту керек, Президент Н.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау бойынша атқарушы билік әзірше нақты бір жетістіктермен мақтана алмайды. Әрине, Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өткелі бері бір ай, нақты айтсақ, 17 жұмыс күнінің ішінде барлық мақсат-міндеттерді іске асыру мүмкін емес. Себебі министрліктер арасындағы хат алмасулардың өзі бір айдан астам уақытқа созылып жатады. Ал соның барлығы аймақ басшыларына жеткенше, тағы біраз уақыттың кететіні белгілі. Дегенмен Министрлер Кабинеті Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп үлгерді. Онда нақты 70 шара бар. Соның 46-сы ағымдағы жылдың аяғына дейін орындалса, 24 шара келесі жылға қалып отыр. Қазіргі кезде оның барлығы тиісті мемлекеттік органдар арасында таратылды.