"Ұзақ уақытқа қамалғанын қаламаймыз": Ақтөбеде қаржы пирамидасының құрбандары алаяқтарды жақтап шыға келді
Ақтөбеде ірі қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша зардап шеккендер айыпталушыларға қатысты көзқарасын өзгерткен. Олар іске қатысы барларға ауыр жаза тағайындамауды сұрады. Ал айыптаушы тарап пирамиданы ұйымдастырғандарды 9 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарын айыруды сұрапты. Дегенмен алданғандар алаяқтарды қорғап шыға келген, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі.
"Ол компанияда екі аптадан үш айға дейін ғана жұмыс істегендер бар. Оларды 16 жылға бас бостандығынан айыру ақылға қонымсыз және дұрыс емес деп санаймын. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың да ұзақ уақытқа қамалғанын қаламаймыз. Себебі 20 жылдан ақшамыздың қайтпайтынын білеміз", – деді зардап шегушілердің бірі Евгения Гановская.
Зардап шеккендер алаяқтардан қаржыларын қайтарып алатынына сенімді. Тек бұл үшін сот жеңіл жаза тағайындаса дейді. Келтірілген жалпы шығын көлемі 30 миллиард теңге.
Ел бойынша 17 мыңнан аса азамат "Выгодний займ" ЖШС, "Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард" пен "Нұр-Әли Капитал" қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Алаяқтар өз клиенттеріне қаржыларын аз уақытта көбейтіп беруге уәде берген. Осыған сенген олар ұйымдарға қомақты қаржыларын құйған.
Істің аяқталуына да жақын қалды. Алдағы уақытта сот 48 айыпталушыға қатысты үкім шығарады. Тағы үш адам іздеуде жүр.