Үш көзді, сегіз аяқты қозы туылды
Жуырда Павлодар облысындағы Павлодар ауданына қарасты Шақат елді мекенінде мутант қозы дүниеге келген. Төл үш көзі және сегіз аяғы бар болып туылған. Мал иесі Қуандық Бекітаевтың айтуынша, қой егіз қозы тууы керек еді. Алайда оның болжамы орындалмапты.
Қуандық Бекітаевтың төрт түлік өсірумен айналысқанына 20 жылдан асыпты. Алайда осы жылдар аралығында мұндай оқиға екінші рет қайталаныпты.
Қуандық БЕКІТАЕВ, Шақат ауылының тұрғыны:
– Бұл қозының енесі өзі туа алмайтын болғандықтан, араласуға тура келді. Қозыны көргенде таңғалдым. Менің ойымша, бұл – экологиялық жағдайдың «жемісі». Менің иелігімдегі төрт түлік электролиз зауытының жанында жайылады. Ерекше қозының тууы осының салдары болуы әбден мүмкін. Өткен жылы үш аяқты қозы туылған. Шаңырағымда жеті балам бар. Болашағына алаңдаймын. Экологиялық жағдайдың салдарынан осындай оқиға адамдар арасында да кездесуі ғажап емес. Сондықтан жаңа туылған қозының денесін лақтырмай, жұртшылыққа көрсетсем деймін. Мақсат – ой салу.
2009 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысының Ойыл ауданында да екі басты бұзау туылған еді. Сол кезде мамандар «мұндай мутацияға өңірдегі радиациялық ахуал себеп болуы мүмкін деген» болжам жасаған болатын.