Қазақтың қасиетті жерінде келісті ғұмыр кешіп жатса да, үй ішінен үй тігіп қана қоймай, Қазақстанның елдігіне, мәдениеті мен тіліне күмәнмен қарайтын ұйымдар аз емес. Тәуелсіздігіне 20 жыл болған дербес ел мемлекеттік тілін өркендетуге бет бұра бастаса, төбе шашы тік тұрып, байбалам салатын «ЛАД» славян қозғалысы Еуропа елдерінің бірінде қызмет етсе, баяғыда-ақ «сепаратистік қозғалыс» аталатын еді. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы мен тіл туралы жаңа заңның жобасына қатысты қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюіне ашықтан-ашық қарсы шыққан бұл ұйымға жақында Ресей социологі Максим Акимов «Орыстар, ояныңдар!» деп хат жазып, отқа май құя түсті.
Шын мәнінде ел бірлігін ойлайтын болса, шындыққа жанаспайтын, ұлт араздығын қоздыратын шикі зерттеуді «қанын сорғалатып» біздің елдегі орыс қауымы өздерінің www.russianskz.info сайтына жариялайтын ба еді?!
Жолданған хаттан орыс ұлтшылдығының иісі мүңкиді. Ұлан-ғайыр жері бар бейбіт жатқан көрші елге келіп килігеді. Әлгі ғалымсымақ өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласып, тұрақсыздыққа әкелетін әрекетке барғаны бір бөлек, Ұлы қазақ халқының кәрі тарихына қиянат жасаған. Құр сөзден қуырдақ қуырған сабаздың хатынан үзінді келтіре отырайық.
«Қазақстанда қазақтар «бірінші ұлт», яғни негізгі мемлекетқұраушы ұлт, ал орыстар сырттан келуші деп жарияланғаны – ғылымға қайшы келетін өтірік дүниелер... Бұл жерлерге орыстар келгенше ештеңе болмаған. Болса қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде бірді-екілі ауылдар болған шығар, алайда ешқандай қала да, өркениет те болмаған. Ресейдің ішкі губернияларынан келген орыстар (славяндар) алғашқы тұрғындары болды. Міне, солар аталған жерлердің нағыз түпкілікті әрі жергілікті халқы саналады».
Өзін социолог деп таныстырған ғалым осы бір хаты арқылы арғы тарихынан да, бергі жылнамалардан да мақрұм екенін көрсетіп отыр. Арғы тарихымыздағы Алтын Орда, түркілердің империясы болғаны туралы тіс жармайды. Бергісі үш жүздің басын қосып, қазақты Ұлы мемлекетке айналдырған ұлт көсемі Абылайдың ерлігі мен ғасырлық саясатын жоққа шығарады. Көкше жерінде хан ордасының тігілгенін және сол өңірдегі солтүстік қазақтарының сақалды көпестерге мұрнын шүйіре менсінбей сауда жасағанын ұмытса керек. Жуырда www.namys.kz сайтына «Отарлау: деректер мен дәйектер» атты мақала жарияланған еді. Сайт материалындағы мына материалдар Акимовке жауап деп ойлаймыз.
Г.Д.СОКОЛ, американ тарихшысы:
– Шындыққа жүгінсек, орыстар азиялық көшпелілерге (қазақтарға) мәдениет үлгісін беруге жарамсыз халық болатын. Ресейдің үстем тап өкілдеріне жұққан батыс мәдениетінің мөлшері «пышақтың қырындай» ғана еді. Ал қалған бұқарасы мәдени дәрежесі жағынан азиялық тұрғындардан онша жоғары емес. Ресей көрші халықтарды отарлағанымен, оларға ағылшындар сияқты рухани һәм мәдени ықпал әкелген жоқ.
Л.ПАРК, Колумбия университетінің профессоры:
– Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ мұсылман халықтары саяси дискриминацияға ұшырады. Кеңес өкіметі олардың жері мен малын тәркілеп, жаңадан қоныстануға келген орыстарға бөліп берді. Жетісу жерінде қазақтарды түгелдей ауылшаруашылық жұмысына жұмылдыру деген желеумен құлдық тәртіп орнатылды. Шын мәнінде, қазақтарды орыс шаруаларына бағынышты етті. Қашқандарды өлім жазасына кесті.
Әлеуметтану ғылымында этникааралық қатынастардан диссертация қорғаған Максим Акимов өз сөзінде былай дейді:
«ҚазССР мен қазіргі Қазақстанның негізін тек қана орыстар қалады. Егер орыстар қалалар салмағанда, жаңа технологиялар әкелмегенде, шаруашылық пен өндіріс ошақтарын салмағанда қазақтардың тағдыры қазіргі Моңғолия, Қытай, Пәкістан мен Ауғанстан халқының өміріндей болар еді... Басы ашық даулы мәселе болса да, қазіргі Қазақстанның территориясы – бұл «байырғы қазақ жері» деп жарияланды!.. Ресейде Ломоносов пен Менделеевтер болғанда, қазақтар көшпелілер деңгейінде мал бағып жүрген. Орыс халқы интеллектуалды күші мен барлық мүмкіндіктерін салып, мәдениет пен елдікті қалыптастырды...»
Бұл – енді көпе-көрінеу айтыла салған сөз. Ұлтты ашықтан-ашық қорлау деп түсінген жөн. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жерде өркениет болмады дегенге көр соқыр, тас керең болмаса, ешкім сене қоймас. «Оңтүстікте бірді-екілі қоныс-қорымдар ғана болған шығар» деген әлеуметтанушы ұлы түркілердің қасиетті орталығы Түркістанның 2000 жылдан астам тарихы бар екенін белмейтін болса керек. XII ғасырдың өзінде әлем бойынша Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орын алатын бай кітапханасы болған Отырарда өркениет болмады дегенге кім сенеді?! Әл-Фараби, Аббас Жаухари, Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи орыс мәдениеті арқылы адам болған ба? Жергілікті орыстардың қолтығына су бүркуді ғана мақсат еткен хат жазушы бергідегі Қасым хан салған қасқа жолдан да хабарсыз екенін көрсетті. Акимов Қасым хан кезіндегі қазақ жерінің оңтүстігі – Ташкентке, батысы Астраханьға дейін созылғанын, сол кездегі 1 млн ғана халқы бар Қазақ елімен бірінші болып Мәскеу мемлекетінің дипломатиялық қатынас орнатқаны жазылған тарихты қайта оқып шығуы керек. Сол кездің өзінде мүлік заңы, қылмыстық заңы, әскери заңы мен елшілік дәстүрлері болған елді өркениетсіз, шекарасыз болды деп айтуы – барып тұрған қаскөйлік. Қасым ханның кезінде қазақ жері Түркістан (Оңтүстік Қазақстан), Жетісу (Жетісу өңірі), Сарайшық (Батыс Қазақстан) Ұлытау (Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан) әкімшілік-территориялық уәлаяттарына бөлінді.
Еліміздегі бірқатар ақпарат құралдары еліміздің Сыртқы істер министрлігі Максим Акимовтің заң алдында жауап беруін талап ету туралы бастама көтеріп отыр. Бұл – өте құптарлық бастама. Мұндай арандатушылық әрекеттер бір емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Осындай сәтте құзырлы органдар неге үнсіз?
Осы ретте алдағы аптада іргелі мемлекетіміздің бірлігі мен тұтастығына кепіл болып отырғанына 16 жыл толатын Конституциямыздың қажетті баптарын келтіре кетпекпіз:
ҚР Конституциясы II бөлім, Адам және азамат. 20-бап, 3-тармақ:
Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.
ҚР Конституциясы II бөлім, Адам және азамат. 39-бап, 2-тармақ:
Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
Ресей жақтан бұған дейін де бірқатар мәселелер айтылып қалған еді. Естеріңізде болса, ҚазСАТ-1-дің жырынан кейін «ҚазСАТ-3», «ҚазСАТ-4-ті» франциялық мамандармен бірлесіп жасаймыз» деген Талғат Мұсабаевтың пікірінен кейін іле-шала «Біртұтас Ресей» партиясының Мемлекеттік Думасындағы мүшесі Михаил Ненашев мәлімдеме жасап, қазақтың дербес ғарыш саясатына қарсы шыққан еді. Демек, ресейлік кейбіреулер біздің барлық салада жеке іс жүргізуімізді құптамайды. Өзге елдің ішкі саясатына араласып, Ресейдің бірқатар мемлекетпен араздасуына құштар болып отырған саясаткерсымақтардың көздегені не?
Түйін
Жалпы, Ресей ұлтшылдығы туралы аз жазылып жатқан жоқ. Қазақтың ақпарат құралдары скинхидтердің әрекеттерін мемлекет деңгейіне дейін көтерді. Азиялық келбеті бар кез келген адамның соққыға жығылып, тапа тал түсте Мәскеу көшесінде қан жоса болып жататыны айтылып та, жазылып та жүр. Біз ғана емес, сонау Еуропадағы газеттер де осы тақырыпты айналып өтпеді.
Жақында Испанияның El Mundo газеті Ресейдің ішкі ахуалына тоқтала келіп, қарапайым футболшылардың өзі нәсіліне бола таяқ жеп жатқанын тәптіштеп тұрып баяндады. Италияның La Stampa газеті 2005-2006 жылдар аралығында 45 шетелдік орыс жерінде азапталып өлтірілгені туралы деректер ұсынды. Асқынған орыс ұлтшылдығы көршілес жас мемлекеттерді ғана емес, ғаламды да алаңдатып отыр деген сөз.