Кеше Тәуелсіз Қазақстанда ұлттық аза тұту күні өткізілді. Бүкіл мемлекет аумағы бойынша, сондай-ақ шетелдегі елшіліктердегі мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телеарналар мен радиоларда ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңы бойынша «ұлттық аза тұтуға байланысты мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi iшiнде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiледi» деп жазылған. Дегенмен ұлттық қаралы күнді жан-дүниемізбен сезініп, ел шетін қызғыштай қорып, шейіт болған шекарашы сарбаздардың рухына тағзым ету қай деңгейде өтті, аза тұту күні елдің жоғары оқу орындары, басқа толып жатқан мекемелер азалы күнді қалай өткізді, жалпы қазақы ұғымда қаралы күнді қалай өткеру керек деген мәселе үлкен сауалдар туғызып отыр.
Көптеген мемлекеттік телеарналар мен радиоларда ұлттық аза тұту күніне орай, ойын-сауық бағдарламаларының орнына деректі фильмдер, мағыналы көрсетілімдер, радиолардан ойнақының орнына мұңлы әуендер берілгенін құптадық. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирінің өн бойында «Бүгін –Ұлттық аза тұту күні» деген титр жазылып тұрды. «Қазақ радиосында» зиялы қауым өкілдері «Арқанкерген» шекара бекетінде сарбаздардың қаза болуына байланысты көңіл айтты. Қайғылы әуендер адам жанына әсер етіп, өткен мен бүгіннің таразысы туралы ой салады екен. Алайда кейбір радиолар азалы күнді елеп-ескермей, бәз-баяғы қалпынша көңілді хабарлар мен ойнақы әуендерді түйдек-түйдегімен беріп отырды. Сонда қалай? Қазақстан жерінде отырып, елдің заңы мен ішкі тәртібін неге құрметтемейді? Көрші Ресейде қаралы күні осындай тәртіпті орындамаған телерадиоларға әкімшілік жаза қолданылған екен. Бізде қаралы күнді сезініп, тағзым ету жағы жетіспейтініне куә болдық.
Кеше «Арман» кинотеатрының есігінде «қаралы күнге байланысты көрсетілімдер кейінге шегерілді» деп жазылған. Алайда киноқұмар халық бұл қаралы күннен хабарсыз сияқты, бәрі «Арман» кинотеатрына ағылып, жабық тұрған соң, кері қайтып жатқанын көрдік. Біздің айтпағымыз, жалпы ұлттық аза тұту күні жарияланғанымен, елді хабардар ету жағы жетіспейтін сияқты. Бір қуантатыны, интернет сайттар мен агент желілерінде бір-біріне қаралы күнге байланысты қолдау білдіру мақсатында «жұлдыз» белгісін салыңыз деген хабарламалар толассыз жіберіліп жатты. Мұның өзі елі мен жері үшін қапияда опат болған шекарашы сарбаздардың рухына деген тағзымды білдірсе керек.
Біздіңше, қаралы күнді мұсылмандық ғұрыппен әртүрлі мекемелерде құран бағыштап, елі мен жері үшін шейіт болған бахадүр бабаларымыз, бүгінгі шекарашы сарбаздарымыз туралы рухани һәм мағыналы насихат айтылуы керек сияқты. Бұған оқу орындары тәрбиелік-рухани тағылымдық шаралар өткізсе, артық болмас.Әлбетте, азалы күннің белгісі ретінде еуропалықтар сияқты қара киініп жүру керек пе, ол жағын ойластыру керек. Себебі әр елде аза тұтудың дәстүрлі атрибуттары әрқалай. Мысалы, ислам дінінде – ақ, индуизмде – қызыл, жалпы Еуропада аза тұту киімінің түсі – қара, Қытайда – ақ, Түркияда – көк немесе күлгін, Мысырда – сары, ежелгі Эфиопияда – сұр-күлгін болып келген. Қазақ дәстүрінде қаралы үйдің әйелдері қара жамылған. Бірақ ер адамдар қара киім кимеген. Осындай атрибуттық жағынан ойланатын тұстар баршылық.
Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын қорғап шейіт кеткен шекарашылардың қайғысы – бүкіл елдің трагедиясы. Әр азамат елдің басына түскен қайғы-қасіретті жан-дүниесімен тағылымы етуі тиіс. Аза тұту атрибутының астарында мемлекетке деген құрмет, халыққа – бірлік, тіріге – сауап, о дүниелік адамдарға тағзым жатса керек. Кеше «Арқанкерген» бекетінде шекарашылардың қайғылы оқиғасына орай ұлттық аза тұтып жатқан кезде бұған дейін белгісіз болып біраз жайттар анықталды. Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың мәлімдеуінше, «Арқанкерген» шекара бекетінде 15-інші шекарашы ұсталды. «Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кеше кешқұрым қыстақтардың бірінен 15-інші шекарашы ұсталды. Ол азаматтық киімде болған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Бізде сараптамалардың бәрі толығымен дайын емес. Оқиғаның ішкі мәселеден орын алғандығы нақтылануы мүмкін. Ол командирдің тапаншасымен ұсталды. Сол күні кезекші болған. Осының бәрін тексерудеміз», – деді ішкі істер министрі Қ.Қасымов. Сондай-ақ «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза болған шекарашылардың аты-жөндері толық мәлім болды.
Ұлттық аза тұтудың қазақы атрибуттары қандай болуы керек?
Последние статьи автора