Ұлттық арна ұлт санасына серпін бермек
2011 жылдан бастап таза қазақ тілінде хабар таратуға көшкен «Қазақстан» ұлттық арнасы ұлт санасын серпілтетін және бір тың қадамды қолға алмақ. Алдағы уақытта арна эфирінде беріліп жүрген шетелдік телехикаялардың уақыты үш есеге қысқарады. Сосын келе-келе ұлттық арна тек таза отандық өніммен ғана «сөйлейтін» болады. Сөйтіп, республикалық телерадио корпорациясының басшылығы қарашаның 11-інен бастап түрік және кәріс сериалдарын эфирден ығыстырып, оның орнын қазақстандық телеөнімдермен толтыратын болады.
Осыдан екі жыл бұрын, нақты айтсақ, 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап ұлттық арна эфирі басқа тілден толық арылып, таза қазақ тіліне ауысқан еді. Содан бастап арна «ұлттық» атты ұлы мәртебеге толыққанды ие болғанын танытқан. Әлбетте, талайдан айтылып жүрген осы мәселені көпшілік көрермен қауым қуана-қуана қарсы алса да, бәзбіреулер «беделін биікке көтере алар ма екен» дегенге саятын күдікті де алға тартатын. Алайда ондай күдік бекер болды, керісінше арна талғамы жоғары көрерменнің көзайымына айналды. Биылдың өзінде ұлттық арнаның көрермені 53 пайызға өсті. Соның арқасында «Қазақстан» ұлттық арнасы елдегі аудиторияны қамту жағынан барлық телеарналарды артқа тастап, республика бойынша бірінші орынға шықты.
Әрине, бастапқыда аудиторияны барынша сақтап қалу үшін кейбір бағдарламалар мен фильмдерді қазақ тіліндегі аудармамен беруге тура келді. Оның ішінде шетелдік телехикаялар да бар болатын. Ендігі күні, «Қазақстан» телерадио корпорациясының басшылығы шетелдік телехикаялардың эфирлік уақытын қысқартып, оның орнына қазақстандық телеөнімдерді көптеп көрсетуге мүдделі. Себебі бұл – уақыт талабы, көрермен қауымының сұранысы. Бұған Қазақстан аумағында көрсетілетін елге етене танымал телехикаялардың рейтингісі дәлел бола алады. Мәселен, отандық киногерлер түсірген «Ұлжан» хикаясы үздік 15 сериалдың тізімінде 3-ші орынға орналасыпты. «Айналайын» телехикаясы да жоғары сұранысқа ие.
Әзірше ол 7-орында келеді. Ал бірінші орында – үндінің «Келін» сериалы. Міне, сол себепті «Қазақстан» арнасындағы шетелдік телехикаялардың эфирлік уақытын бірден емес, біртіндеп азайту жоспарланған. Негізі, бұл жұмыс ағымдағы жылдың жазында басталып та кеткен. Қазіргі кезде «Қазақстан» ұлттық арнасындағы шетелдік телехикаялардың эфирлік уақыты төрт сағатқа дейін төмендегенге ұқсайды. Бұл жалпы эфирдің 19 пайызын құрайды. Енді келесі жылға қарай шетелдік өнімге берілетін уақыты үш есеге, яғни 1 сағат 40 минутқа қысқарту жоспарланып отыр. Осылайша шетелдік телехикаялардың үлесі бірден 7 пайызға төмендейді. Есесіне, отандық фильмдердің уақыты артады. Ал шетелдік хикаялардан үнемделген ақша өз сериалдарымызды түсіруге жұмсалмақ. Айталық, ағымдағы жылдың соңына дейін 60 млн теңге, ал келесі жылы 140 млн теңге үнемделеді деген жоспар бар. Осындай қаражаттың барлығын отандық телехикаялар мен бағдарламаларды шығару жұмысына жұмсау жоспарланған.
Ілияс ЫСҚАҚОВ, «Қазақстан» ұлттық арнасының директоры:
– «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 55 жылдық тарихы бар үлкен медиа отау ғой. Бұл қара шаңырақта біраз кәсіби мамандар ұлтқа қызмет етті, қазір де жұмыс жасап келеді. Солардың арқасында ұлттық жаңа бағдарламалар шығып, көрермен қауымға жол тартып жатыр. Қазір ұлттық өнімді шығару – біздің басты мақсатымыз. Біз ұлттық өнімді шығарып қана қоймай, оның сапасына да ерекше көңіл бөліп келеміз. Биылғы маусымда 12 жаңа бағдарламаны аштық. Бүгінде оның барлығы өз көрерменін тапты деуге болады. Ал телехикаялар бойынша «Ұлжанды» ерекше атап өтуге болады. Республика бойынша үздік 15 телехикаяның ішінен 3-орынға ие болу біз үшін – үлкен жетістік. 2011 жылы «Қазақстан» өз эфирін қазақ тіліндегі бір-ақ сериалмен бастаса, екі жылдың ішінде оның саны 12-ге жетті. Ағымдағы жылы солардың барлығы 229 бөлімді құрады. Сондықтан қарашаның 11-інен бастап біз түрік және кәріс телехикаяларын бірте-бірте алып тастауды жоспарлап отырмыз.
Алайда «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басшылығы шетелдік сериалдардың түсін түстеп, аты мен затына қарай қысқартуды қарастырып отырған жоқ. Негізгі мақсат – отандық телеөнімді барынша арттыру.
Ләззат ЖҮНІСОВА, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
– Жалпы, шетелдік сериалдарды отандық телеөнімдермен алмастыру – біздің басты мақсатымыз. Бұл – көрерменнің де талабы. Демек, келесі жылы шетелдік телехикаялардың эфирлік уақыты төрт сағаттан 1,4 сағатқа дейін қысқарса, оның орнына отандық сериалдар мен бағдарламалар көрсетілетін болады. Ол үшін мемлекет ақшаны аяп отырған жоқ. Қазіргі кезде жақсы кино түсіруші компаниялар да қалыптасып үлгерді. Негізі, 2009 жылдан бастап санайтын болсақ, біз 36 телехикаяны жасап шығардық. Соның барлығы 647 сериядан тұрады. Демек, қазірдің өзінде «Қазақстан» ұлттық арнасында 650-ге жуық сериясы бар отандық телехикаялар мұрағаты қалыптасты. Әрине, оның барлығы мемлекеттің қаржысына түсірілді. Енді алдағы уақытта киногер компаниялар өсіп-өніп, телехикаяларды өз ақшасына түсіреді деген сенім де жоқ емес. Себебі бұл – әлемдік тәжірибе.
Осы орайда «Қазақстан» корпорациясының басшылығы отандық киноны түсіргенше, шетелдік телехикаяларды сатып алған тиімді екенін де жасырмайды. Бүгінде шетелдік хикаяның бір сағатын көрсету бағасы 1-5 мың АҚШ доллары болса, сол сериалдың бір сағатын түсіру үшін 30 мың доллардан астам қаражат қажет. Біле-білсек, қазір «Сұлтан Сүлейман» телехикаясы ең қымбат жоба болып саналады. Түріктің осы туындысының бір сериясына 600 мың доллар кетеді екен. Ал түріктің және кәрістің телехикаялары одан бірнеше есеге арзан екені белгілі.
Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы:
– «Қазақстан» ұлттық телеарнасында түрік және кәріс телехикаяларының көрсетіліп жатқанына біраз уақыт болды. Бүгінде біз эфирдегі отандық өнімді барынша арттыру мақсатында сол түрік және кәріс сериалдарынан бас тартайын деп жатырмыз. Келесі жылы олардың эфирлік үлесі біраз қысқарады. Алайда біз онымен әлемдік кино индустриясының өнімдерінен толығымен бас тартамыз деп отырған жоқпыз. Себебі қазақтың көрермені де өз тілінде әлемге әйгілі кино жұлдыздардың фильмдерін көргісі келеді. Біз оның барлығын тәржімалап ұсынатын боламыз.
Еске салсақ, «Қазақстан» ұлттық арнасы түрік және кәріс телехикаяларын 2006 жылдан бері көрсетіп келеді. Ал 2009 жылы көрермен назарына алғаш рет «Ағайындылар» атты отандық сериал ұсынылды. Бүгінде телеарна эфиріндегі өнімдердің саны да, сапасы да күн өткен сайын артып отырғанын байқау қиын емес. Қазірдің өзінде отандық телехикаялардың мол қоры қалыптасқан. Соның ішінде «Туған елдің түтіні», «Ұлжан», «Парыз», «Көк тарландары», «Өмір өткелдері» тағы басқа хикаялар көрерменнің көзайымына айналды. Жалпы, 2011 жылдан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырмасымен түсірілген телехикаялардың рейтингісі түрақты түрде өсіп келеді. Оған TNS Gallup Media Asia зерттеу компаниясының деректері айқын дәлел бола алады. Мәселен, «Қазақстан» телеарнасы толықтай қазақ тіліне көшкен 2011 жылдан бері 100 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен мен қала тұрғындарының оған деген сұранысы 55 пайызға артты. Ал арнаның орташа тәуліктік рейтингісі 47 пайызға өскен. Әрине, осы оңтайлы өзгерістерге отандық телехикаялардың қосқан үлесі зор. Ең бастысы, ұлттық арнаның эфирі ұлттық өніммен толығатын болды. Ләзім болған іс деген осы да...