Түсік тастау, туабітті аурулар, ДЦП: ата-анасымен бірге кафе-барда «сауық құратын» баланың денсаулығы
Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Өскелең ұрпақтың өсіп-жетіліп, қоғамның кетігін толтыратын кірпіші болып қалануы үшін денсаулығы, алған білімі, өскен ортасы маңызды. Біз осы орайда бала денсаулығы мәселесін көтеруді жөн санап отырмыз. Соңғы уақыттары жөргектегі баласын көтеріп, кафе-барда сауық құрып жүрген ата-аналарды жиі көзіміз шалатын болды. Мұндай ортаның бала денсаулығына зиянды екені анық. Көңіл көтереміз деп жүріп, ертеңгі ұрпағымызға зиянымызды тигізіп жүрген жоқпыз ба? Azattyq Ruhy тілшісі мамандардың пікіріне жүгініп, мәселені анықтап көрді.
ТҮСІК ТАСТАУ, ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУШЫЛЫҚ, ДЦП, ҚАНТ ДИАБЕТІ
Біз осы тұста Астана қаласының №13 емханасында терапевт дәрігер болып қызмет етіп жүрген Нұршат Садырбековаға хабарласып, ана мен бала денсаулығына қатысты мәселені сұраған едік. «Абзал жан» сөзінің басын әйел адамның жүктілік кезінде дұрыс күтінбейтіні туралы мәселеден бастады.
«Медициналық тілмен емес, жалпақ тілмен түсіндірейін. Шыны керек, әсіресе жастар арасында жүктілік уақытында дұрыс күтінбей, сауық-сайран құрып, түнгі клубтарда жүретіндер бар. Бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды. Сол ортада жұтқан кальянның, темекінің түтіні, ішкен ішімдіктер, неше түрлі қоспасы, химикаттары бар тамақ сол келіншектің жатырында жатқан сәбиіне орны толмас үлкен зиянын тигізеді. Психикалық ауытқу, сәбидің дамуындағы бұзылыстар соның салдарынан болып жатады.
Маған бір пациент келіп қаралып жүр. Күйеуі үйінде отырып темекі, кальян дегендерді ойланбастан шеге береді. Оның өзіне, іштегі балаға зиянын түсінгісі келмейді. Ескерту жасап, дұрыс бағыт көрсету міндетіміз болған соң айтумен ғана шектелеміз. Мұндай пациенттер бұрын да болатын. Түсік тастау да осындай әрекеттерден болады. Ал соңында кінәні өздерінен емес дәрігерлерден іздеп жатады», - дейді дәрігер.
Нұршат Қойшығарақызы сөзін жалғай отырып, жүкті әйелдің дұрыс күтінбеуінің соңы қандай проблемаларға жеткізуі мүмкін екенін былайша жеткізді:
«Будақтаған түтіннің салдары баласына зиянын тигізіп жатады. Сәбидің бойынан аллергия, иммунитетінің төмендігі, сол сияқты анасының дұрыс тамақтанбауы себепті қант диабеті де кездесіп жатады. Ол ол ма, ең сорақысы соңғы жылдары ең көп тараған ДЦП, ақыл-есінің, дене мүшелерінің кемістігі секілді ауру түрлері де осының салдарынан болып жатыр.
Сол себепті әйел адам бойына бала біткенде пайдасынан зияны көп мұндай қыдырыстарды, шулы орталарда көңіл көтергенді доғарып, оның орнына таза ауада, тыныш орындарда демалуды әдетке айналдыруы керек. Бұл әйел адамның ертеңгі өзінің денсаулығына да, жатырындағы сәбиін төрт мүшесі түгел, аман-сау босануына да үлкен пайдасын тигізеді», - деп ақхалатты абзал жан жүкті әйелдерге өзінің кеңесін берді.
«ҚАТТЫ ШОШЫП ҚАЛҒАН БАЛАНЫҢ ТІЛІ ДЕ КЕШ ШЫҒАДЫ»
Сау баланы өсіру үшін тек жүктілік кезінде ғана күтіну аздық етеді. Емізулі баласын көтеріп, қыдырымпаздықты әдетке айналдырған әйелдің де жағдайы жақсармайды. Дәрігер осы мәселені ерекше қозғап өтті.
«Музыкасы қатты шығатын орындарда құндақтағы сәбиін көтеріп қыдырып жүретіндер бар. Кішкентай баланың ғана емес үлкен адамдар да ондай шуға шыдай бермейді мұндайға. Ал оның енді жетіліп келе жатқан балаға қаншалықты зиян екенін білсе дерсің. Психикасы бұзылған, мазасыз, тоқтамай жылай беретін балалар қайдан пайда болуы мүмкін? Құлақты жаңғыртар музыкадан қатты шошып қалған баланың тілі де кеш шығады, дамуы да баяулайды. Сәби тыныштықты қалайды. Осы нәрсені баласы бар немесе сәби сүюді жоспарлап жүрген болашақ ата-аналар ескеруі қажет», - деп Нұршат Садырбекова ойын тәмамдады.
БЫЛТЫР 1800-ДЕН АСТАМ ЖҮРЕККЕ ОТА ЖАСАЛДЫ
Сөз орайы келгенде айта кетейік, жуырда Денсаулық сақтау министрлігі бала туу көрсеткішіне қатысты соңғы мәліметтерді жариялаған болатын.
«Соңғы 5 жылдың ішінде елде бала туудың өсуі байқалды, ол 2021 жылы 446 мың бала дүниеге келген кезде ең жоғары деңгейге жетті, 2022 жылы 412 мың нәресте дүниеге келді.
Неонаталдық хирургияның дамуымен және осы технологиялардың өңірлерге ауысуымен туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86% құрады. Орташа алғанда, жыл сайын туа біткен ақаулары бар 1500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады.
2022 жылы туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1800-ден астам ашық жүрекке операция, оның 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды», - делінген жауапты министрліктің ресми хабарламасында.
Дәрігер Нұршат Қойшығарақызы да жоғарыда туабітті аурулар мәселесін айрықша қозғап өткен еді. Еліміздегі бала туу көрсеткішіне қарап қуанғанымызбен нәрестелердің денсаулығына қатысты мәлімет кез келген жанды еріксіз алаң күйге салады.
Парламент Мәжілісінің соңғы отырыстарының бірінде «AMANAT» партиясының мүшесі, VII шақырылымның депутаты Әлия Әбсеметова да осы мәселені көтеріп, көпшілікке ой салған болатын.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына сай, адам құқықтары мен еркіндігі ол өмірге келгеннен бастап заңнамалық негізде реттелген. Яғни әр сәби мен кішкентай бала алаңсыз, қолайлы әрі сапалы ортада өмір сүріп, дамуға құқылы. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында балалардың өмір сүру және даму ортасын қалыптастыруды қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойып отыр. «АMANAT» партиясы бұл процесті үздіксіз жүзеге асырып келеді», - деп Әлия Әбсеметова сөзінің басын бастады.
Сөзін жалғай отырып, құндақтағы сәбиді ішімдік ішілетін шулы мейрамханаларға апарып жатқан оқиғалар жиі кездесетінін айрықша қозғап өтті. Ал бұл мәселе бала денсаулығына үлкен зиян екенін ұмытпаған жөн.
«Бізді алаңдатқан жай – омыраудағы сәбиі мен әрі кішкене балаларын ересектерге арналған әр түрлі көңіл көтеретін және демалатын орындарға алып жүретін ата-аналарды күнделікті өмірде жиі байқаймыз. Әсіресе, ішімдік ішілетін шулы мейрамханалар мен кальян шегетін кешкі барларға бүлдіршіндерді жиі алып барады. Ал бұл жағдай балалардың физиологиялық және психикалық дамуына теріс әсер етеді. Мұндай орындарды айтпағанда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, медицина қызметкерлерінің беделді қоғамдық бірлестіктері мен психотерапевтердің өзі дыбысы қатты ірі кинозалдар сәбилердің құлақ жарғағына қауіпті екенін айтады. Бұл балалардың құлағы естімей қалуына, әрі жүйкесіне зиян тиетінін, үрейлі синдром қалыптастыратынын ескертеді. Бесік жырын тыңдап, бесікте тербелетін сәбилер бүгінде кафе-барлардың түтінін жұтып жүр. Тәрбие де осы бесіктен басталмай ма?» - деп Әлия Маратқызы жұрт көп көңіл бөле бермейтін мәселеге жұрт назарын аудартты.
ПРОБЛЕМАНЫҢ ШЕШІМ ЖОЛДАРЫ
«AMANAT» партиясының мүшесі қоғамдағы осы бір мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.
«Халқымыздың сан ғасырлық салт-санасын бұзумен қатар олардың конституциялық құқығын бұзып жүрміз. Бала – бәрімізге ортақ құндылық. Ендеше олардың денсаулығы, қоршаған ортасы, жан әлемі көздің қарашығындай қарайтын маңызды аспектілер. Сондықтан осы мәселеге жіті назар аударып, келесі ұсыныстарымыз қабылдансын», - деп мынадай шешім жолдарын айтты.
• Мемлекет балалардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін қолданыстағы құқықтық-нормативті реттеу базасын қайта қарап, даму перспективаларына баға беріп, кешенді түрде реттеу керек.
• Сонымен бірге көңіл көтеруге арналған мекемелердің тарапынан да, ата-аналар жағынан да жауапкершілік танылып, өзара түсінушілік мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек.
• Бұл мәселе тек үкіметтің ғана емес, азаматтық қоғамның да жауапкершілігі. Сондықтан да бұл іске бәріміз ат салысайық.
Сөз соңында айтарымыз, отан ең алдымен отбасынан басталады, ал бала – ата-ананың қолындағы аманат. Оның ұядан ұшып, өмірден өз жолын тауып кетуіне тікелей әке-шеше жауапты. Сол себепті сәбидің денсаулығына бей-жай қарамаған жөн.