Түркияда жер сілкінісі кезінде Қазақстан азаматы жоғалып кеткен
Түркияда жер сілкінісі кезінде Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев жоғалып кетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның ағасы Алмас Құрмашевтың айтуынша, Мирус Түркияның Хатай қаласында болған. Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген. Содан бері туыстары оның қайда екенін, жағдайы қалай екенін білмей, алаңдаулы күйде отыр.
Сондай-ақ жоғалған азаматтың ағасы қазақстандық волонтерлар оны іздеу үшін 8 ақпанда Түркияға аттанатынын да жеткізді.
Осы жайтқа байланысты Zakon.kz редациясы ҚР СІМ-ге хабарласып, сұрау салды. Министрліктің ресми өкілі бұл жағдайдан хабардар екендерін, оны іздестіріп жатқанын жеткізді.
Түркия мен Сирияда 6 ақпанда таңертең жойқын жер сілкіністері орын алды. Жер сілкісінің магнитудасы 7,8 балды құрады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі жойқын жер сілкіністеріне байланысты жеті күн бойы ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті.