Оралда халықаралық ынтымақтастық жылына орай «Білім. Туризм. Интеграция» тақырыбында халықаралық форум өтті. Оған еліміздің жоғары оқу орындары мен туристік бірлестіктерінің, қосымша білім беру мекемелерінің өкілдері және Ресей Федерациясының Батыс Қазақстан облысымен шектесіп жатқан көршілес бес облысымен қатар, Красноярск, Мәскеу, Таулы Алтай өңірінен келген 200-ден астам маман қатысты.
Форумның Жайық жағасындағы әсем шаһар Оралда өтуі тегіннен-тегін емес. Өйткені еліміз бойынша балалар туризмімен айналысатын барлығы 21 орталық болса, соның 14-і осы Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Ақжайық өңірінің балалар туризмін, жалпы, туризмді дамыту бағытындағы әлеуетінің қаншалықты зор екендігін осыдан-ақ байқауға болады.
Виктор ФОМИН, БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры:
– Өскелең ұрпаққа туристік, экологиялық тәрбие беру өте маңызды деп айтар едім. Мысалы, орындықта тапжылмай отырып берілген білім мен табиғат аясында айтылған әңгіменің санаға сіңімділігін салыстыратын болсақ, әрине, таразы басын табиғат басып кетеді. Неге? Себебі сынып бөлмесі төрт қабырғамен шектеулі, ауа тар, соған сәйкес оқушының қабылдау қабілеті де енжар. Ал табиғат аясында барлық сезім мүшелері белсенді жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда «Батыс Қазақстан облысында туристік кластерді дамытудың 2010-2012 жылдарға арналған жоспары» жасалды. Туристерге маркетингтік ақпарат беру үшін «Ақ Жайық өңіріндегі туризм мен саяхат» атты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде көркем безендірілген кітап шығарылды. Онда табиғат және демалыс орындары, жануарлар дүниесі, сауықтыру орталықтары, қонақүйлер, мәдени-ойын сауық орталықтары – бәрі-бәрі қамтылған.
Туризм – табыс көзі һәм тәрбие құралы
Последние статьи автора