«Түнгі қаладағы балалар»: Түркістанда рейд жүргізілді
Түркістанда 16 жастағы қыздың туған күні полиция басқармасында өтті. Өйткені кәмелет жасына толмаған жасөспірім меншікті мерекесін түнгі мезгілде мейрамханада тойламақ болған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дегенмен тәртіп сақшылары ата-анасының қарауынсыз бей-берекет қыдырған жеткіншектердің жүрісіне тосқауыл қойды. «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шарасы кезінде ата-ана қарауынсыз жүрген балалар анықталды. Тәртіп сақшылары алдымен қаладағы кафелер мен мейрамханаларды сүзіп шықты. Сондай орындардың бірінде кәмелет жасына толмаған жиырмаға жуық жас жиналып, туған күн тойламақ болған. Полиция қызметкерлері оларды бірден басқармаға жеткізіп, ата-аналарын шақыртты.
Осылайша меншікті мерекесін тойламақ болғандар айтулы күнді полиция басқармасында өткізді. Түнгі уақытта балаларды қараусыз жібергені үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек адам көп жүретін тағы бір мейрамханадан бір топ ішімдік ішіп, желік қуған жастар ұсталды. Тексере келе олардың да кәмелет жасына толмағандығы анықталды. Ал кәсіпкерлік нысанының әкімшілігіне айыппұл салынды.
Биыл Балалар жылы. Яғни олардың білім алуына, денсаулығына, қауіпсіздігіне қатысты мәселелер оңтайлануы тиіс. Алайда «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасы барысында айналдырған бір сағаттың ішінде ережені елемеген елу шақты жасөспірім анықталды. Екі күнде 800-ден астам түрлі ойын нысандар тексерілген.
Асылхан Төреханов, облыстық ПД жергілікті полиция бастығы
– 300-ден астам жасөспірім тарапына әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, шара қолданылды. Талдап айтатын болсам, жасөспірімге спирттік ішімдік сатқан 9 дәйек анықталып, сатушыға айыппұл салынды. Жастарды ата-ана қарауынсыз ойын-сауық орталығына жіберген 14 азаматқа хаттама толтырылды. Түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз жүрген 200-ден астам бала анықталып, ата-анасы жауапқа тартылды.
Мұндағы мақсат – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқықтарының бұзылмауын қадағалау. Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын мекемелердің жұмысы екі есе көбейеді. Тәртіп сақшылары әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытын тиімді өзкізуге күш салса, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың азаятынын айтады.