Біз ұлттық ұғымға сай келетін сан алуан дүниемізді түгендей алмай жүрміз. Кезінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мұражайындағы тайқазанды елге әрең қайтарған едік. Ондағы талай жәдігердің әлі де көршілес Ресей жерінде сақтаулы тұрғанын естіп-біліп жүрміз. Алайда оларды түгендеуге келгенде кежегеміз кейін тартып тұр. Ғалымдардың айтуынша, қазақ жеріндегі көне шаһарлардан табылған кейбір жәдігерлерді де орыс зерттеушілері өздерімен бірге алып кеткен. Мұндай құны қымбат бағалы дүниелерді қазір бұл біздің жерімізден табылған заттар еді деп сұрау сала алмаймыз.
Бүгінге дейін бірді-екілі жәдігерлерді елге қайтарып, көңіл демдеп жүрген жайымыз бар. Алайда олардың көбі – жекелеген азаматтардың өз ынтасымен табылған дүниелер. Мәселен, белгілі өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім кезінде атағы алысқа жайылған жампоз, белгілі әнші Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған үнтаспаны елге алып келуге ұйытқы болды. Оған қоса танымал режиссер Жәнібек Жетіруов жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің бейнесін тапты. Өкінішке қарай, олардың барлығы – қолды болған құндылықтардың аз ғана бөлігі. Қалғаны қай жерде жатқанын түгендеуге қазірге дейін шамамыз келер емес.
Өнердің тілін түсінген өресі биік жұрт Сыр өңірінің жыршылық дәстүрін жоғары бағалайды. Бұл көмейінен ағыл-тегіл жыр төгілген сүлейлер еліне берілген лайықты баға деуге толық негіз бар. Дария бойында әуелеген ән десе, ішкен асын жерге қоятын әлеумет көп. «Сырдың елі – жырдың елі» атануының негізгі себебі осыдан тамыр алып отыр. Өнерлі өлкедегі жыршылардың өзіне тән мақамы, өзіндік әуені бар екенін жұрттың бәрі біледі. Қазіргі күні ел аузында жүрген Нартай Бекежанов сазсырнайын қолына алып, талай әнін асқақтата шырқай білді. Сыр топырағында кіндігі кесіліп, сол киелі елдің ауасы мен суынан нәр алған өнерпаз артына мол мұра қалдырды. Бүгінгі ұрпақ сол ардақты жанның көркем туындыларын қастерлеп, оның алдында құрметпен бас иеді.
Жуырда Шиеліге жол түсті. Ақын ауылына ат басын бұрдық. Күнде келіп жатқан жоқпыз ғой. Мұражайға бас сұқтық. Нартай ақын тұтынған дүниелерді көрдік. Ортасында сазсырнайы да тұр. Атын алысқа жайған музыкалық аспабы ғой бұл. Өнерпаздың өнердегі жолын бейнелеген басқа да мұралар қойылыпты. Біз барған сәтте оның әндері ойнап тұрды. Елең ете қалдық. Мұражайда қызмет ететін азаматтардан сұрап жатырмыз: «Мына дауыс Нартай ағамыздың өзінің үні ме?» Ол кісілер Сыр сүлейінің ізін басқан шәкірттері ақынның шығармаларын орындап жатқанын жеткізді. Өз дауысымен орындаған әндері қайда дейміз тағы да...
Ғабитбек САРДАРБЕКҰЛЫ, Шиелі ауданындағы Н.Бекежанов атындағы мұражай директоры:
– Мұражай 1994 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Содан бері көптеген құнды мұрағатпен толықты. Екі қабатты ғимаратты Нартай ағамыз тұтынған дүниелермен жасақтауға барынша көңіл бөлінген. Көріп отырсыздар, қазір қаншама дүние қолымызда бар! Арқалы ақынның қолы тиген домбыра, сазсырнай және өзге де заттар қойылған. Сондай-ақ өнерпаз жанның 1936-1954 жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктері жайындағы деректер мен суреттер де қамтылған. Алған орден-медальдары, алғысхаттары, дипломдары да назардан тыс қалған жоқ. Дегенмен Нартайдың өз дауысымен жазылған әуендері қолда болмай тұр. Мұражайға бүгінге дейін басшылық жасаған азаматтар да бұл мақсатта біршама жұмыс атқарған. Өкінішке қарай, оны өз елімізден табуға мүмкіндік болған жоқ. Естуімізше, 1939 жылы Мәскеу қаласында өткен кезекті шаралардың бірінде ол кісі ән орындаған. Сол дүние сақталып қалған екен. Оған әзірге қолымыз жетпей отыр.
Кезінде Алаш жұрты ардақты тұлғаларын лайықты бағалай алмады. Олар жайында құнды деректерді жинақтауды ескере бермеді. Мәселен, Сыр өңірін ән мен жырға бөлеген Нартай ақынға арналған мұражай да мерзімінен кеш ашылып отыр. Ол кісі 1954 жылы 17 желтоқсанда пәниден өткен. Ал мұражай араға 40 жыл салып өз келушілеріне есігін айқара ашқан. Бұл уақытта қаншама құнды дүниенің көзден таса қалуы ғажап емес. Солардың бірі – Нартайдың өз дауысымен айтылған әндер. Бәлкім, мұражай одан бұрын ашылғанда үнтаспа жайы әлдеқашан шешіліп қойған болар ма еді?.. Әзірге қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрген жайымыз бар.
Сыр өңірінің жұртшылығы қолдан келгенше жергілікті белгілі өнер иелерінің мұраларын түгендеуге күш салып келеді. Қазақтың халық ақыны, әнші, композитор Нартай Бекежановты ұлықтауға көңіл бөлінген. Облыс орталығындағы драма театрына сол кісінің есімі берілгеніне қаншама уақыт болды. Сондай-ақ өзінің туған ауылындағы мұражай алдында белгілі өнерпаздың тас тұғыры қойылған. Сол елді мекенге атақты сүлейдің аты берілген. Мамыражай мамырдың 19-20-сы күндері еліміздің бас ордасы – Астана қаласында «Өздерің білер Нартаймын» деген атаумен республикалық әнші-жыршылар байқауы өткізілмек. Онда ақынның туындыларымен бірге, оның замандастары Тайжан, Шашубай, Майра мен Кененнің туындылары да орындалмақ.
Әрине, көңіл сүйсінткен осындай жағымды жаңалықтармен бірге, ойға қалдыратын жаңағыдай жайлар да баршылық. Тұғырлы тұлғалар қалдырған дүниелерді қашан толыққанды түгендей аламыз? Өзгенің мұражайында тасада қалып, шаң басып жатқан талай дүниемізді қайтарар кез келген секілді.