Қарағанды облысы Приозерск қаласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің қызметкерлері Балқаш көліне батып кетті. Мамандар ауа райы жайсыз болып тұрғанына қарамастан, қайықпен көлге шыққан. Олардың жұмыс барысымен шыққаны немесе жай тынықпақ болғаны әзірше белгісіз.
Оқиға сәрсенбі күні сағат күндізгі екілер шамасында болған. Қарағанды облысының Приозерск қаласы маңындағы «Алтын құм» жағажай аумағынан төтенше жағдайлар ведомствосының аумақтық органының алты өкілі көлге қайықпен шығады. Кенет ауа райы құбылып, қатты жаңбыр жауған. Бұл аздай, дауыл пайда болып, толқын көтеріледі. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Нұрбек Құнанбаевтың айтуынша, 10-15 метр биіктікке жететін толқын ақыры мамандар мінген моторлы «Казанканы» аударып тастаған. Суға құлаған Приозерск қаласы төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы, 39 жастағы Н.Сасаев пен 44 жастағы А.Амантаев есімді тағы бір адам жүзе білген болуы керек, тырбанып, жағаға жетудің амалын жасайды. Оларды әлдеқандай балықшылар байқап, аман қалуына көмектескен, қазір ауруханада емделіп жатыр. Ал қалған төрт адамнан хабар жоқ. Олардың арасында 1965 жылы туылған, өртке қарсы қызмет майоры, Приозерск қаласындағы №47 өрт қадағалау бөлімінің бастығы Н.Алханов, осы мекеменің көлік жүргізушісі, өртке қарсы қызмет прапорщигі, 1973 жылғы азамат Т.Қасымов және оның Ж.Жүкенов, Ж.Бекқұлин есімді екі серігі бар. ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, судан құтқарушылар қайықтан аударылған төрт адамды іздеуге сол күні-ақ дереу кірісті. Бірақ жоғалғандардың қарасы көзге шалынбады. Моторлы қайық та табылған жоқ. Әрі ауа райының қолайсыздығы кешкі 20.30-да іздестіру жұмыстарын тоқтатуға себеп болды. Алайда мамандар кеше таңғы сағат 7.30-да көлге қайта келіп, жұмысты жалғастырды. Оқиғадан біраз уақыт өтсе де, құтқарушылар әріптестерінің табылатынынан үміт үзіп отырған жоқ. «Олар суға кетпей, бір жағаға жүзіп шығып, адасып жүруі мүмкін» деген күмәнді болжам да бар.
P.S. Төтенше оқиғаның бізге беймәлім қалған тұстары көп. Мәселен, өрт сөндіруші мамандардың Балқашқа не себепті шыққаны әзірше хабарланбай отыр. Әрі кілең тәжірибелі қызметкерлердің ауа райындағы өзгеріс туралы алдын ала білмегені ойландырады. Судан құтқарушы мамандар да әріптестерінің сапарынан бейхабар болған.