Бұл туралы «Ең алғашқы» бағдарламасына айтылды.
«Тоқтар мен Мейрамбекке 1995 жылы бойдақ кездерінде өз қаражатымнан екі бөлмелі пәтер алып бердім. Бірақ Мейрамбектің атында болатын. Тоқтар соған өкпелеп жүр ме деп әлі күнге дейін күмәнданам. Мейрамбектің атына неге алып бересің, маған неге алып бермейсің деген ой ішкі дүниесінде маған реніш бар-ау деп ойлаймын. Бірақ білдіртпейді», - дейді Тоқтардың өнердегі әкесі Алтынбек Қоразбаев.
Ақ-қарасын бағдарлама студиясында Тоқтар Серіковтің өзі ажыратып берді. Бұл жайтты күле еске алған өнер иесі:
«Осы нәрсе ойымда жоқ екен. Сол үйде тұрғаныма қуанышты болдым. Бірақ ол үйді Мейрамбектің атына жазғаны рас. Кейін ол үйді сатқанда Мейрамбек ақшасын бөлмей, бермей кетті ғой (күледі). Алайда Алтынбек көкеміздің бізге бергені тек үй ғана емес, ол кісінің бергенін санасақ, шашымыз жетпейді. Көкемнің маған бергенін қалай қайтарсам деген уайыммен жүрмін, шынымды айтсам. Көкем олай уайымдамай-ақ қойсын. Бұрын халықтың арасында «сен Мейрамбектен көп кейін тұрасың, саған көп назар аудармайтын сияқты. Саған қарағанда, Мейрамбекке көп бүйрегі бұрып тұрады» деген күлңкіл өсектер болатын. Сонда мен шын мәнінде бір-ақ нәрсені түсінетінмін. Ол – оң жақ қанаты, мен – сол жақ қанатымын. Бір қанатпен бір құс ұшып бара жатыр дегенді естіген жоқпын», - деп жауап берді Тоқтар Серіков.