Тоқаев Қорғаныс министріне бірқатар тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президентке – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қорғаныс министрлігінің былтыр атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп беріліп, осы жылға арналған жоспары таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери дайындықтың жай-күйі, Қазақстан армиясының құрамы мен құрылымын жетілдіру, жүргізілген жедел және жауынгерлік әзірлік шаралары жөнінде ақпарат берілді.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов былтыр Арнайы операциялар күштері құрылғанын, десанттық-шабуылдау әскерінің әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты әскердің жауынгерлік әзірлік бағдарламасы қайта қаралды.
Мемлекет басшысына армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу, жастардың әскери борышын орындауға деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жөнінде қорғаныс ведомствосының қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берілді.
Қорғаныс министрі Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жабдықтау, аумақтық қорғаныс әскерін дамыту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және бітімгерлік мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде баяндады. Сондай-ақ пайдаланылмайтын әскери мүлік пен қару-жарақты жою шаралары туралы есеп берді.
Бұдан бөлек, Жоғарғы Бас қолбасшыға жауынгерлік әзірлікті шыңдау, кең ауқымды, соның ішінде халықаралық деңгейдегі әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қатысты биылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндалды.
Кездесу соңында Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ министрлікке еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру, мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқанын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.