Еліміздің көп бөлігінде жаңбырлы ауа райы келесі аптаның басына дейін созылады. Ауа температурасы төмендеп, күшті жел соғады. Оңтүстіктің таулы аймақтарында жауын-шашынның салдарынан сел жүреді.
«Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметін басшылыққа алған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, атмосфералық таралымдардың өтуіне байланысты алдағы тәуліктерде еліміздің көп бөлігінде тағы да найзағайлы жаңбыр жауып, күшті жел соғады. Батыс аймақтарда ғана күн ашық болады, бірақ қатты жел соғып, ауа температурасы төмендейді. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында да сынап бағанасы 15 градус жылыдан жоғарыламайды. Күшті жаңбырдың салдарынан Алматы мен Жамбыл облыстарындағы таулы аймақтарда су тасқыны болуы мүмкін. Қар көшкіні қаупі де сейілмейді. Мамандардың бұған дейінгі мәліметі бойынша, тұрақсыз ауа райы мамырдың 27-сіне дейін сақталады. Айта кетейік, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кеше түске дейінгі жауын кезінде қаланың жеке секторларында 10-нан астам үйдің ауласын су басқаны туралы хабар келіп түскен.
Толассыз жаңбыр сел қаупін күшейтіп отыр
Последние статьи автора