Тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылған құрылтай

Мансұр ХАМИТ (фото)

Тағдыр талайымен шартарапқа тарыдай шашылған қазақтардың Тәуелсіздіктен бергі кезекті IV құрылтайы кеше елорданың Тәуелсіздік сарайында өтті. Сонау 1992 жылы ұлт бірлігі ұранынан бастау алған Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайына әлемнің 35 мемлекетінен – 365 делегат, ел өңірлерінен 300-ден астам өкіл, зиялы қауым қатысты. IV құрылтайдың басты ерекшелігі оның Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылуында болса, тағы бір тартымды жаңалығы: алқалы жиынға шетелде өнген жас жеткіншектер кеңінен тартылған. Бұлар жалпы делегаттардың 60 пайызын құрап отыр.
IV құрылтайдың салтанатты жиыны Әнұранмен әуелеп ашылған соң, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
Төрткіл дүниедегі қазақты туған жер­дің төсінде қауыштырған құрылтай қаты­сушыларына шын ризашылығын білдір­ген Мемлекет басшысы қасиетті қазақ жеріне, жерұйық мекен – Астанаға келген мейман­дар­дың қадамдарына «құтты бол­сын» айт­ты. «Құрылтай тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылатыны бел­гілі. Ба­ба­ларымыз ел тағдыры таразыға түскен шақ­та, жаңа белеске қадам басар тұста құ­рылтай шақы­рып, кеңес құрған. Біз бү­гін сол игі дәстүрдің ізімен жиналып отыр­мыз. Тағдыр талайы­мен төрткіл дү­ниеге тарыдай шашылып кет­кен аға­йын­ның Атамекенде бас қосуы – бәрі­міз­ге зор қуаныш. Десек те, биылғы құ­рыл­та­йы­мыздың жөні бөлек, жолы ерек, ма­ңы­зы айрықша. Өйткені біз тәу етер Тә­уел­­сіздігіміздің 20 жылдығы тұсында жи­налып отырмыз. Сондықтан да бүгінгі құ­­рыл­тайдың елордадағы Қазақ елі мо­ну­менті жанындағы жаңа Тәуелсіздік са­ра­йын­да өтуінің зор мәні бар. Ендеше, өт­ке­німіз бен жеткенімізді байыптап алар сәт туып отыр, ағайын!» – деді IV құрыл­тай­­дың ма­ңыздылығына тоқталған Нұр­сұл­тан Әбіш­­ұлы. Елбасы салтанатты жиын­­ның ор­тақ ниет пен ортақ мақсаттан ту­ғанын, ал он­дай мақсаттың мәйегі – ел­діктің жайы, ел болудың қамы екендігін айт­ты. «Ер қо­ны­сынан айырылса, ел ыры­­сынан айы­рылады» дейді дана хал­қы­­мыз. Иен даланы ер­кін жайлаған ба­ба­ларымыз қашанда «ел» деген ұлы ұғым­ды құрандай қастерлеп, ұрандай ұс­танып келген.
Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен еш уақытта ел үміті үзілмеген», – дей келе, Президент Тәуелсіздікке қатысты ойларын да шегелей түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде жер жүзінде мыңдаған ұлт ғұмыр кешкенімен, тәуелсіз мемлекет құру солардың бәріне бұйырмағанын айтып, алып ғаламшардан туын тігер алақандай төбе таба алмай жүрген халықтар да бар екендігін еске салды. Ал ондай ұлттардың арасында саны жағынан қазақты сан орап кететіндер де аз емес. «Бақ бағалағанның басында тұрады» дейді. Сондықтан да біз басымызға қонған бақты ба­ға­лай білейік, ағайын! Аталарымыздың сан ға­сыр­лық аңсары болған Тәуелсіздікті көздің қара­шы­ғындай сақтап, оны нығайта беруіміз қажет. Біздің ар­ғы-бергі тарихымызда елдің еңсеріле көшуі де аз болмаған. Әуелі еске түсірсек, «қайран да ме­нің Еділім» деп ел айырылған зарлы көш өшпессіз із қалдырды. Ұлы дала Қаратаудың басынан құ­ла­ған қаралы көштің де куәсі болды. Одан бері де тағ­дыр талайымен шетел асқан шерлі көшті де бас­тан кешірдік. Ал тәуелсіз мемлекет құрып, жасампаз өмірге бет бұрған бүгінгі көштің жөні бөлек. Бұл ауған ел қайта оралған, айырылған ағайын қайта табысқан Ұлы көш болып саналады. Біз ғасырлар бойы замана дауылымен жөңкіле көшіп, ғасырлар тоғысында туған елдің төріне біржола табан тіредік», – деді Н.Назарбаев.
Бұдан кейінгі әңгіме Қазақ елінің Тәуелсіздіктен бергі жетістіктеріне арналды. Қазіргі Қазақстан экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәу­летті, елі сәулетті мемлекет ретінде ірге орнатты. Халықтың әл-ауқаты бойынша кешегі бір шек­пен­нен шыққан ТМД елдерінен оқ бойы озып, ха­лықаралық рейтингте жоғары орындарға да ие. Әйтсе де мұндай жетістікке Қазақ елі бірден қол жет­кізе қоймағаны анық. Бұл ретте Президент Н.На­зарбаев елдің жаһандық ауқымдағы үш дағ­дарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қа­дам басқанына, дағдарыс тұсында-ақ дамудың даңғыл жолына түскеніне ерекше тоқталды. 1994 жылы жан басындағы ішкі жалпы өнім 70 доллар болса, қазір мұның 9 мың долларға жеткені – соның айғағы.
Экономикалық қуаты қарқынды Қазақстанның мәдени-рухани өмірі де жаңғыру үстінде екендігі әмбеге аян. «Тәуелсіздіктің тірегі ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана тарих пен мәде­ниет арқылы қалыптасады. Осыған орай еліміздегі «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ламасы же­місті жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан ұлан-ғайыр қаржы бөлінген», – деді осыған орай Н.На­зарбаев. Аталған бағдарлама аясында бар­ды бағалап, жоқты түгендейтін көптеген іс ат­қа­рылды. Тәуелсіздіктен бергі ауыз толтырып ай­тар­лық және бір жетістік: Атамекенге ат басын бұрған Ұлы көшке де 20 жыл толып отыр. Осы бағытта сөз қозғаған Елбасы «елге ел қосылса – құт» деген ха­лық даналығын айта келе, көштің көрікті бол­ған­дығын, содан бері Ұлы көш бір сәтке то­лас­та­мағандығын жеткізді. Ат қазығын байлар Ата­ме­кенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жақын отбасы көшіп келген екен. «Осылайша, ел хал­қының саны 1 миллионнан артық қандасы­мы­з­бен толықты», – деді Н.Назарбаев.
Шеттегі бауырдың табанына кірген шөңге біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы қажет
Алқалы жиындағы ағайынға арнаған сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Атажұрттан жырақта тіршілік кешкен қандастарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындау бастамасын көтерді. Алдағы мақсат-міндеттерді бірлесіп белгілеуге шақырды. Осы мақсаттағы бір­неше ұсынысты да Елбасы өзі жариялады. «Ең алдымен, Парламентте «Халықтың көші-қоны ту­ралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа заң қандастарымыздың жағ­да­йын жақсартуға септігін тигізуі тиіс деп есеп­тей­мін. Ол шетелдегі отандастарымыздың құжат тап­сыруда, тіркеуге тұруда және азаматтық алуын­да кездесетін түрлі кедергілерді жоюы шарт», – деді Мемлекет басшысы. Дегенмен осы ретте Президент бір мәселені қаперде ұстау керектігін ескертті. Бұл – соңғы кездері 20 мың отбасына бел­гіленген квотаның толық орын­далмай отыр­ған­дығы. Әйтсе де туған елге табан тіреймін, кө­шіп келемін деушілерге Қазақстанның есігі ашық. Елбасы оралмандар мәселесін көтере келе, осы бағыттағы шара «Нұрлы көш» бағдар­ламасының екінші кезеңін жүзеге асырумен тікелей қабысуы тиістігін жеткізді. Бағдарламаның осы кезеңінде шетелден келуге ниетті қандастарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығы саласына ке­ңі­нен тартудың жолдары сараланып, қа­ралатын бо­лады. Ол үшін шеттен келген ма­ман­дарды қа­жет­тілікке байланысты орналас­ты­рып, қайта даяр­лау мен оқыту қамтамасыз етіледі. Яғни «Нұр­лы көштің» келесі кезеңі елдегі индус­трия­­­лан­­дыру жоспарымен тығыз байланысты бол­­мақ.
Әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенге оқуға, қазақ еліне қызмет етуге тарту керек
Елбасы назар аударған тағы бір мәселе шет жұртта жүріп жетілген ұлты қазақ жастарын Ата­ме­кенге тартуға қатысты болды. «Жастар – біздің бо­лашағымыз. Сондықтан әлемдегі барша қазақ жасының сапалы білім алуына тиісті жағдай жа­сауымыз қажет. Мұндай шара Қазақстанда нақ­ты жалғасын табады», – деді Президент. Бұл рет­те Мемлекет басшысы Білім және ғылым ми­нистрлігіне шетелдік қандастарымызға бө­лінетін грант­пен оқыту квотасын нақтылау туралы тап­сырма берді. «Қазір – білектің заманы емес, бі­лік­тің за­маны. Астанада әлемдік деңгейдегі ха­лық­­аралық университет ашылды. Бұл жоғары оқу орнында дүниежүзінің ең білікті мамандары мен ғалымдары дәріс оқиды. Сондықтан да әлем­нің әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенге оқу­ға және Қазақ еліне қызмет етуге шақырамын. Қа­­зақ­тың шетте жүрген жастары Отанына келіп, бі­лім алса, қызмет істесе, кейін туған-туыстарын, ата-ана­ларын да тартады деп ойлаймын. Бұл да аса қа­жет», – деді Елбасы. Сондай-ақ Президент ше­­­телдерде техникалық мамандықпен білім алып жат­қан қазақ жастарын да өз Отанына тарту қа­­жеттігін атап өтті. «Керек болса, оларға әлеу­меттік қолдау көрсетуді де енгізетін бола­мыз», – деді Нұр­сұлтан Әбішұлы.
Дүниежүзі қазақтарының байланысын нығайту үшін арнайы веб-портал ашылады
«Біз шеттегі қандастарымыздың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесуіміз қажет. Бұл ретте Байланыс және ақпарат минис­тр­лігі CaspioNet арнасы хабарларының қазақтар тұ­ратын елдерге таратылуын қамтамасыз етуі шарт. Бұл ретте біздің ұлттық дәстүріміз бен та­ри­хымыз туралы хабарларды арттыру жолдарын қа­растыруды тапсырамын. Бұған қоса министрлік дү­ниежүзі қазақтарының байланысты ны­ғай­та тү­суі үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн», – деді Президент.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтар тұрып жатқан шетелдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуға жағдай жасау керектігіне назар аударды. Қазақтықтың қаймағы бұзылмаған көрші ел­дер­де ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақтал­ғанына тоқталған Елбасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне арнайы экспедициялар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды жүктеді.
Кіші Құрылтайларға «Самұрық-Қазына» қоры қолдау жасайды
Президент көтерген және бір мәселе шетелде өткізіліп келген Кіші құрылтайларға қатысты бол­ды. Өз сөзінде мұндай шараның маңыздылығын айт­қан Елбасы шетелдердегі Кіші құрылтайдың өт­кізілуін құптайтынын білдірді. Ал алдағы уа­қыт­та Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­­кес, мұндай құрылтайларға «Самұрық-Қа­зына» ұлт­тық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін бо­лады. «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қас­терлі құбыласы. Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы. Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, біртұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмыт­пауымыз керек. Қазақтың абыройын асыртқан, ме­рейін та­сытқан – ел Тәуелсіздігі. Сондықтан біздің ба­сы­мыз­ға бақ болып қонған Тәуелсіздіктен асқан еш­қандай құндылық жоқ. Ендеше, Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына тұспа-тұс келіп, ақ түйенің қарны жарылған бұл той біздің ұлан-асыр ұлы тойымыз болып табылады. Той тарқамасын, ел аман, жұрт тыныш болсын! Алаштың айбыны, бар қазақтың ортақ Отаны – Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасасын!»  – деп аяқтады өз сөзін Елбасы.
Салтанатты жиынның соңына таман құрылтай қатысушылары ҚР Президенті Н.Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрал­қа­сының Төрағасы етіп қайта сайлады. Бұған дейін бірінші орынбасарлық қызметті атқарып келген Талғат Мамашев мырза да өз орнына қайта отыр­ды. Жиын соңынан қауымдастық Төралқасы Төр­аға­сының қайта сайланған тағы бір орынбасары Сұл­танәлі Балғабаев Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайының Үндеуін оқып, ол қабылданды. IV құрылтайдың салтанатты ашылуы осындай игі бастамалармен тамам болды. Алайда үш күнге белгіленген жиын әлі де жалғасын табады. Айта кетейік, алыстан ағайынның ыстық ықыласын арқалап жеткен делегаттар арасында Чехияның экс-министрі Жәмила Стехликова, Чувашияның экс-министрі Гүлмира Әкімова, Моңғолияның оқу-ғылым және мәдениет министрінің орын­басары Чоной Күләнда, Ресейдің Түмен мем­ле­кеттік думасы іс басқармасы бастығының орын­басары Кенесары Қойше және басқалары бар. Ал шетелден келетін 50 ғалым және 12 академиктің ішінде аса көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмаханов­тың қызы, мәскеулік профессор Нәйла Ермұхан­қызы Бекмаханова, қазақтан шыққан тұңғыш те­міржол инженері, Алашорда көсемдерінің бірі Мұ­хамеджан Тынышпаевтың ұлы мен немересі академик және техника ғылымының доктор­лары Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулет­ұлы бар.

Құрылтайға келген қазақтардың қалауы не?
Әбубәкір ЗЕҢГІР, Амстердамнан келген жас делегат:
– Бізде тіл мәселесі өте ауыр. Сондықтан елшіліктер тіл үйрететін орталықтар ашу мүм­кіндіктерін қарастырса дейміз. Мен қазақшаны сол жаққа Қазақстаннан барған сту­денттермен араласып жүріп, өзім үйреніп алдым. Ал біздің қалада 45 отбасы, 150-дей жан бар. Өсіп-өніп, көбейіп жатыр. Соларға тіл үйрену мәселесі қиын. Екін­шіден, Қазақстанның жаңалықтарын, әдебиетін оқи алмаймыз. Қазақша өзім үй­ре­ніп алғаныммен, кириллицамен оқу маған ғана емес, түгел Еуропадағы қа­зақ­тар­ға өте қиын. Осы ретте Қазақстан латын әліпбиіне көшіп жатса, қатты қуа­нар едік. Мы­­салы, өзім Қазақстанның жаңалықтарын латынмен тарататын кейбір сайт­тардан оқып жүрмін. Ал Қазақстанға басқа айтар өтініш жоқ, алғыс айтпасақ.

Хадисхан ӘБДІЛҰЛЫ, Моңғолиядан:
– Қазақстан Тәуелсіздігін алып, Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өт­кіз­геннен бергі мына IV құрылтайға дейін сырттағы бауыр жұрттың Отанға оралуына бай­ланысты талай мәселе шешілді. Менің айтар ендігі бір тілегім, Моңғолиядан ке­летін қазақтар Қазақстанға қоныстанып, орныққан соң, өз мамандықтары бо­йын­ша жұмысқа орналасып кетуіне жағдай жасалса екен.

Нұрғайша БАРИНОВА, Ресейдің Алтай өлкесі Құлынды ауданындағы қазақ мектебінің (Ресейдегі жалғыз таза қазақ мектебі) директоры:
– Бүгін осындай торқалы жиында ата-бабамыз аманаттап кеткен ана тіліміз бен дәстүрімізден айырылып қалмау мәселесін осындағы және сырттағы қа­зақтар – өзіміз де үнемі ойлап отыруымыз керек. Сол мекендеп жатқан ел­дердің құқықтық-заңнама базасын пайдаланып, қазақ мектебін, қазақ ба­ла­бақшасын ашу арқылы болмысымызды сақтау мәселесін мүмкіндігінше пай­далануға бо­ла­ды деп ойлаймын. Дегенмен отандастарыма біздің 80 үй тұ­ратын ауы­лымызда ғана емес, 80 мың, 100 мыңнан аса қазақ тұратын Ре­сей­дің көп­­теген облысында қазақ мектептерін ашу міндетті деп ойлаймын. Оның уа­қыты әлдеқашан жетті. Біздің арқа тірер рухани байлығымыз, қорғанымыз – Қа­зақстан 20 жылда қаншама жетістікке жеткенде, анау алыстағыларды айт­паймын, шекаралас отырған мына бізде, миллионнан аса қазағы бар Ресейде бір-екі ғана қазақ мектебі бар деп айтып тұру – маған ұят. Ал ондай мектептерді ашу үшін оған біздің ниетіміз ғана емес, екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің оқу министрлері кездесіп, өзара тиімді, екі елге де пайдалы келісімдер жасаса деймін. Мұндай келісім жасау керектігі талай жерде айтылды, бірақ әлі жасалған жоқ. Сол себепті бүгінде Ресейде бар бір-екі мектептің өзі жабылудың аз-ақ алдында тұр.

Тойжан ақсақал, Ираннан:
– Бізге қиын болып тұрған бір проблема: біз парсы тілінде оқимыз, мектептеріміз де парсыша. Жазуымыз да – Құран хаты. Ал Қазақстанда: кирилше жазу, Еуропада – латын. Менің тілегім – осындай үлкен жиындарда осы мәселе көтеріліп, Қазақстанда 1000-2000 адам оқи алатындай мектеп ашылса. Жазғы үш айлық демалыста Ираннан, Ауғаннан, Мысырдан, Қытайдан жастарымызды жинап алып, жазу үйретсе, жақсы болар еді. Сонда біздің балалар да Қазақстанның кітаптарын оқып, ана тілімізбен тіке байланыс орнатып, ұмытпасқа мүмкіндік туар еді. Өзімізде ашуға мүмкіндік жоқ. Заң бойынша рұқсат берілмейді. Сондықтан Қазақстан Үкіметі осындай үш айлық оқу мектебін ашса, біз балаларымызды өзіміз жіберер едік. Бір елден тым құрыса бес баладан барса, соның өзі басқаларға үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Әбдуақап ҚАРА, Түркиядан:
– Тәуелсіздіктің алдында шеттегі қазақтар жетімсіреп жүрген еді. Ал Тәуелсіздік өлген әкені тірілткендей болды. Мұ­нымен қоймай, 20 жылда шеттегі қазақтың еңсесі кө­те­­ріліп отыр. Бұрын қазақтың кім екендігін білмейтін жұрт­қа сол жақтағы қандас, бауырластар Қазақстанды мақ­тан ететін дәрежеге жетті. Президенттің беделі де өте жоғары. Тү­ріктер Н.Назарбаевты тек Қазақстан бас­шы­сы деп емес, бү­кіл түркі дүниесінің президенті деп сый­лай­тын дәрежеге жет­ті. Ал мына құрылтайдан күтеріміз көп. Өйткені бұған де­йінгі басқосулар Қазақстан жа­ңадан аяқтан тұрып келе жат­­қан кезеңде өткізілсе, Тә­уел­сіздік кәмелетке толып, күш-қуаты тасыған тұстағы жиы­н алыстағы ағайынды бір сер­пілтетіні айқын. IV құ­рылтайда, Елбасы Н.На­зар­баев айт­қан­дай, бұдан кейінгі ғұ­мы­рымызда бүкіл қазақ хал­қының мақ­саты – біреу ғана, ол – Тәуелсіздікті баянды ету. Бұл үшін бү­кіл күшімізді сарп етуіміз керек. Елдің ішіндегі ға­на емес, сыр­тындағы жұртшылық та осы бағытта жұмыла жұ­мыс іс­те­се ғана Тәуелсіздік баянды болады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста