25 маусым күні 19 сағат 41 минутта Алматы облысының Текелі қаласында тағы жер тербелістері сезілді. «Тербеліс күші MSK-64 бағаны бойынша 2-3 балды құраған» деп Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі хабарлап отыр.
Сондай-ақ аталмыш министрліктің мәліметінше, жер сілкінісінен құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Бұл жолғы К-8,8 энергетикалық класына жататын жер сілкінісі эпицентрінің координаты 44 градус 42 минут солтүстік ендік пен 78 градус 49 минут шығыс бойлықтағы Алматының шығысында 235 шақырым қашықтықта орналасқан.
Естеріңізде болса, бұл ауданда жерасты дүмпулері бұған дейін де бірнеше рет тіркелген еді. Алғаш 14 маусым күнгі күші 6-7 балға тең болған зілзаладан 200-ден астам нысанға сызат түскен болса, одан кейін 18 маусым күнгі 3 балдық жерасты дүмпуі айтарлықтай зиян келтірмеген. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Сейсмология институты мамандары: «2009 жылдың 25 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Алматының болжау полигоны аумағында шектелген координаттар бойынша 42 градус 30 минут — 44 градус 00 минут солтүстік ендік пен 75градус 00 минут — 80 градус 00 минут шығыс бойлықта күші Рихтер бағаны бойынша 5,5 балдан асатын жер сілкінісі болмайды», — деп хабарлап отыр.
Ал осы мәселе бойынша газетімізге түсініктеме берген Сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов: «Қазіргі таңда жер сілкінісінің алдын алу шараларымен кеңінен айналысып жатырмыз», — деп жауап берді.
Бір айда бірнеше рет жер сілкінісі тіркелген Текелі қаласында зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетілуде. Сондай-ақ облыс басшылары аудан тұрғындарына жәрдем берем деушілерге арнайы есепшот ашқан.
Текеліде тербеліс тоқтамай тұр
Последние статьи автора