Жеңіл өнеркәсіп саласында сатып алу кезінде Самұрық-Қазына тобы компанияларының сатып алуларына талдау жүргізілді. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің хабарлауынша, талдау кезінде бұзушылықтардың көптеген белгілері анықталған. Бұл туралы комитеттің алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Самұрық-Қазына тобы компанияларының сатып алулары кезінде тауарлардың сертификаттарының сәйкессіздігінеқатысты бұзушылықтар анықталған. Қазір материалдар Үкіметке жіберілгені мәлім болды.
Отырысқа қатысушылар бұдан бөлек, техникалық реттеу және метрология, стандарттау, мемлекеттік бақылау, сәйкестікті бағалау және аккредиттеу, саланы цифрландыру секілді мәселелерді талқылады.
Өткен жылдың ақпан айындағы геосаяси оқиғаларға байланысты мемлекеттер арасындағы жеткізу тізбегі өзгерді. Негізгі шешімдер жедел қабылданды. ЕАЭО техрегламенттеріне бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде 21 өзгеріс енгізілді, оның 6-ы Қазақстанның бастамасымен. Бұл жеткізілімнің тұрақтылығы үшін және өнеркәсіп пен тауарлардың қол жетімділігін тоқтатпау үшін қажет болды. ЕЭК деңгейінде ЕАЭО ортақ нарығында қазақста ндық бизнес үшін кедергілерді азайтуға бағытталған Қазақстан Республикасының бастамалары қолдау тапты.
«Мәселен, электр құрылғыларының энергия тиімділігі туралы ТР-тың күшіне ену мерзімі ұзартылды, бұл тұрмыстық техниканың бағасын айтарлықтай арттыруы мүмкін еді. Қазақстандық жүк вагондарын жөндеуге арналған мойынтіректерді сертификаттауды тану қамтамасыз етілді, локомотивтердің құрамындағы бөлшектерді сертификаттау мәселелері шешілді», - деді Комитет төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Бұл ретте өткен жылы барлық бақылаушы органдардың, салалық бірлестіктердің ішінен ішкі нарықты қорғау жөніндегі ахуалдық штаб құрылды. Жұмыс саудадағы техникалық кедергілерді жедел анықтауға бағытталған.
Шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді.
«Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады.Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте комитет «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын іске қосудың 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында «Қазақстанда жасалған» белгісімен тауарларды ерікті сертификаттау жүйесінің үлгісі әзірленгенін мәлімдеді. Бұл отандық өнімдер мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жоба.
Бұдан бөлек, «Метрология» бағыты бойынша мемлекеттік реттеуге қатысты өлшемдердің салалық тізбелерін нақтылау бойынша жұмыстар аяқталуда. Бүгінде бұл бағытта 13 ұлттық стандарт жаңартылды, зертханалар 10 жаңа калибрлеу мүмкіндігімен қамтамасыз етілді, Қазақстанның 3 өлшем әлеуеті халықаралық деректер базасына енгізілді.
«Физика-химиялық өлшемдердің мемлекеттік стандарттарын жаңғырту нәтижелері бойынша 2023 жылы мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс өнеркәсібі және т.б. салаларда еңбек жағдайларының қауіпсіздігін бақылауда қолданылатын анықтамалық материалдардың өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл шетелдік өндірістің анықтамалық материалдарын импорттаудан бас тартуға және отандық кәсіпорындардың 120 миллион теңгеге шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді Қуаныш Елікбаев.
Цифрландыру саласында «e-ТРМК» техникалық реттеудің мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылып, оған 800-ге жуық ұйым тіркелгені белгілі болды.
Былтыр алғаш рет экспортқа шығарылатын халал өнімдерін сертификаттау органы аккредиттелген еді. Ендігі кезекте осы жылы комитет халықаралық стандарттауға қатысуды жандандыруды қолға алмақ. Нақтырақ айтқанда, ISO кеңесіне қосылу, ISO мүшелігін толық құқыққа дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Сауда комитетінің құрылуына байланысты штаттың екі есе қысқаруына қарамастан, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп айыппұл салынды. 2022 жылы комитеттің аумақтық департаменттерімен бірлесіп, мемлекеттік бақылаумен қамтылған жалпы 2 156 тексеріс шарасы ұйымдастырылды. Қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жоюға 163 ұйғарым берілді.
«Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізілді, 98 аккредиттеу субъектісі тексеруге жатқызылды, оның ішінде 77 субъектіде бұзушылықтар анықталды, бұл бұзушылықтардың 79%-ын құрады. Жол берілген бұзушылықтар үшін 7 аккредиттеу аттестатының әрекеті 6 айға тоқтатылды. Және адм. істер мен 4 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді», - деді төраға.
Сондай-ақ, Техникалық реттеу және метрология комитетінің алаңында Сараптамалық кеңес құрылды, оның құрамына салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері кірді. Сараптамалық кеңес түйткілді мәселелер бойынша 7 отырыс өткізіп, 150-ге жуық ұсынысты қарап шықты.
Стандарттау бөлігінде 2022 жылы 340 стандарт бекітілді, оның 200-ден астамы ұлттық және 70-тен астамы мемлекетаралық стандарттар. Экономиканың 7 секторы стандартталып, экономиканың сезімтал салаларында ұлттық стандарттарды әзірлеуге ерекше көңіл бөлінді. Олардың қатарында электроскутерлер, халал өнімдер, құрамында никотин бар өнімдер және т.б. бар.
«Алғаш рет ғылыми және тәжірибелік зерттеулерге негізінде 19 ұлттық стандарттар жасалды. 2022 жылы өз бастамасымен, өз қаражаты есебінен 20 бизнес стандарты әзірленді. Стандарттарды әзірлеу процестерін жетілдіру мақсатында стандарттарды әзірлеу құнын есептеу тәсілдері қайта қаралды, «іргелі стандарт» тұжырымдамасы қайта қаралды, салалық сарапшылар шеңберінің біліктілік критерийлері анықталды, қызмет бағыттары белгіленді. Уәкілетті органның ғылыми-техникалық комиссиясының жұмысы қалпына келтірілді», - деді төраға.
Сондай-ақ 77 сынақ зертханасы жаңғыртылып, 10 қазақстандық зертхана ЕАЭО Бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жаңа заң жобасының тұжырымдамасында өнім міндетті ұлттық стандарттарға сәйкес келеді деп есептейтін ұлттық міндетті сертификаттауды қайтару ұсынылып отыр.
Зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын 1 397 субъектіге қатысты барусыз профилактикалық бақылау жүргізіліп, оның ішінде 1 059 жағдайда бұзушылықтар анықталды, бұл бұзушылықтардың 76%-ын құрайды.
Алқаны қорытындылаған Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев мемлекеттік инспекторлардың біліктілігін арттырып, талапқа сай келмейтін тауарларды іріктеу және алу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Айжан Жанатқызы